Таразда сәуір айынан қазанға дейін жылу құбырларын ауыстыруға байланысты көлік қозғалысы қиындайды
- авторМағжан Орынбасар
- 28 ақпан, 2024
- 2.6k
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл биыл Тараздағы М-1 жылу желісі жаңғыратынын айтты. Осылайша, қаладағы тозған жылу желірінің үлесі 67 пайыздан 59 пайызға дейін түседі, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Қайрат Исмайылдың сөзінше, жылына 5-6 рет жарылатын жылу құбырлары қыста жұртты жылусыз қалдырып, құбырды жөндеу үшін әр жерден қазылған жол көлік жүргізушілерінің жүйкесін тоздырған.
"Ыстық суды берер кезде бір қазамыз, ал, оны тексергенде үнемі қазылады. Жылда жарылады. Сөйтіп қолданыстағы жолды қаза бергендіктен жол жүру қиындайды. Бұл әрине жол қозғалысына әсер етіп жатыр. Жылу жүйесінің тоқтауына әсер етеді. Оның үстіне құбырлардың кепілдік беретін 25 жыл мерзімі өтіп кеткен. Жалпы, тозған",- дейді қала әкімінің орынбасары
Әкімдік өкілінің айтуынша, биыл жаңғырту жұмыстары жүргізілетін М-1 жылу желісінің 6 шақырымнан аса құбырын ауыстыруға 10 млрд 800 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейінгі аралықтағы жылу желісі кеңейді. Бұл жылу айналымын жақсартады дейді Қайрат Исмайыл. Аталған жұмыстарды атқару үшін «Сарыағаш-Аман» ЖШС компаниясымен 9 млрд теңгеге келісім жасалған.
Бұл «Сарыағаш-Аман» деген Шымкент қаласында ұзық жылдар бойы жылу, су желілерін жөндеген ірі компания екен. Біз рейтингтік балды жүйе бойынша заң аясында конкурс жариялағанбыз. Соның қорытындысы бойынша шымкенттік компания ұтып алып отыр. Құбырды алатын жерін, жұмыс жоспарын толық пысықтап келді,-деді Қайрат Исмайыл
Қала әкімі орынбасарының сөзіне сүйенсек, жылу құбырлары жылу беру маусымы аяқталғанда 15 сәуір күннен бастап жөнделеді. Сметалық норматив бойынша мердігер 9 жарым ай уақыт ішінде жұмысты аяқтау керек болса, әкімдік бұл уақытты 5 айға қысқартқан.
"5 ай бойы жүйеде ыстық су болмауы керек. Сондай-ақ жер қазылады. Сондықтан, осы жұмыстар 15 сәуірден басталатын болса, біз қазан айы түспей, 15 қыркүйекте аяқтауды ұсынып отырмыз. 5 ай беретін себебіміз, біз сол аралықта жүйенің жұмыстарын аяқтауымыз керек. Жыл беруге дайындалуымыз керек. Сондықтан біз бұл жұмыстарды қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз",- деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары
Жаңартылатын құбырлар Ресейде жасалған деді Қайрат Исмайыл. Сонымен қатар, ол Астана, Павлодар, Қарағанды жерінде пенополиуретанмен қапталады екен. Осылайша қалада өткен ғасырда салынған құбырлардың кепіл беретін уақыты 25 жыл болса, бұл жылу жүйесі 40 жыл шыдауы керек, дейді шенеунік. Ал, «Таразтрансэнерго» мекемесі директорының міндетін атқарушы Арман Бектібаевтың айтуынша, қаланы жылумен қамтитын кәсіпорын 208 шақырым жылу желілерін, оның ішінде 49 шақырым магистральдық және 159 шақырым ішкі кварталдық жылу желілерін пайдаланады. Оның сөзінше, 2024-2029 жылдарға арналған жоспар жасалған. Сол жоспардың арқасында 39 шақырым жылу құбыры жөнделіп, жалпы жылу желісінің тозу көрсеткіші 50 пайызға түседі. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл өзге қалалармен салыстырғанда үздік көрсеткіш.
"Қаладағы құбырларды 100 пайыз жаңартып бітіру мүмкін емес. Егер баланста 200 шақырым құбыр болып, оның 50 пайызы жаңартылса бұл үлкен көрсеткіш. Өйткені мұнша аумақты 1 жылда ауыстырып қоюға мүмкіндік жоқ. Бір жағын жасап бітсең, екінші жағына 20 жыл болады. Оның үстіне есеппен алғанда жылына тозу көрсеткішіне 4 пайыз қосылып тұрады. Өзге қалалармен салыстырғанда қазіргі көрсеткіш жақсы десек болады",- деді Арман Бектібаев
«Таразтрансэнерго» мекемесі директорының міндетін атқарушы берген ақпаратқа сүйенсек, келер жылы қаладағы м-3 магистралі жаңғыртылады. Бұған қаралатын қаржы 2 млрд теңгеден асады. Жалпы кәсіпорынның бүгінгі күні жылу құбырларын жаңарту бойынша 11 жобасы әзір. Ендігі қаржыландыру мәселесі жыл сайын шешіліп тұрса, алдағы 5 жыл ішінде құбырларды жаңалау жұмыстары жанданады. Әйтпегенде жыл сайын жылу жүйелері бойынша апаттар да жиілеген.
"Өткен жылы жылу желілерінде 8 апат болды. Көбіне м-1,м-3,м-6 жылу желілерінде апат болып жатады. Бұл енді көбінесе жылыту маусымына дайындық кезінде құбырларды сығымдау жұмысы жүргізілгенде орын алады",-дейді «Таразтрансэнерго» мекемесі директорының міндетін атқарушы
Анықтама үшін: Жалпы құбыр ауыстыру жұмысы Сыпатай батыр көшесіндегі жылу электр орталығынан басталып, жол жиегіндегі тротуарлар арқылы Гранд базарға дейін жалғасады. Мұнан кейін Төле би көшесінде «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніне дейін жаяу жүргіншілер жолы арқылы жүріп, бірқатар тұрғын үйлер алдынан өтеді. Бұдан соң «Достық» үйінің алдынан «Март» сауда орталығы арқылы Төле би көшесіндегі жолдың оң жақ бетінде Айтиев көшесіне дейін жалғасқан құбыр ауыстыру жұмыстары жолдың сол жақ бетінде жалғасады. Мұнан соң қазу жұмыстары Жамбыл даңғылына дейін жолдың келесі бетінде жүргізіледі. Содан кейін Қ. Тұрысов көшесіне дейін тротуарлар арқылы қазу жұмыстары жалғасады. Бұдан соң Жансүгіров көшесінде жол үсті қазылады. Жалпы қазу жұмыстары кезінде Төле би көшесінің белгілі бір бөліктері уақытша жабылады. «Таразтрансэнерго» мекемесі директорының міндетін атқарушы Арман Бектібаевтың айтуынша, қазір қала әкімдігі полиция департаментімен бірлесе балама жолдар арқылы жол қозғалысын оңтайландыруды қолға алып жатыр.