бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 18:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Дәл қазір өзге елден діни білім іздеудің қажеті жоқ»

«Дәл қазір өзге елден діни білім іздеудің қажеті жоқ»
ашық дереккөзі
«Дәл қазір өзге елден діни білім іздеудің қажеті жоқ»

Халқымызда «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген нақыл бар. Облысымыздағы көпті көрген, сындарлы сәттерде шыңдалып, еңбекпен есейгендердің бірі – Жангелді Омаров десек, артық айтқандық емес. Себебі – еліміз егемендік алған алғашқы жылдардағы қиын-қыстау шақтарда екі ауданда әкімнің орынбасары, кейін аудан әкімі қызметін атқарды. Қазір мемлекет үшін өзекті әрі тым нәзік сала – діннің ел ішіндегі ұстанымдарын бақылап, реттеумен айналысатын басқармаға басшылық етіп отыр. Дін адам жүрегіндегі наным-сеніммен сипатталатындықтан және бүгінгі қоғамда кейбір сұм пиғылдылар діннің атын жамылып астыртын миссиясын жүзеге асыруды көздеген шақта ел ішінде діни ахуалды тұрақтандырып отыру да ауызбен айтқанға ғана оңай. Арғы жағында қыруар күшті қажет ететін еңбек жатыр. Салада атқарылған жұмыстарды облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Жайлауұлының өзінен естіп, жастар басылымында жас жеткіншектерге үлгі болар келелі әңгімемізді жариялағанды жөн көрдік.

– Жангелді Жайлауұлы, күллі мұсылмандар үшін мүбәрак мерекеміз Мәуліт те келді. Биыл облысымызда мереке қалай аталып өтеді? Жалпы Мәуліттің мән-мағынасын ұғындырарлықтай қандай шаралар қолға алынбақшы? – Барша мұсылманға Мәуліт мерекесі құтты болсын! Бұл мейрам пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған күніне байланысты мұсылман қауымы үшін қастерлі екенін білесіздер. Мұндай діни мерекелерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкілдігі ұйымдастырады. Өткен жылы көптеген қайырымдылық шараларымен өте жақсы деңгейде өткізді. Баспанасыз жүрген, көмекке шын зәру кісілерге пәтер алып берді. Арнайы шақырылған «Өнер қырандары» театры діни адасудың зардабы неге жеткізетінін ашық көрсететін қойылымдарын облыс жұртшылығының назарына ұсынды. Биыл да осы секілді қалың жұртшылықтың игілігіне арналған істерді жүзеге асыруға дайындалуда. Білесіздер, биыл облысымыздың бас имамдығына мүфтиятта қызмет еткен Бейбіт Мырзагелдиев тағайындалды. Өте белсенді, өз ісіне шебер, жауапты азамат. Бейбіт Әліпбекұлының басшылығымен биыл да Мәуліт мерекесі жоғары деңгейде өткізілетініне сенімдімін. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған қайырымдылық шаралары бойынша біздің облыс биыл республика бойынша бірінші орыннан көрінді. Яғни, бұл исламдық діни мерекелер құр ас ішіп, думандатып тойлаумен емес, халықтың мүддесін көздеген сауапты істермен өткізілетінін көрсетеді. Ал біздің басқармамыз еліміздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018–2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының индикаторлары бойынша жұмыс істейді. Дін саласында бірінші рет 2017–2020 жылдарға арналған тұжырымдама қабылданған. Сол тұжырымдама аясында да жұмыстар жүргізілуде. Басқармамыздың негізгі қызметі – ақпараттық түсіндіру, діни сауаттылықты көтеру, профилактикалық іс-шаралар, оңалту жұмыстарын атқарады. Негізі Конституция бойынша мемлекет пен дін бөлек қарастырылады. Бұл зайырлылықтың белгісі. Яғни, мемлекет үшін барлық дін бірдей. Мысалы бізде исламнан басқа проваславтық, католиктік, протестанттық бағыттағы христиан дінінің ағымдары да бар. Мемлекет солардың біреуіне басымдық беріп, мерекелерін атап өтуге қолдау көрсетпейді. – Облыстық дін істері басқармасы тарапынан халықтың діни білімін жетілдіріп, діни ахуалдың тұрақтылығы үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Біздің облыста жалпы саны 358 діни бірлестік тіркелген. Діни іс-шараларды ғибадат үйлерінен тыс жерлерде өткізуге арналған 42 үй-жай бар. Оның 40-ы исламдық намазхана, екеуі христиандық құлшылық үйі. Сонымен қатар 4 миссионер тіркелген. Өңірдегі мешіттерде арнайы бұйрықпен 394 діни қызметкер қызмет атқарады. Облыс бойынша мешіттерге жұма намазға келушілердің саны 37 мыңнан астам болса, күнделікті мешітке келушілердің саны 6 мыңнан астам адамды құрайды. Ал христиан бағытындағы шіркеулерге келушілердің саны 3800 адам шамасында. Қазіргі карантиндік талаптардың облысымызда тіркелген ғибадат орындарында сақталуын да зерделеп отырмыз. Бақылау-қадағалау, оңалту жұмыстарын құқық қорғаушылармен бірлесе атқарамыз. Өңірде дін саласында 6 облыстық, 7 қалалық және 10 аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, оның құрамы білікті мемлекеттік қызметшілермен және жоғары білімді дінтанушы, теолог, психолог мамандармен жасақталды. Биылғы 9 айда 185 іс-шара өткізіліп, 7 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Ел аумағындағы карантинге байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары онлайн форматында ұйымдастырылуда. Бүгінге дейін 121 дәріс өткізіліп, оған 46 326 интернет қолданушысы қамтылды. Бұдан өзге деструктивті діни бағыттағы азаматтармен жеке кездесулер өткізіп, теолог, психолог мамандарымыз оларды оңалтып, қоғамға бейімдеумен айналысады. Тіпті, түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен де кездесіп, оңалту бағытындағы жұмыстарды атқарып жүр. Атап айтсақ, аптасына 2 рет 10 дінтанушы мен 10 жоғары білімді мешіт имамы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтеушілермен радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру бағытында жұмыс істеп келеді. «Адасқанның айыбы жоқ қайта үйірін тапқан соң» дегендей, «Жусан» операциясымен елімізге қайтарылған 9 әйел, 20 бала біздің облыста тұрып жатыр. Олармен де жеке жұмыс жүргізіп, әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсетілуде. Сол кісілер арқылы бірқатар кісілер өздерінің қателіктерін түсініп, ниетін түзеп, қоғамға бейімделуде. Басқарманың үйлестіруімен «Бейбітшілік және келісім» пилоттық жобасы аясында дін мәселесі бойынша мамандар аудандарды аралап, радикалды көзқарастағы кісілермен жеке кездесіп, аудан имамдарының, ауыл ақсақалдарының қатысуымен қоғамдық қабылдаулар өткізуде. Сонымен қатар, жергілікті дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мен «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдеріне діни саладағы өзекті тақырыптарда семинарлар ұйымдастырылып, ұсыныстары тыңдалуда. Діни мәселеде аудандарда жүргізілген жұмыстар жергілікті тұрғындар тарапынан қолдау тауып, республикалық деңгейдегі топ мүшелері жоғары бағасын берді. Осы тұста айта кеткім келеді, облысымыздағы діни ахуалдың тұрақтылығының бір көрінісі ретінде облыстық орталық мешіттің жанындағы медресеміз биыл колледж атын алды. Бұл қуанышқа қол жеткізуге облыстағы білім саласын бақылау департаментімен бірлесіп, бас имаммен үлес қостық. Әрине, медресе ұстаздарының да еңбегі ерен. Еліміздің бірқатар азаматтары, жастары діни білім алу үшін шет ел асып жатады. Енді олай өзге елден білім іздеудің қажеті жоқ. Өз елімізде жоғары білім беретін де, арнайы орта білім беретін де оқу орындары жеткілікті. Біздің облыстың «Һибатулла Тарази» атындағы медресе-колледжі де сол білім ошақтарының қатарын толықтырды. Бүгінде осы колледжде 61 студент білім алып жатыр. – Еліміз тәуелсіздік алған жылдардағы қиын-қыстау сәттерде партиялық бақылау комиссиясының тізгінін ұстадыңыз, кейін Сарысу ауданы әкімінің орынбасарлық қызметін атқардыңыз, сын сәттерден сүрінбей өтуге не көмектесті? – Қиындықтардан алып шығатын – халықтың бірлігі. «Ырыс алды – ынтымақ» деп білген біздің халық ертеде де талай сынақты бастан өткерді. Небір қиындықтарды бір мүддеге ұйысып, ынтымақпен жеңіп келеді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыста да халық бірінің жоғын бірі бүтіндеп, бір нанды бөлісе жеп, күн кешті. Сондай тар шақта да халық ұятты, иманды ұмытқан жоқ. Егер осы қасиеттерін жоғалтса, қайта ұлт болып ұйысу қиынға соғар еді. Біздің халықтың болмысындағы бір ерекшелік – шүкіршілігі. Өзіне кездескен келеңсіздікті басқалармен салыстырып, қолындағы барына, басындағы бағына шүкіршілік ете біледі. Міне, осы қасиет қиындықты қайыспай жеңуге күш береді. – Осыдан 10 жыл бұрын Сарысу ауданын басқардыңыз, осы ретте облысымыздың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын қалай бағалайсыз? – «Көш жүре түзеледі» деген жақсы сөз бар. Уақытпен бірге елдің жағдайы да даму жолында ілгерілей түседі. «Елу жылда ел жаңа» деген осындайда айтылса керек. Он жыл түгілі бес жылдағы облыстың бет-бейнесінен әжептәуір өзгеріс көруге болады. Елді мекендердің келбеті де, халықтың әлеуметтік әлеуеті де, экономикамыз да уақытпен бірге жақсарып келеді. Аудан әкімі болған соң күніне қаншама тұрғын мұң-мұқтажын айтып келеді. Әрине, бәріне де көмектескің келіп-ақ тұрады. Бірақ, қол қысқа. Сондай кездерде әкем мен анамның өмір жолдарын өнеге тұттым. Әкем де қызметте болған кісі. Таң қылаң бере үйден кеткеннен қас қарайғанда бір-ақ оралады. Қыстың аязды күндерінде әкей қараңғы түскенде үйге келгенінде үстіне қатқан мұз еріп түсетін. Елге жасайтын қызметтің қалтқысыз болуы үшін күні бойы үй көрмей ат үстінде жүріп, үстіне мұз қатқанын да елең қылмай, түн қараңғысында үйге келіп, сірескен мұздан бір-ақ арылатын. Сол еңбегін елінің елегенінен ғой, Сарысу ауданында бір көшеге әкейдің есімін берді. Ал енді менің қаншалықты қызмет ете алғаныма, қызметімнің бағасын аудан тұрғындары берер. Әділ бағалаушы – халық. Ата-анамыздан «Адал бол! Отаныңды сүй! Туған халқыңа қызмет қыл, туған жеріңді бағала!» деген тәлімді естіп өстік. Мен де кейінгі жас ұрпаққа осыны айтамын. Жүрегінің түкпірінде Отанына деген махаббаты бар адам ешқашан адаспайды. Ал, Отанды сүю – иманнан. Жүрегіне иман мен махаббат ұялаған адамды ешбір арбаушы алдай алмайды. Өткен жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумында «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы қабылданды. Онда адамзаттың сапалы өмір сүруіне қажетті құндылықтың бәрі де қамтылған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та осы құндылықтарды жиі ескертіп, сол бойынша жас ұрпақты тәрбиелеп, қоғамда 7 рухани қазықты қалыптастыруды айтып отырады. – Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар