Әли Алиев: «Солтүстік Македонияға қарсы ашық ойнау біз үшін қауіпті»
- авторБақытжан Бекболат
- 8 маусым, 2025
- 260

Оның айтуынша, қарсылас осал емес – жылдамдығы жоғары, техникасы мықты футболшылармен жасақталған команда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz aladop.kz-ке сілтеме жасап.
«Солтүстік Македониямен ашық шабуылда ойнай алмаймыз. Егер қарсыластың құрамына үңілсеңіз, Элиф Элмас («Дженоа», Италия), Боян Миовски («Жирона», Испания), Энис Барди («Бодрумспор», Түркия) сынды жылдам футболшылары бар. Олар Еуропа чемпионаттарында ойнайды. Жылдамдық деңгейі мүлдем басқа. Қорғаныс шебіне үлкен қауіп төндіреді. Ал гол соғу тұрғысынан келсек, менің баптауымен өткен матчтардың барлығында қарсыластың қақпасынан (Уэльс 1:3, Лихтенштейн 2:0, Беларусь 1:4) саңылау таптық. Әр ойында көп гол соғуға белгілі бір себептер әсер етеді. Бірде сапа жағынан ақсап жатамыз. Бірде алаң шешуші рөл ойнайды. Қарсыластың қақпашысы да жоғары деңгейде шеберлігін көрсетеді. Тіпті Беларусьтен ірі есеппен жеңілсек те, Ислам Чесноков, Ғалым Кенжебек, Дәурен Жұматтарын өз мүмкіндіктерін қолдана алмады. Сәттілік қатты рөл ойнайды. Статистикаға қарасаңыз, Беларуське қарсы матчта 16 соққы жасадық. Тек қана негатив жағын ғана емес, оң тұсын да аңғарғанымыз жөн. Мысалы, Ғалым Кенжебектің голы немесе Наурызбек Жагоровтың ұлттық құрама сапында мүлдем басқа қырынан ашылуын айтуға тиіспіз.Тактикалық тұрғыдан Солтүстік Македония да үш қорғаушымен ойнайды. Бельгиямен, Уэльске қарсы осы схеманы ұстанды».