Ербол Қарашөкеев: Біздің басты міндетіміз – әрбір этнос өкілінің ұлтына, тіліне, мәдениетіне, тарихына құрметпен қарау
- авторИндира Тәліпқызы
- 30 сәуір, 2024
- 511
Тараз қаласындағы «Достық» үйінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Мерекелік жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен өңірлік ҚХА төрағасы қатысты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Аймақ басшысы жиналған қауымды Қазақстан халқының Бірлігі күнімен құттықтады.
«Киелі Жамбыл жерін мекен еткен 87 этнос өкілдері ортақ Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығына ат салысып отыр. Өңірде барлығы 75 этномәдени бірлестік бар. Облыста тұратын әрбір этнос өкілінің ұлтына, тіліне, мәдениетіне, тарихына құрметпен қарау біздің басты міндетіміз», – деді Ербол Қарашөкеев.
Аймақ басшысы этномәдени бірлестіктер қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтап, нығайтуға бағытталған 212 іс-шара ұйымдастырғанын, оған 17 мыңнан астам адам тартылғанын атап өтті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының құрылымдары тарапынан ұлттық бірлігімізді, достығымызды және этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған «Достық керуені», «Елтану», «Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт», «Қауіпсіздік сағаты», «Ананың әні», «Қолөнерім – мол өнер», «Әжемнің ертегісі», «Батаменен ел көгерер», «Ассамблея бөбектері», «Достық» этнос театры, «Бірлік тілі» атты жобаларды жүзеге асырып отыр», – деп атап өтті облыс әкімі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде аймақ басшыларына этносаралық ахуалға қатысты жиындар өткізуді тапсырған еді.
«Әкімдер күнделікті туындайтын көптеген мәселемен айналысады. Олардың жұмысы өте көп, бұл – түсінікті жағдай. Бірақ ел бірлігін нығайту – айрықша маңызды міндеттің бірі. Оны ешқашан назардан тыс қалдырмау керек. Менің тапсырмаммен аймақ басшылары кемінде екі айда бір рет Ассамблея өкілдерімен бірге этносаралық ахуалға қатысты жиналыс өткізеді. Ассамблеяның негізгі іс-шараларына облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері тікелей өздері қатысуға тиіс. Мен мұны орынбасарға ысыра салуға болмайтынын нақты ескерттім. Өзгелердің, әсіресе, Парламенттің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының дәл осылай жасағаны абзал», - деген еді Мемлекет басшысы.