жұма, 22 қараша, 2024 10:59

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

2024 жылы Жамбыл облысында 9 су қоймасын жөндеуге 39,7 миллион теңге қарастырылған

2024 жылы Жамбыл облысында 9 су қоймасын жөндеуге 39,7 миллион теңге қарастырылған
Коллаж: Ернар Балғабай
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Ербол Қарашөкеев өңірдегі өзен-көлдердің маңында орналасқан елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндет екенін атап өтті. Аппарат жиынында бірінші болып баяндама жасаған облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Руслан Орынбеков наурыз айында аймақтағы орташа ауа температурасы 1ОС жоғары болады деген болжам айтты. Орынбеков атап өткендей, ақпан айында облыс әкімінің өкіміне сәйкес,аумақтық азаматтық қорғау жүйесі жоғары дайындық режиміне ауысқан.

«Көктемде жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деген болжам бар. Облыс аумағында 1 459 адам, 364 бірлік техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралдарынан тұратын күштер мен құралдар топтамасы қалыптасып, 396 қабылдау пункті, 32 шатыр, 890 төсек және 460 кереует дайындалды. Тамақтануға және арнайы техниканы тартуға 58 келісімшарттар жасалды», - деп хабарлады Орынбеков.

Бұдан өзге, су тасқынының алдын алу үшін «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу  өткізу барысында 364,7 шақырым канал мен арық, автомобиль және темір жолдардың астындағы 172 су өткізу құрылыстары тазартылған. Жалпы облысы бойынша барлығы 1739 шақырым канал, 1794 шақырым арық, 428 шақырым дренаж жүйесі, 946 су өткізгіш құрылыстар тазартылып, елді мекендердің айналасына үйінді төгілген.

«Арнайы комиссияның тексеру қорытындысына сай 29 гидротехникалық құрылыс жөндеуді талап етеді, оның ішінде алтауына күрделі жөндеу қажет. Бұдан басқа, облыс аумағында қауіпті 12 гидротехникалық құрылым бар, олар бұзылған жағдайда 18 елді мекенді су басу қаупі бар. Аталған нысандарда жергілікті құлақтандыру жүйесі жоқ екенін атап өту қажет»,– деді Руслан Орынбеков.

Оның сөзін бөлген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев халықты қауіптен құлақтандыратын жүйелер жөнінде сұрады. Руслан Орынбековтың айтуынша, аймақтағы елді мекендерде 119 құлақтандыру жүйесі орналасқан. Алайда, облыс бойынша мұндай 573 жергілікті құлақтандыру жүйесі қажет екен. Яғни аймаққа әлі де жүздеген құлақтандыру құрылғысын орнату керек.

Аппарат жиынында сөз алған табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың айтуынша, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, құлақтандыру қондырғысын орнату тек елді мекен тұрғындарына хабарлама тарату үшін қажет екендігі анықталған.

«Аталған су айдындары елді мекеннен қашық орналасқан және инфрақұрылымның болмауына байланысты,  құлақтандыру жүйесін тікелей су айдындарында  орнатудың қажеттілігі жоқ деп табылған. Ал, су деңгейінің көтерілуіне байланысты, қазір су қоймаларының техникалық жағдайы мен келіп-кетіп жатқан судың мөлшері мекеме қызметкерлерімен қатаң түрде қадағаланып отыр. 2024 жылға 9 су қойманы ағымдағы жөндеуге 39,7 миллион теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде, қорытындылары наурыз айында айқындалатын болады»,– деді Олжас Баққараев.

Осы ретте, Ербол Қарашөкеев жаңадан салынатын 6 кіші, 3 ірі су қоймасының құрылысын жоспарлау барысында қажетті құрыл-жабдықтарды қалыс қалдырмай, қамту керектігін ескертті.

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар