Жамбыл облысының тумасы Аружан Миравилдаева түйе мініп, жамбы атудан Гиннес рекордтар кітабына енді
- авторjambylinfo.kz
- 26 ақпан, 2024
- 3.1k
Жамбыл облысының тумасы Аружан Миравилдаева Қазақстан атынан тұңғыш рет түйе үстінде жамбы атудан Гиннестің рекордтар кітабына еніп отыр, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Айта кетейік, Аружан Миравилдаева түйе мініп, 100 метрді 12 секундта арақашықтығы 30 метр болатын 3 нысананы көздеп, жамбы атып, рекорд орнатқан Қазақстандағы алғашқы адам.
19 жастағы Аружан Жамбыл облысының тумасы. Қазір Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алып жүр. Қосымша Алматының шетіндегі «Топжарған» этно-өнер орталығында асау жылқы мен түйе үйретіп, бүркіт баптап жұмыс істейді. Осы орайда біз, жерлесіміз Аружанға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
- Аружан, Гиннес рекордтар кітабына енгеніңді естіп, қуанып жатырмыз. Сені шын жүректен құттықтаймыз! Жалпы, түйе мініп, жамбы ату дегенді бұрын соңды мүлдем естімеген екенбіз. Бұл идея өз ойыңа келді ме, әлде біреулерден ұсыныс айтылды ма?
-Көп рақмет! Мен былтыр Алматы қаласына, Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетіне оқуға түскенмін. Университетте оқып жүргенде маған «Топжарған» этно-өнер орталығының басшысы хабарласып, атқа мінетін қыздар керек деді. Және аталған орталыққа жұмысқа шақырды. Мен өзімнің сүйікті ісіммен айналысатын болған соң, бірден келістім. Кейін 2023 жылдың жаз айында біз Шымкенттегі Созақ ауданынан екі асау түйе алып келдік. Ол түйелерді үйрету керек болған соң , ауылдан өзімнің атамды шақырттым. Атам олардың мұрындығын салып, оны қалай үйрету керектігін көрсетті. Кейіннен сол орталықтағы шабандоздар болып екі түйені мініп, үйретіп алдық. Есесіне сол уақыт аралығында мен садақ атуды да үйреніп, жамбы атып жүрдім. Ептілігімді байқаған орталық басшысы Ғабит Таңатов маған түйе мініп, садақ атуды байқап көр деді. Кейін жаттықтырушыма осы ешкім жасамаған трюкті Гиннестің рекордтар кітабына ұсыну туралы ой келді.
-Гиннес рекордтар кітабына ену үшін қанша уақыт дайындалдың?
- Бұл оңай болған жоқ. Жамбыны жылқы үстінде ату үйреншікті нәрсе ғой, ал түйемен секундына дейін есептеп арнайы жаттығып жүрдік, үш жарым ай уақытымыз кетті. Тіпті түйеге мініп жамбы атуды меңгеремін деп құлаған кезім де болды.
- "Гиннес рекордтар кітабына енді" деген дәреже саған не берді? Ол жаққа өзіңді ұсыну үшін қанша қаражат жұмсадың?
- Жалпы, маған «Қазақстанда тұңғыш...» деген сөздің өзі үлкен жетістік деп ойлаймын. Себебі, түйе тұрмақ жылқы үстінде жамбы ататын қыздар қазір өте сирек қой. Сондықтан, мен халыққа қазақ ұлты үшін түйе мен садақ атудың қандай қадірлі екенін жеткізе алсам, мен үшін сол үлкен жетістік. Ал, қаражат жағының бәрін ұстазым көтерді.
-Расымен, қазір қыз баласы асау үйрету былай тұрсын, жақындауға қорқады. Бойыңдағы жігітке тән батылдық кімнен дарыған?
-Мен бала кезден жылқыны жақсы көремін. Малды ауылда өскендікі шығар, көзімізді ашқаннан көргеніміз төрт түлік болғандықтан да малдың төресі жылқыға деген аңсарым ерекше болды. 5 жасымнан бастап атқа міндім. Асау тайды өзім мініп жуасытып алатынмын. Жуас жылқыға мінуге бәрі де әуес. Неге екенін өзім де білмеймін, менде керісінше, жуас жылқыны тебініп қамшылай бергеннен гөрі асауды шалма ұрып ұстауға аңсарым ауады да тұрады. Өз басым жылқының мінез-құлқын алғаш тізгіндеп мінгеннен-ақ байқай қоямын. Маған жануарлармен тіл табысқан ұнайды.
-Ендігі мақсатың қандай?
-Енді мақсатым, осы дағдымды одан әрі дамыту. Және биыл Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер жарысына қатысып, ел намысын қорғау.
-Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңе рақмет, Аружан! Қайда жүрсең де сәттілік серігің болсын!
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетуі мүмкін
- авторМағжан Орынбасар
- 12 қараша, 2024