жұма, 14 ақпан, 2025 12:46

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қордайлықтармен кездесті

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қордайлықтармен кездесті
Фото - Jambylinfo.kz
Жиында тұрғындар тарапынан бірқатар маңызды мәселе көтерілді

 Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Кездесуді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, өңірдің экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

 Өздеріңіз жақсы білесіздер, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел дамуының басты бағыттарын айқындап берген болатын. Бұл – ірі инфрақұрылым жобаларды, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту, салық-бюджет саясатын реформалау және инвестиция тарту мәселелері. Бұған қоса, әлеуметтік қолдау, білім беру және денсаулық сақтау саласында шешілуі тиіс түйіндерге ерекше мән берді. Азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерін шешуді, олармен ұдайы керіс байланыс орнатуды міндеттеді.  Түптеп келгенде біздің басты мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Өңірдегі барлық әкімдермен осы бағыттағы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыратын боламыз.
Арнайы жоспар бекітіліп, тұрақты бақылауға алынатын болады,- дей келіп Ербол Шырақпайұлы облыста атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.


Аймақ басшысының айтуынша өткен жылы облыста экономикалық өсім 104,3 пайызды құраған. Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 101,9 пайыз деңгейде (913,1 млрд. теңге) (ҚР– 102,8%) қалыптасса, ауыл шаруашылығында 488,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін былтыр 627 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның  17-і комбайн, 48-і трактор, 65-і ауыл шаруашылығы техникасы, 118-і аспалы және тіркеме техникасы және 7 қызылша жинау комбайны алынған. Осының нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 8,9 пайызды құраған.

 Жалпы облысқа өткен жылы 506,8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 214 миллиард теңгеге 35 жоба іске асырылып, 1,5 мың жұмыс орны құрылды. Бюджет және жеке қаражаты есебінен 2 706 пәтерлі  64 тұрғын үй пайдалануға берілді.Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік-осал топтары үшін 23,2 миллиард теңгеге 1671 пәтер сатып алынды. Инфляция деңгейі 107 пайызды құрап, жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайыз болып қалыптасты. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 62,7 мың адам (өтеусіз гранттар, тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, субсидияланатын жұмыс орындар) тартылды. Ал жалпы Қордай ауданында өткен жылдың қорытындысымен инвестициядан басқа салаларда оң динамика қалыптысты. Сондай-ақ, өнеркәсіп өндірісі 101,1, бөлшек сауда тауар айналымы 104, құрылыс жұмыстары 142,3, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 102,4. ауыл шаруашылығы саласында 104,8 пайыз өсімге қол жеткізілді.  Дегенмен, алда маңызды міндеттер бар. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы аудан әкімі толығырақ баяндайды, - деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

  Осыдан кейін Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындары алдында ауқымды есептік баяндамасын жасап, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы қорытындысымен таныстырып алдағы жоспарымен бөлісті. 
Аймақ басшысы баяндамашыға "Инвестициялық жобалар пульты қалыптасқан ба?" Деп сұрақ қоя келіп, бұл бағыттағы жұмыс барысын сұрады. Аудан әкімі бұл бағытта 4 ірі жобаның қолға алынғанын, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Ербол Қарашөкеев аудан басшысына инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек екенін, қажет болса көмек көрсетуге дайын екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ ауданда басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыс қорытындылары жеке-жеке талқыланып, талданды.

 

Аймақ басшысы Қордай аудан басшылығына биыл кемі екі кен байыту фабрикасы салынып, жұмыс істеу керектігін, алтын өндірісі жанданып, олардан салыққа екі миллиардтан аса қаржы түсуі керектігін қатаң ескертті. Жиын барысында тұрғын үй құрылысы, аудандағы азық-түлік бағамын тұрақтандыру, әлеуметтік сала мен құқық қорғау бойынша да мәселелер жан-жақты қаралып, сараланды.
Сұрақ-жауап бөлімінде аудан тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мықтыбек Алтыбайұлы Қордай ауылындағы орталық стадионды заман талабына сай қайта жабдықтауды сұрады. Ал аудандық мәслихаттың депутаты, көпбалалы ана Камила Дургалова бірқатар мәселені көтерді. Оның ішінде қайта жаңғыртуды қажет ететін музыка мектебі, мұражай, жастар үйі мен кітапханаға уақыт талабымен үндесетін жаңа ғимарат керек екендігін жеткізді. Бұдан бөлек, ауданда неке қию үйі, Тараз қаласындағыдай этно-мәдени орталықтар отырып бірлесе жұмыс істейтін орталық салу үшін облыстан қаржы бөлуді сұранды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әбдікерімұлы аудандық аурухана мен емханаға жаңа ғимарат керек екенін айтты. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары тарапынан жолды кеңейту, көпір салу тағы басқа да мәселелер көтерілді. 
Аудан тұрғындары тарапынан түскен бірде-бір сұрақ жауапсыз қалмады. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар мен ескертпелерге жан-жақты мысалдар келтіре отырып жауап берді.

"Бүгінгі кездесуде сіздердің тараптан көтерілген ұсыныстардың дені қаржы бөлу мәселесіне келіп тіреліп отыр. Сіздердің ұсыныстарыңызды облыс бюджетін қарау барысында назарға алып, жұмыс істейтін боламыз",-деді Ербол Шырақпайұлы. 

Жиыннан соң облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, қабылдау өткізді.

 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар