«10-15 теңгеге де алатын адам жоқ». Жамбыл шаруалары пияздарын сата алмай, шығынға батып жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 20 наурыз, 2024
- 604
Диқандардың сөзінше, Жамбылдың «брендіне» қазір елімізде және шетелде де сұраныс жоқ. Әлемдегі, соның ішінде Ресейдегі геосаяси ахуалдың шиеленісуіне және егіннің бітік шығуына байланысты жамбылдық өнімге деген сұраныс мүлде болмай отыр. Салдарынан шаруалардың өнімі шіріп, шығынға батып жатыр.
Егін егуде тәжірибесі мол Нұрмамед Зулуфов өткен жылы 20 гектардан мың тонна өнім алған. Жиын-терін кезінде 300 тоннасын сатып, қалғанын көктемге алып қалыпты. Бірақ, қазір сұраныс болмағандықтан өнімі өтпей, босқа шіріп жатыр.
«Пиязды 10-15 теңгенің өзіне алатын адам жоқ. Пайда түгілі, егуге кеткен шығынды да ақтамай жатыр. Несиеден несие алып жатырмыз. Енді егін егуге қорқып қалдық. Химикат пен қойманың ақшасын бере алмай отырмыз,- дейді шаруа.
Қазір облыста 450 шаруашылық 138 мың тонна пиязын өткізе алмай әлек. Алдағы азғана уақыт ішінде саудаланбаса, қоймадан қоқыс полигонына мыңдаған тоннаны тасудың өзі де диқандарға қосымша шығын. Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген дерекке сүйенсек, өткен жылы елімізде пияз ішкі сұраныстан 3 есе артық жиналған. Бұл 1 млн 100 мың тоннаны құрайды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтың айтуынша, басқармаға министрліктен фермерлер мен әлеуметтік корпорацияларының өкілдеріне келісімшарт жасасу бойынша тапсырма берілген. Бұл тек пиязға сұраныс болған жағдайда жүзеге асады.
"Біздің пиязға негізгі тұтынушы Ресей, одан әрі Еуропа еді. Ресейде өнім бітік шыққан. Сондықтан экспорт көлемі төмендеді", - дейді басқарма басшысы
Ал, күні кеше облысқа жұмыс сапарымен келген ауыл шаруашылығы министріне өңір фермерлері өткен жылы жиналған пияз мәселесі туралы сұрақтар қойды. Айдарбек Сапаров қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен бірлесіп қалыптасқан жағдайды шешу үшін, оның ішінде тұрақты қорларға пияз сатып алу және тауарды сыртқы нарықтарға сату бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.