бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 19:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жас ғалымның жеті ұсынысы

Жас ғалымның жеті ұсынысы
ашық дереккөзі
Жас ғалымның жеті ұсынысы

Қайбір күні көптен бері көріспеген досымызбен күтпеген жерден кездесіп қалдық. Жүздеспегенімізге бірнеше жылдың жүзі болғандықтан шұрқырастық та кеттік. Айтуынша, қазір Алматыда үлкен компанияда қызмет етеді екен. Таң қалдым. Себебі бірнеше жыл бұрын екінің бірінің қолы жете бермейтін Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетіне жұмысқа орналасқан. Жоғары жалақы тағайындалып, тегін пәтер де берілді. Көлік бермеді демесе, басқа барлық жағдайын жасады. Алматыға ауысуының себебін сұрадым. «Ғылымды дамытудың, ғалымдарды қолдаудың нақты, жүйелі саясаты болмаса бәрі бекершілік екен. Көзім анық жетті. Бәрінен күдерімді үзіп, мүлдем басқа салаға ауыстым» деп қысқа қайырды.

Қарсы алдымда тұрған жігері құм болып, тауы шағылған досымның бірнеше жыл бұрын арманы тым асқақ еді. Өмірін ғылым саласына арнауға мықтап бекінген болатын. Оқушы кезінен тек ғана оқу-білімге ұмтылды. Республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысып, талай мәрте білім бәсекесінде ел мерейін үстем етті. Әзірбайжан астанасы Баку қаласында химиядан мектеп оқушыларының халықаралық Менделеев олимпиадасында алтын медальді жеңіп алып, абсолютті чемпион деп танылды. Тараз қаласындағы облыстық қазақ-түрік мектеп-интернатын бітіргеннен кейін жоғары білімді Сингапурда алды. Кейін Манчестр университетіне түсіп, докторлық диссертациясын қорғады. Ал қазір амалсыздан бәрін тәрк етіп, елдегі көп компанияның бірінде елеусіз ғана қызмет етіп жүр. Аты-жөнін атамауын өтінген жолдасым секілді қаншама жас ғалымның қолдаудың жоқтығынан қанаты қайырылған құс секілді күй кешіп жүргенін бір Құдай білсін?! Қанаты қайырылған құсты көз алдыңызға елестетіңізші. Көкте самғай алмағандықтан ырзығын тек жерден теруге мәжбүр болады емес пе? Сол секілді қарым-қабілеті, мүмкіндігі жете тұра қатарынан оза туған талай таланттарымыздың өз мүмкіндігін көрсете алмай, іштен тынып жүргені ақиқат. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 1991 жылы ғылыми-зерттеулермен шұғылданатындар саны 42 мың адам болса, бұл көрсеткіш 2014-2015 жылдары 19 мың адамға дейін азайған. Ал әлемнің дамыған елдерінде 1000 адамның біреуі ғалым болса, елімізде 2500 адамның біреуі ғана ғылымға ден қойған екен. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, ғылымға ең көп қаражатты Израиль мемлекеті бөледі. Одан кейін Швеция, Жапония, АҚШ, Германия мемлекеттері ғылымға қаржы бөлуде сараңдыққа салынбай, нәтижесінде экономикасы дамыған озық елдердің қатарына енген. Кейінгі жылдары елімізде де ғылымға деген көзқарас айтарлықтай өзгерді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы ғылымға деген жаңа көзқарас, қолдау, жас ғалымдарға арналған қамқорлық, еселеп көбейтілген қаржыландыру осы сөзіміздің айғағы. Мемлекет басшысы Жолдауда «Бұл мәселе бойынша бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын. Бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның басты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ» деп, жергілікті өндіріс орындары табысының 1 пайызын өңірдегі ғылым мен технологияны дамытуға беріп, ірі компаниялардың университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алуы қажеттігін ұсынды. Президент тапсырмасынан кейін Үкімет ғылымды қаржыландырудың, қолдаудың кемшін тұстарына назар аудара бастады. Ғылымға ынтық жас ғалымдардың да жігерін жанып, сенімдерін нығайтып, ынтасын оятты. Тіпті жастарымыз түрлі жобаларды қолға алып, бір мақсат, бір мүдде жолында жұмыла еңбек етуде. Осы орайда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Эльмира Уайдуллақызының атқарып жатқан жұмысы бас бармақпен бағалауға тұрарлық. Ғалым қазақ тілді жас ғалымдардың мәртебесін көтеруді көздейді. – Биыл мамыр айында «Дүниежүзі қазақ жас педагог-ғалымдар платформасы» ашылды. Мақсатым – жоғары оқу орындарындағы жас педагог ғалымдар мен шетелдегі ғалымдардың арасында кәсіби алтын көпір орнату, тәжірибе алмасу, әріптестік байланыс жасау, ғылыми, оқу-әдістемелік коллаборациялық жұмыстар атқару. Бүгінгі таңда платформа құрамында 58 (12-сі Ресей, Англия, Шотландия, Түркия, Польшада білім алып жатқан жастар, 46-ы елдегі ЖОО-дағы жастар) жас ғалым бар. Платформа ашылған уақыттан бері онда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап өтер болсақ, «Ғылым мен дамудың болашағы: жас педагог-ғалымдардың заманауи көзқарасы» атты жас педагог-ғалымдардың І халықаралық вебинары, «Тағылымды әңгіме» онлайн сұхбаты, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаевпен кездесу, «Ғылым Time» жас ғалымдарға арналған онлайн сұхбат ай сайын аптасына екі рет ұйымдастырылуда. Осылайша, қазақтілді жас ғалымдардың беделін биіктетіп, мәртебесін көтеруді мақсат етіп отырмын. Ашығын айтсақ, орыстілді жас ғалымдардың кез келген ортада беделі жоғары. Бәсі биік. Ал қазақтілді жас ғалымдарымыз көп жағдайда ұяңдыққа салынатын секілді. Сондықтан да көп ортада өзін және ашқан ғылыми жаңалығын көрсетуге келгенде тартыншақтап жатады. Сол себепті де ғылыми зерттеумен айналысып жүрген қазақ жастарын барынша қолдап, қоғамға танытуымыз қажет, – деген Эльмира Уайдуллақызы жас ғалымдарға байланысты Жолдау жүктеген маңызды мақсат-міндеттерге байланысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Негізі біз көп жағдайда Жолдауды тек насихаттаумен немесе талқылаумен ғана шектелеміз. Ал жас ғалымның Президенттің Үкіметке берген тапсырмасына сай 500 ғалымды тағылымдамадан өткізу, 1000 грант бөлу бойынша дайындаған ұсыныстары саладағы жұмыстарды жүйелеуге үлкен септігін тигізетіні анық. Сондықтан да Эльмира Убайдуллақызының ұтымды ұсыныстарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Біріншіден, ғылыми тағылымдамаға баратындарды іріктеп, таңдап алу үдерісі арнайы мекемелер ұсынған тізім арқылы емес, Қазақстанның барлық жас ғалымдары қатысуға өтінім бере алатындай мүмкіндіктер қарастыру. Сондай-ақ, ғылыми тағылымдама «Болашақ» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылса. Себебі бұл ғылыми тағылымдамадан бөлек, оны ұйымдастыруға кететін қосымша қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ғылыми тағылымдамаға іріктеп алынған үміткерлердің ғылыми тағылымдама жоспарына сәйкес, тіл білімін жетілдіруіне басты назар берілсе. Үшіншіден, барлық сала бойынша (әсіресе, гуманитарлық) шетелдерде жүргізілген озық нәтижелі ғылыми-зерттеулерді (оқулықтар, оқу құралдары мен монография) қазақ тіліне аудару бойынша гранттар тағайындалса. Төртіншіден, ғылыми грантқа ие болған жас ғалым үшін ғылыми жұмыспен айналысуға қажет болған жағдайда еліміздегі сирек қолжазбалар көшірмесін жасауға рұқсат етілсе. Бесіншіден, гранттық қаржыландыру жас ғалымды материалдық ынталандыруға ғана емес, зерттеу ортасын және сол ортаның материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етілуін жақсартуға да бағытталуы тиіс. Себебі еліміздегі жас ғалымдардың басым бөлігі жоғары оқу орындарында еңбек етеді. Ал еліміздегі көптеген оқу орындарының зерттеу лабораториялары жоқ немесе ескірген. Сондықтан, өтінім берушінің сұраным қаржысында лабораториялық жабдықтау шығындарының болуы ескерілсе. Алтыншыдан, ғылыми грант еліміздегі ЖОО-ларда жас ғалым мен шетелде білім алып жүрген жас ғалымдармен бірге ғылыми жоба дайындауға, ортақ коллаборация жұмыстарының күшейтілуіне бөлінсе. Жетіншіден, жас ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне бөлінген грант қаржысы есебінен әлеуметтік қолдау негізінде тұрғын үй алу мәселесін шешуге белгілі бір пайызын қолдануға рұқсат берілсе.

  Талғат Нұрханов
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар