Жамбыл жаңалықтар
Ауруханаға 1,5 млн. теңгенің медициналық тауарларын сыйлады
- авторjambylinfo.kz
- 22 қыркүйек, 2020
- 183
Ауруханаға 1,5 млн. теңгенің медициналық тауарларын сыйлады
Жамбыл облысы бойынша «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы филиалы ұйымдастыруымен, Covid-19 инфекциясының таралуына жол бермеу, алдын алу мақсатында Байзақ аудандық орталық ауруханасына медицаналық тауарлар тапсырылды.
Ауылдарда медициналық көмек көрсетудің мүшкіл жағдайы «Ауыл» партиясының мүшелерін қатты алаңдатады. Жақындап келе жатқан тұмау ауруларының маусымын ескере отырып, сонымен қатар коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында «Ауыл» ХДПП Жамбыл облысы бойынша филиалының белсенділері медициналық қызметкерлер үшін қажетті 1 миллион 500 мың теңгені құрайтын қорғаныш комбинезондары мен қолғаптар, респираторлы маскалар, антисептиктер мен иммунитет көтеретін және инфекцияға қарсы дәрі-дәрмектерді ауылдық өңірлерге жеткізді. «Ауыл» ХДПП Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Ерболат Саурықовтың айтуынша, пандемияның алғашқы толқынына көптеген ауылдық медициналық мекемелердің дайын болмағандығы анық байқалды. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін қазірден бастап вирустың алдын алудың шарасын қарастыру керек.
Арнайы медициналық тауарларды тапсырған партия облыстық филиалының төрағасы Ерболат Саурықов дертпен күресте еңбек еткен барлық медицина мамандарының еңбегін өлшеусіз деп бағалады. –Пандемия кезеңінің басында шын мәнінде халық не қыларын білмей дал болғанын көрдік. Тіпті медицина саласының да кемшін тұстары көзге ұрып тұрды. Әсіресе, ауылды жерлерде ахуал айтарлықтай қиын болды. Дегенмен, ақ халақтты абзал жандар – дәрігерлердің, медицина саласы мамандарының табандылығы мен төзімділігінің арқасында бүгінге жағдайға жетіп отырмыз. Алдағы айларда тұмаудың асқына бастайтын мерзімі таяп келеді. Ол уақытта да бұл дерттің өршіп кету қаупі жоқ емес. Осыны алдын алу мақсатында бүгін «Ауыл»ХДПП Жамбыл облыстық филиалы осы аудандағы орталық ауруханаға біршама медициналық тауарларды тапсырып отырмыз. Мұндай игілікті істер партия тарапынан жасалып келеді. Әлі де жалғасын табатын болады, - деді Ерболат Байұзақұлы.
Жалпы «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалы бұған дейін де көмек көрсету акцияларын ұйымдастырып келеді. Мәселен, Арыс қаласындағы жарылыстан, Мақтаарал ауданындағы су қоймасының бұзылуынан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға материалдық көмек көрсету, медицина саласын мамандарының мектеп жасындағы балаларына оқуға қажетті құрал-жабдықтар сыйлау, Covid-19 инфекциясын жұқтырып, емделіп шыққан ауылшаруашылығы саласы еңбеккерлерінің денсаулығын қалыпқа келтіру мақсатында шипажайларға жолдамалар беру секілді жәрдем жасау шаралары үзілген емес.
Мұндай бастамалар алдағы уақытта өзге де аудандарда жалғасын табады деп жоспарланған.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз