Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қордай ауданындағы Отар ауылында 180 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Былтыр аймақ басшысы Отар ауылына алғаш арнайы ат басын бұрып, тұрғындармен кездескенде жергілікті халық көптеген мәселелерді көтерген болатын. Ол мәселелердің негізгілері –Мәдениет үйі мен спорт кешенінің салу және көгілдір отынның қажеттілігі еді.
Халық өтінішін назарға алған аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстар жедел қолға алынатынын жеткізген. Әкімнің жеке бақылауымен тұрғындардың тілегі орындалып, аталған мәселелер өз шешімін тапты.
Бұған дейін ауылға газ тартылса, жақында ғана спорт кешені пайдалануға берілді. Енді,міне, жаңадан бой көтерген Мәдениет үйі ашылып отыр.
- Бүгін біз үшін көптен күткен қуанышты күн. 40-50 жыл бойы ауылымызға газ кірсе деп армандап келген едік. Бұл мәселе бойынша бармаған жеріміз жоқ еді. Ақыры облыс басшысы мәселемізді өз назарына алып, ауылға көгілдір отын тартып берді. Өзім жиырма жыл ауыл ақсақалдарының төрағасы болдым. Көптен бері ауылға спорт кешені, Мәдениет үйі қажет екенін мәселе ретінде көтеріп келдік. Ол өтініштеріміз де назардан тыс қалмай, орындалып отыр. Осы үшін Мемлекет және облыс басшысына, осы іске атсалысқан барлық азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, - дейді Қордай ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Әбдіқасым Иманқұлов.
Аймақ басшысы жаңа ғимаратты аралап көріп, оның жоспарлы жұмысымен танысты.
Айта кетсек, ғимараттың құрылысы былтыр қыркүйек айында басталып, қазіргі таңда жұмыстар толығымен аяқталған. Нысанның мердігері – «Байсын-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Екі қабатты зәулім ғимаратта вокал, көркем сөз, домбыра, хореография, қолөнер, әжелер және аталар ансамблі секілді үйірмелер жұмыс істейді. Онда 14 қызметкер еңбек етуде. Оған қоса 12 мың дана кітап қоры бар.
- Біз секілді қарияларға газдың келгені үлкен қамқорлық болды. Ал Мәдениет үйі ауылымыздың жалынды, өнерлі жастары үшін керемет тарту. Өтінішімізді елеп, еңселі нысанның бой көтеруіне атсалысқан баршаға ризашылығымызды білдіреміз,- дейді ауыл тұрғыны Әлімбүбі Иманқұлова.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылда балаларға арналған Президент шыршасы өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 24 желтоқсан, 2024