Бауыржан Тұрысбек есінен танып қалған футболшының өміріне араша түсті
- авторjambylinfo.kz
- 9 қараша, 2020
- 202
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек «Оқжетпес» ойыншысы Дарко Зоричтің өмірін аман сақтап қалды. Оқиға Қазақстан чемпионатының 16-турындағы «Тараз» және «Оқжетпес» матчы кезінде болды.
– Бауыржан, «Оқжетпес» футболшысының есінен танып қалғанын қалай білдіңіз? Оқиғаның жай-жапсарын айтып беріңізші.
– Көкшетаулық футболшылар біздің қақпаға айып добын орындаған еді. Допқа талас кезінде Дарко Зорич пен Валерий Каршакевичтің бір-бірін соқтығысқанын көрдім. Бастапқыда жай ғана ойын сәті деп ойлағанмын. Кенет, черногориялық жартылай қорғаушы Зоричтің тұншығып бара жатқанын байқадым. Жақындап келсем, буыны тартылып, тілін жұтқандай көрінді. Дарконың дәл жанында тұрғанмын, ойланбастан қасына жетіп келдім.
– Мұндай сәттерде алғашқы медициналық көмек көрсету қажет. Қандай шешім қабылдадыңыз?
– Бокс тілімен айтсақ, Зорич «терең нокаутқа» түсті ғой. Ол сәл болмағанда тілін тістеп тастар еді. Бір қырына жатқызып, жағын ашып, тілін ұстап тұрдым. Сол сәтте есін жиып, демала бастады. Дәрігерлер де жағдайды бірден бағамдап, ойыншыға көмектесті. Дарконың есін жиғанын байқаған соң, қолымды шығарып алып, ары қарай ойынға кірісіп кеттім.
– Қазір Дарко Зоричтің жағдайы қалай? Сөйлескен шығарсыз?
– Әрине, жағдайын біліп, амандық сұрастым. Қанша жерден қарсылас болғанымызбен, кімге болса да, жамандық тілемейсің. Жеңіс үшін талас жүргіземіз, бірақ, ойыннан соң адамдықты сақтау бір бөлек. Спортшы өлім мен өмір арасында жатқанда бәсеке туралы ұмытасың, оған көмек көрсету бірінші жоспарға шығады. Дарконың өмірін сақтап қалғаныма қуаныштымын. Оның жақсы спортшы, адал дос екеніне күмәнім жоқ.
– Спорт болған соң қиындығы мен қайғысы қатар жүретіні белгілі. Дәл осындай жағдай бұған дейін де кездесті ме?
– Бір-екі оқиға есте қалыпты. Біріншісі мен футболшы мансабымды бастаған сәтте болды. Ол кезде «Сұңқар» клубында ойнайтынмын. Ішкі біріншіліктің бір кездесуі өтіп жатты. Әріптесіміз Евгений Нохрин ойын үстінде басынан ауыр соққы алып, есінен танып қалды. Қас-қағым сәтте Айдос есімді қақпашымен бірге оған көмектесе бастадық. Қайдан екенін білмеймін, Айдос асхана қасығын тауып алып, соққы алған жігіттің тілін басып тұрды. Оны бір жақ қырына жатқызып, дәрігерлер келгенше көмектесе алдық. Сондан кейін де осындай оқиға қайталанды. Шамамыз келгенше, қиналған адамға көмек көрсетуге тырыстық. Жалпы футболшының есін жия алмай, буыны тартылып жатса, лезде бір қырындатып жатқызу қажет. Тілін жұтып, тұншығып қалмауы үшін бұл едәуір көмектеседі.
P.S. Ажалға араша болған футболшылардың қатарында Бауыржан Тұрысбектің экс-әріптесі, Қостанайдың «Тобылында» ойнайтын Джаба Канкава да бар. Ол әлем футболының жанкүйерлері арасында «құтқарушы» есімімен танымал. 2014 жылы Канкава доп тебетін «Днепр» мен Киевтің «Динамосын» қабылдайды. Кездесу барысында шабуылшы Олег Гусев қақпашы Денис Бойкамен допқа таласта қақтығысып, есінен танып қалды. Сол уақытта оған қарсылас команданың ойыншысы Джаба Канкава көмекке келді. Ол Гусевтің тілін жұтып қоюына мүмкіндік бермей, алғашқы көмек көрсетті.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
175 адам коронавирус індетінен емделіп шықты
Ұқсас жаңалықтар
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетуі мүмкін
- авторМағжан Орынбасар
- 12 қараша, 2024