бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 18:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бекзада өнер, батыр Бекзат

Бекзада өнер, батыр Бекзат
ашық дереккөзі
Бекзада өнер, батыр Бекзат

2004 жылдың тамыз айы. Афина Олимпиадасының нағыз қызған шағы. Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде редакциядағы біраз журналист жиналып, теледидардан боксшылардың бәсекесін тамашалап отырғанбыз. Бір мезетте қабылдау бөлмесіндегі телефон шыр ете қалды. Хатшы қыз дереу маған қосты. Сөйтсек, Түркістаннан Бекзат Саттархановтың анасы хабарласып тұр екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін Сырлыкүл апайымыз:

«Жаңа теледидардан боксты көрдің бе? Комментаторлардың Бекзатты өзбек спортшысы деп жатқаны несі? Ондай әңгіме қайдан шықты? Баламның көзі көк болса да, өзі нағыз қазақ еді ғой. Жаны да, жүрегі де қазақ. Ұлым ешуақытта өзбек болған емес. Бекзат қазақ болып туғанын үнемі мақтан тұтатын. Құлыным өмірден озғанша, өз елі мен ұлтының ғана намысын қорғады емес пе?! Соны комментаторлар білмей ме? Әлде олар көзі тірісінде қазақ болған Бекзатты өлгеннен кейін өзбек қылайын деді ме?», деп ағыл-тегіл жылады.

Қапелімде не дерімді білмей қалдым. Біраз үнсіздіктен кейін: «Қойыңыз тәте, жы­ламаңыз. Ондай әңгімені тара­тып жүрген гректер ғой. Бокс тарихын шала білетін сол жақтағы біреулер кітап шы­ғарып, Бекзат Саттархановты Өзбекстанның спортшысы деп жазып жіберген екен. Ком­мен­таторлар да соны айтса керек. Оған көңіл аудармаңыз. Егіл­меңіз! Бекзаттың қазақ екенін есті адамның бәрі біледі. Қазақ бол­ғанда, жай қазақ емес, нағыз нар қазақ! Саттархановтың есімі күллі қазақ боксшылары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды. Бекзат – біздің ұл, халықтың ұлы, қазақтың ұлы!», деп Сырлыкүл апайымызды жұбатқандай болдым. Осы сөздерімнен кейін чем­пионның анасы: «Соны балам, газетке дұрыстап жазыңдаршы. Бекзаттың қазақ екенін бәрі білсін, ешкімнің күмәні болмасын!», деді де телефонның тұтқасын қойды.

Ашынған ананың дауысын естіген менің де көңілім босап сала берді. Сол сәтте Бекзат ба­уы­рыммен сырлас болған, сұх­баттасқан, оның өнеріне тамсана қол соққан кездер көз алдыма қайта келді.

Қазақстан құрама команда­сының мү­шелері әдетте Алма­ты­дағы Достық даңғы­лы бойында қоныс тепкен «Қазақстан» шипа­жайында бас қосатын. Іздесеңіз, майталман мамандар, білікті бапкерлер, марқасқа боксшылардан бастап, осы саланың басы-қасында жүрген басқа да азаматтардың барлығын сол жерден табуға болатын. Бірде қалың топтың арасынан Бекзатты да көзім шалды. Ұлттық команда жейдесін енді ғана киген кезі. Сол кездің өзінде Түркістанның тастүлегі жастар арасындағы жарыстарда ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп үлгеріпті. 1998 жылдың қараша айында Аргентинаның астанасы – Буэнос-Айресте ұйымдастырылған әлем біріншілігінде төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған дарынды былғары қолғап шеберлерінің біразын бір деммен ұтқаны жайында құлағдар болдық. Тіптен, Кубаның жас перісі Гильермо Ригондоның өзін жақсылап са­баған екен. Кейіннен дәл сол боксшы Сидней мен Афина Олим­пиадаларында алтын тұғырға көтеріліп, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Бұл күндері Ригондо – кәсіпқой бокстың шоқ­­жұлдызы. Кубадан қашып, АҚШ-тан пана тапқан ол 22 жек­пе-жектің тек біреуінде ғана ұтылып, түрлі нұсқалар бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. Бірақ бәрібір Бекзатқа Буэнос-Айресте бас жүлде алу бақыты бұйырмады. Финалдық сайыста қандасымыздың жолын кескен қазылар жеңісті украиналық Сервин Сулеймановқа «ұстатып жіберген» деседі.

Елге оралғаннан соң Саттар­ханов ересек­тер дуына түсе бастады. Бірден өзінің мық­тылығын мойындатып, ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге лайық екенін дәлелдеді. 1999 жылы Таш­кентте өткен Азия чемпионатында ел намысын қорғады. Міне, дәл сол жарыста Бекзат­тың тех­­никалық арсеналы мол, так­тика­лық тұрғыдан өте сауатты, жүректі әрі на­мысқой жігіт екеніне анық көз жеткіздім.

Ташкенттің төрінде өткен аталған жарыс күні бүгінгідей көз алдымда. Өзбек­стан мен Қа­­зақстанның жеті бокс­шысы финалға шықты. Қазақтардан қалай да озуды көздеген жарыс қожайындары біздің жігіттерге көпе-көрнеу қиянат жасады. Тө­решілер де тегістей солардың ығына жығылды. Нәтижесінде жеті өз­бек жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырында мар­қайып тұрды. Қос алтынды қанағат тұтқан қазақтар жанарымен жер шұқыды. Міне, дәл сол тұста танымал журна­лист Бақ­тияр Тайжанның «Қол­бас­шысы жоқ қазақ боксы Таш­кентте Әбдісаланды іздеді» деген мақаласы еліміздегі белді ба­сылымдардың бірінде жарқ етіп жарыққа шықты.

Жоғарыдағыдай келеңсіз жайт­ты басынан кешіргендердің бірі Бекзат Саттар­ханов еді. 57 кило салмақта сынға түскен 19 жастағы жас өреннің жолы ақтық айқас­та сол жылы Хьюстонда өткен әлем чем­пионатында күміс медальді иеленген Толқынбай Тұрғыновпен қиысты. Бұл бәсе­кеде Бекзат басым болды. Өзінен үш жас үлкен әрі тәжірибесі мол қарсыласын алдап та, арбап та соқты. Бірақ төреші Толқын­бай­дың қолын көтерді.

Жарыста бірқатар жерлесіміз «қитұрқы ойынның құрбаны» болса да «қолдан келер не шара» дегендей сыңай танытып, «ләм-мим» деместен киім ауыстыратын бөлмеге асықты. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Басты мақсат – Азия чем­пионатында алтын алу емес, Олимпия ойындарының жолдамасына иелік ету еді. Біздің жігіттердің дені лицензия алды. Бірақ негізгі жос­парды жүзеге асырса да, Саттар­хановтың күміске көңілі толмады. Жыларман болған ол біразға дейін рингтен түспей қойды. Төрешілермен дауласып тұрып алды. Бекзаттың «Бұларың қалай, мен жеңіп едім ғой. Бас бәйгені маған неге бермейсіңдер?» деп шырылдаған даусын сан мың көрермен арасында отырған біз­дер де анық естідік. Бірақ қазы­лардың шешімі өзгеріссіз қалды.

2000 жылы Сиднейде алауы тұтан­ған Олимпия ойындарында Бекзат Саттарханов нағыз клас­сикалық бокстың үлгісін көр­сетті. Бастапқы бәсекелерде ру­мыниялық Овидиу Бобырнат (14:5) пен ОАР өкілі Джефри Матебуланы (16:5) еш қиналмай жеңген ол, ширек финалда Түр­кияның атақты боксшысы Рамаз Палианимен жолықты. Негізі бұл саңлақ жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Егер жаңылыспасам, түрлі дүбірлі додада бес бірдей мемлекеттің туы астында өнер көрсеткен жер бетіндегі жалғыз былғары қолғап шебері – дәп осы Палиани. Әуелі КСРО мен ТМД, көп кешікпей Грузия мен Ресей, одан кейін Түркияның намысын қорғады. Сол кезге дейін қол жеткізген табысы да қомақты. Атап айтсақ 1992 жылы Барселона Олимпиадасын қола медальмен қорытындылады. 1993 жылғы Тампере және 1999 жылғы Хьюстондағы әлем чемпио­нат­тарында дәл сол межеден кө­рінді. Төрт рет Еуропаның тең­дессізі деп танылып, бір рет күміс алды. 1996 жылғы Атланта Олимпидасында ширек финалға дейін жетті. Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқырағаны тағы бар. Оның үстіне, Рамаз Палиани Анадолы елінің осы Олимпиададағы соңғы үміті еді. Міне, осындай мықтыны жеңген жағдайда ғана қазақ боксшысы жеңіс тұғырына көтеріле алады. Жауапкершіліктің жүгін жүре­гімен, жан-тәнімен сезінген Саттарханов аса шиеленісті жек­пе-жекте жеңісті әккі қарсы­ласының уысынан жұлып әкетті. Бұл бәсекенің тағдырын бір ғана ұпай шешті. Есеп – 12:11.

Жоғарыдағы жеңістің қанат­тан­дыр­ғаны соншалық, Бекзат жар­тылай финалда Тахар Тамса­маниді (22:10) оңай ұтып, финалда Рикардо Хуареспен кездесті. Екеуі де 1980 жылдың тумасы. Бекзат 4 сәуірде туса, Рикардо 11 күннен кейін дүниеге келді. Олар түйдей құрдас болғанымен, біздің жігітке қарағанда сырт көзге АҚШ боксшысы әлдеқайда айбарлы, сұсты көрінді. Атағы да алысқа жайылған.

Америкалықтардың бойында мен­мендік пен тәкаппарлықтың басым екені бәсенеден белгілі. Хьюс­тонның тумасы да өркө­кіректеу екен. Оны біз әу бас­тан байқадық. Өз-өзіне сенімді бол­ғаны соншалық, рингке маң-маң басып шығады. Ақтық айқастың алдында ол қарсыласы жаттығып жатқан жерге баса-көктеп кіріп келіп: «Осы бәсекеде басың кетеді», деген екен. Сабырлылық қазаққа тән қасиет қой. Бекзат тек езу тартты да: «Кімнің басы кететінін шаршы алаңда көре жатармыз», деп жаттығуын әрі қарай жалғастыра берді.

Финалда бәрі керсінше болды. Саттарханов жақсылап тұрып оның са­зайын берді. Әлем чемпионы деген дардай атағы бар АҚШ боксшысы қазақтың қайсар ұлының алдында дәрменсіздік танытты. Төрт раунд бойы айбарлы Рикардо Бекзаттың «арбауында жүріп», «айтқанына кө­нуге» мәжбүр болды. Шешуші бәсеке 22:14 есебімен аяқта­лып, Бекзат Саттарханов «мәңгі тозбас» атаққа қол жеткізді. Сол кезде өзінің жігерсіздігіне күйінген Рикардо Хуарес көз жасына ерік беріп, еңкілдеп жылады. Ал жеңіс тұғырында марқайып тұрған қанда­сымыз «Бұл – менің күллі Қазақ елі мен Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына тартуым!» деп жер-жаһанға жар салды.

Ғаламдық дода аяқталған соң Олимпиа­даның қаһармандары республикамыздың бірқатар айма­ғын аралады. Астана мен Алма­тыда да болды. Сол кезде ел газеті – «Егемен Қазақстанға» да атбасын бұрды. Қазақ баспа­сөзінің қара шаңырағында керемет кездесу болып, талай тартымды әңгіменің тиегі ағытылды. Сол сәтте Бек­зат үлкен плакатқа «Ұлттық рухы мықты халықтың еңсесі әрқашан биік болады. Ел намысы – менің намысым!» деп жазып, «ЕҚ» ұжымына естелік қолтаңба қал­дырған еді.

Бекзат Саттарханов шаршы алаңда дауыл тұрғызғанымен, өмірде өте қарапайым жігіт еді. Әркез ағаларын сыйлап, іні­ле­ріне ізет көрсетіп жүретін. Жа­ны да нәзік болатын. Осы орай­да Бекзатпен бірге Сидней Олим­пиадасында алтын тұғыр­ға көтерілген Ермахан Ыбы­райы­мовтың аузы­нан естіген мына бір әңгімені баяндап берсем, еш ағаттығы жоқ деп ойлаймын. Оның айтуынша, бірде Бекзат бір қызға ғашық болыпты. Сезімін білдірсе, әлгі бойжеткен албырт жастың сөзіне құлақ аспаған көрінеді. Ол аздай, басқа жігітпен жүріп кетеді. Боксшының көңілі алай-дүлей болса да, махаббатқа зорлық жоқ қой. Дәл сол күйде ол Сиднейге сапар шекті. Алыстағы Аустралияда Олимпиада чемпионы атанған Саттарханов елге ұлт­тың батыры, Алаштың мақтан тұтар азаматы болып оралды. Бар­ған жерінде сый-құрметке бөленді. Сол кезде әлгі қыз боксшыдан кешірім сұрап, ағыл-тегіл жылаған деседі. Кереғар сезімді басынан кешіріп, не істерін білмей дал болған Бекзат Ерма­ханнан «Кезінде ол маған қарамай кетіп, жү­регімді жаралаған еді. Қателігін түсін­геннен кейін алдыма келіп, ағы­нан жарылды. Енді не істейін: кешірейін бе, әлде екеуміздің жолымыз екі бөлек деп әңгі­мені қысқа қайырғаным жөн бе? Аға, ақыл қосыңышы?!» деп ақтарыла сөйлеген екен.

Расында да, Бекзат Ермахан­ды ерекше сыйлап, айрықша құр­меттейтін. Сол ер мінезді аға­­сындай болуды армандайтын. Бір ғана мысал: Олим­пиа­­да қалашығына келген бет­те ұйымдастырушылар бокс­шылардың әрқайсының қолына түрлі сауалдар қойылған анкета ұстатыпты. Сол жерде «Сенің кумирің кім?» деген сұрақ та бар екен. Ел құрамасы сапындағы жігіт­теріміздің көбі жастар ғой. Олар Мұхам­мед Әли, Рой Леонард Шугар, Майк Тайсон деп топырлатып шетелдік жұлдыз­дардың есімдерін жазып жатқанда Бекзат «Ермахан Ыбырайымов!» деп жауап беріпті.

Жасыл құрлықтағы жарыста спорттық даңқымызды арттырған саңлақтарға елге оралған соң сый-құрмет көрсетілді. Бар­лығына да мол мөлшерде сыйақы беріл­ді, көлік мініп, пәтерлі болды. Сон­дай бір салтанатты іс-ша­ра­дан шығып, Ермахан Ыбы­райы­­мовпен оңаша қалғанда Бекзат: «Аға, атақ-даңқ адамды қатты өзгертеді дейді. Егер менің өзгеріп бара жатқанымды байқасаңыз, өтінемін, сабама түсіріп қойы­ңызшы. Өйткені босаңсып немесе дандайсып кеткен адамның көздеген мақсатына жетуі неғайбыл. Ал маған әлі өсу керек. Осы белестерді ғана бағын­дырумен шектелгім келмейді. Менің арманым – Олимпиаданың үш дүркін чемпионы атану! Ондай деңгейге кубалықтар ғана емес, қазақтар да жете алады. Бұйырса, мен соны дәлелдеймін! Оған ақыл-ойым да, күш-жігерім де жетеді», деп тіл қатты. Шынында да, Бекзат алдына биік мақсат қоя білетін, парасат-пайымы мол азамат еді. Ол әркез осылай батыл сөйлеп, кесек ой айтатын.

Содан бері табаны күректей 20 жыл да зулап өте шығыпты-ау! Бұл жалғанда адамның айтқаны емес, Алланың қалауы болады екен...

  Ғалым СҮЛЕЙМЕН

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар