Еліміздің бірінші ракеткасы Брисбен WTA 500 турнирінің ширек финалына өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 8 қаңтар, 2026
- 85
Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда рейтингіде 25-орында тұрған испаниялық Паула Бадосамен бетпе-бет келді. Қарсыластар осыған дейін өзара сегіз рет кездесіп, төрт-төрттен жеңіске жеткен еді. Соңғы үш ойында Рыбакина ұтқан болатын.
Бұл жолы бірінші партияда 2:0 есебімен Бадоса алға шыққанымен, Рыбакина таразы басын теңестіріп қана қоймай, брейкпен тәмамдай алды – 6:3.
Екінші сетті қазақстандық теннисші қарқынды бастады – 3:0. Бадосаның қателігін мүлт жібермеген Елена матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Бадоса 6 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрова немесе рейтингіде 20-сатыдағы чехиялық Каролина Мухованың қай жеңгенімен таласады.






