жұма, 17 мамыр, 2024 10:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

Ауыл халқының денсаулығы: Бектенов үкіметте ұлттық жобаны сынап тастады

Ауыл халқының денсаулығы: Бектенов үкіметте ұлттық жобаны сынап тастады
Сурет ашық дереккөзден алынды
Былтыр ауылдарда құрылысы жоспарланған 309 медициналық нысанның 92-сі ғана тапсырылған

Премьер-министр Олжас Бектенов «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асыру барысын сынады, деп хабарлайды jambylinfo.kz. Оның айтуынша, ұлттық жобаны жүзеге асыру жұмыстары тиімсіз жүріп жтыр. Бұл мәселе үкіметте бірнеше рет қаралған, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ. 


«Өздеріңізге мәлім, былтыр 309 объектіні салу жоспарланған болатын. Алайда жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті. Сондықтан ауылдарда медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері бұзылды», дейді Бектенов үкімет отырысында. 


Оның айтуынша, мұның бәрі жоспарлардың өзгеруіне әкеп соқты. Соның салдарынан өткен жылы тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған. 


«Бірақ оның өзіне қол жеткізілген жоқ. Әлі күнге дейін 7 объект аяқталмады. Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды», дейді премьер-министр.


Қазір 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, алайда оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалған. «Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр. Ал, құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді», деді үкімет басшысы. 


Бұдан бөлек, Бектеновтің айтуынша, көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады. Министрлік олардың есеп-қисабын әлі күнге дейін жүргізбеген. 


Бектенов медициналық ұйымдарды жиһаздармен және құрылыс материалдарымен жабдықтау кезінде отандық өндірушілерді белсенді түрде тарту қажет деп санайды. 


«Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдары отандық тауарлар мен қызметтерді кеңінен сатып алып, өзіміздің қазақстандық тауар өндірушілерге, оның ішінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге тиіс. Қор басшылығының назарын, бірінші кезекте осыған аударғым келеді», деді ол. 


Премьер «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаны жүзеге асыру сапасын жақсарту үшін жұмыс қарқынын барынша күшейтуді тапсырды. 


«Жұмыстар баяу жүріп жатқандықтан, бұл мәселені жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қайта қараймыз», деп мәлімдеді Бектенов. 
Премьер-министр мерзімдер бұзылатын болса, жауапты тұлғаларға шара қолданылатынын ескертті.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар