Таразда «Таза саябақ» экологиялық шарасы өтті
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 16:23
- 50
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жаңа форматта жалғасуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2026 жылғы 17 наурызда облыс орталығы мен аудандарда бірқатар тазалық шаралары ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, Тараз қаласы «Денсаулық» саябағында «Таза саябақ» экологиялық акциясы өтті. Шара барысында жастар көшеге тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Таза Қазақстан» бастамасы – қоғамды табиғатты қорғауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақыратын маңызды жобалардың бірі. Бұл акция аясында тұрғындар экологиялық жауапкершілікті тереңірек түсініп, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады. Шара халықты ортақ мақсатқа біріктіріп, әрбір азаматты өз ауласы мен тұрғылықты жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндейді. Осындай бастамалар экологиялық сананың дамуына ықпал етіп, болашақ ұрпаққа таза әрі қолайлы орта қалдыруға мүмкіндік береді. Биыл да жастар бұл акцияға белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғау ісіне өз үлестерін қосып келеді», – деді облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары М. Мырзатай.
Экологиялық бастамалар облыстың аудандарында да белсенді қолдау тапты. Жуалы, Сарысу аудандарында «Таза саябақ» акциясы аясында ауданның орталық саябақтарына тазарту жұмыстары жүргізілді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай форматтар жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сауатты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.
Жамбыл облысында тұрғындардың тазалық жөнінде жергілікті атқарушы органдарға «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі арқылы телеграмм-ботпен өтінім беруге мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері платформа арқылы 208 өтінім түскен.
2030 жылға дейінгі «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың өңірлік жоспары аясында халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, энергия мен суды үнемді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және жасыл желектерді отырғызу бағытында 47 маңызды іс-шара жоспарланса, 2026 жылы 36 іс-шара іске асырылады.




