Қазақ шахматшылары рапидтен өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алты алтын жеңіп алды
- авторБақытжан Бекболат
- 16 сәуір, 2025
- 104

Бұл нәтижемен Қазақстан бейресми командалық есепте бірінші орынға ие болды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әлем чемпиондары атанған спортшылардың қатарында 8 жасқа дейінгі ұлдар арасында жеңіске жеткен Адинур Әділбек бар. Сондай-ақ, 8 жасқа дейінгі қыздар санатында Алиша Бисалиева барлық 11 партияда жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді. 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында Амиржан Анетов чемпион атанды. 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Аяру Алтынбек жеңіске жетсе, 16 жасқа дейінгі қыздар арасында Елназ Қалиахмет топ жарды. Ал 18 жасқа дейінгі ұлдар санатында Ерғали Сүлеймен үздік нәтиже көрсетті.
Ал, қола медальды 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Жансая Шолпанбек жеңіп алды.
Барлық жеңімпаздар 11 турдан тұратын швейцар жүйесі бойынша анықталды. Турнирге 49 елден келген 433 шахматшы қатысты. Қатысушылар жынысы мен жасы бойынша (8 бен 18 жас аралығы) топтарға бөлінді. Қазақстан атынан 22 спортшы бақ сынады. Алдын ала фаворит ретінде тек Адинур Әділбек пен Аяру Алтынбек аталғанымен, біздің құрама бар күткеннен де асып түсіп, керемет нәтиже көрсетті.
Блиц (уақыты: 5+3) бойынша жарыс 17 сәуірде аяқталады. Бұл бөлімде де 11 тур жоспарланған.