Наурызнама-2026: Жуалыда "Шаңырақ күніне" орай ерекше шара өтті
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 16:16
- 43
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Наурызнама онкүндігінің аясында аталып өтетін Шаңырақ күніне орай «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» тақырыбында ұрпақтар сабақтастығына арналған тағылымы мол мәдени шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Берекелі басқосу отбасы құндылығын дәріптеп, ұлттың ұйытқысы болған шаңырақтың қасиетін насихаттауға бағытталды. Тағылымды шараны аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы Ахметова ашып, жиналған қауымды мерекемен құттықтап, отбасының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.
Кештің ардақты қонақтары – ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, өнегелі өмірімен көпке үлгі болып жүрген отбасылар болды. Атап айтқанда, Нұрлыкент ауылдық округінен келген Медеубаевтар отбасы – 50 жыл отасқан «Алтын шаңырақ» иелері. Олар екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, бүгінде 25 немеренің қызығына бөленіп отыр.
Сонымен қатар, Мыңбұлақ ауылдық округінен Жапарбаевтар отбасы – 40 жылдық «Лаңыл той» иелері. Бұл әулет 2 ұл, 1 қыз өсіріп, 10 немере сүйіп отырған берекелі отбасы. Көкбастау ауылдық округінен келген Нұрлыбаевтар да 40 жыл бірге ғұмыр кешіп, 2 ұл, 2 қыздан тараған 11 немеренің ардақты ата-әжесі атанған.
Б.Момышұлы ауылынан Көбеевтер отбасы – 27 жыл отасқан, 6 ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы жанұя. Ал Серікбаевтар отбасы 23 жыл бірге өмір сүріп, 2 ұл, 1 қыз өсіріп отырған өнегелі шаңырақ ретінде көпшілікке таныстырылды.
Шара барысында аналар мәртебесін асқақтататын ерекше сәттер де орын алды. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Астана қаласында өткен «Аяулы ана» және «Инабатты келін» республикалық байқауларында топ жарған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері марапатталды.
Атап айтқанда, «Аяулы ана» байқауының І дәрежелі дипломы мен орденін Каниева Шарифат Төлепбайқызы иеленсе, І дәрежелі дипломмен Лепесханова Зоя Демеқызы марапатталды. Ал «Инабатты келін» байқауында І дәрежелі диплом және арнайы төсбелгімен Теміржанова Ботакөз Сансызбайқызы мен Олжабай Жансай Жарасқызы лайық деп танылды.
Тағылымды кеш аясында ақсақалдар тарапынан «Наурыз бата» беріліп, елге амандық, шаңырақтарға береке тілеген ақ тілектер айтылды.





