Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жамбыл облысында бірқатар кездесу өткізді
- авторМағжан Орынбасар
- 14 сәуір, 2025
- 255

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жамбыл облысындағы іс-сапары аясында әлеуметтік сала және дін қызметкерлерімен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әулиеата өңіріне арнайы іссапармен келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев алдымен руханият, мәдениет және спорт саласының қызметкерлерімен кездесті. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен жиын барысында осынау әлеуметтік салаларға қатысты бірқатар мәселелер сараланып, ұтымды ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Басқосуды ашқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамаларын түсіндіру екенін атап өтті. Аймақ басшысы өз сөзінде Президент туризм саласын дамытуға айрықша көңіл бөлгенін айтып, былтыр біздің өңірге келген туристер саны – 27 пайызға артқанын жеткізді.
– Расында, мәдениет және идеология саласында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Дегенмен, әлі де іске асырылатын шаруалар бар. Мәселен, өткен жылы Жамбыл жұртшылығы облыстың құрылғанына 85 жыл толуын жоғары деңгейде атап өтті. Көне заманнан басталатын тарихымызды түгендеп, оны келер ұрпаққа жеткізу – басты міндетіміз. Президентіміз Жамбыл облысында туризм саласын дамытуға мән беріп отыр. Сондай-ақ, 18 туристік бизнес субьектілеріне мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Облыста 40 негізгі нысан арқылы өтетін 10 жаңа нысан әзірленді. 3 туристік нысанға баратын жол және 2 туристік нысанға газ құбырын жүргізу жоспарланып отыр. Туризм саласында жалпы құны – 17,6 миллиард теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы жобалардың іске асыру нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биыл туризм саласын дамыту мақсатында 10 ауқымды іс-шара өткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда ұлт денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, денсаулық саласын дамыту мен бұл салаға инвестиция тартуды жалғастыру қажеттігін баса айтты. Облыста өткен жылы 22 денсаулық сақтау нысаны беріліп, бір ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 18 диагностикалық техника, 38 санитарлық көлік сатып алынды. Биыл 4 нысанды ел игіліне беруді және 6 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар, – деген Ербол Шырақпайұлы өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шөлдала елді мекенінде бір, Қордай ауданында екі білім ошағы пайдалануға беру мақсат етіліп отырғанына тоқталды.
Бұдан кейін А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының актері Асқарбек Сейілхан сөз алып, театр саласындағы жағымды жаңалықтар мен жаңа қойылымдар туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл аталған театрдың 90 жылдығы кең көлемде атап өтілмек. Белгілі әртіс осы ретте театрға академиялық атақ берілсе деген тілегін жеткізді. Ал, «Айша бибі» саноториясының бас дәрігері Райқұл Нұржанов Президент Ұлттық Құрылтайда есірткі саудасы, нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, агрессия, вандализм және ысырапшылықтардың таралуын тоқтатуға шақырғанын баса айтып, бұл – болашақ ұрпағымыздың денсаулығына, олардың психо-эмоциональды жағдайына оң әсер етеді деді.
Жиынды қорытындылаған Мәлік Нұржанұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Ұлттық Құрылтайда айтқан идеялары мен бастамаларына кеңінен тоқталып, алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жайын атап өтті. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы бағдарламалық баяндамасында бес негізгі мәселелерді көтергенін жеткізді.
– Әулиеата өңірінде тек өнеркәсіп, өндіріс ғана емес, мәдениет пен денсаулық сақтау салаларында көптеген жаңалықтар бар. Мұның бәрі – Ұлттық Құрылтайда Президент айтқан «Қуатты аймақ – қуатты ел» ұлттық тұжырымдамасына сай келеді. Әрине, күнделікті күйбең тіршілікте көптеген мәселелерді алға тарта береміз. Себебі, еліміздің тәуелсіздігін сақтау – баршаның міндеті. Алдымызда тәуелсіздің 40 жылдығын атап өту межесі тұр. Біз осынау күнді атап өте отырып, мемлекетіміздің Мәңгілік ел болу жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Бұл ретте әрбіріміз өзіміз еңбек ететін саламызда бел жазбай қызмет етуге тиіспіз. Өйткені, ең маңызды мәселе – мемлекетімізді сақтап қалу, – деген Президент кеңесшісі жамбылдықтарға Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
Сонымен қатар бүгін Жамбыл облысының ақпарат айдыны тағы бір мерзімді басылыммен толықты. «Aulieata-media» серіктестігіне қарасты «Tekturmas» республикалық журналының тұсаукесер рәсімі өтті
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен салтанатты жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілдері және көзіқарақты оқырмандар қатысты.
Аймақ басшысының орынбасары Серік Жақсылықұлы қазақтың бай тарихы мен рухани мұрасын дәріптеу жолында жарық көріп отырған «Тектұрмас» журналының мән-маңызына кеңірек тоқталды.
– Бұл журнал – бабалар аманатына адалдықтың, бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін парасат мінберінің бірі боларына сенеміз. Журналдың мақсаты – ұлт тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, ұлттық болмыс пен заманауи ой-толғамдарды ұрпақ санасына сіңіру. Бұл бағытта еңбек етіп жатқан шығармашылық ұжымға алғысымды білдіремін. «Тектұрмас» журналы – Жамбыл өңірінің рухани тынысын кеңейтіп, ел ішіндегі дарынды қаламгерлерге, жас зерттеушілер мен өнер иелеріне жаңа мүмкіндіктер ашатын алаң. Аймақтың тарихи-мәдени келбетін кең көлемде насихаттау арқылы журнал өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады. Сонымен қатар бұл басылым – жастар мен зиялы қауым арасындағы байланысты нығайтып, бүгінгі рухани сұраныс пен тарихи сабақтастықты жалғайтын алтын көпірге айналмақ. Сондықтан «Тектұрмас» – бір өңірдің ғана емес, барша қазақ руханиятының ортақ мұрасы, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Сонымен қатар іс-шара барысында алғашқылардың бірі болып сөз алған «Aulieata-media» серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы «Tekturmas» журналының бағыт-бағдары мен басты басымдықтарын атап, медиахолдингтің толайым шығармашылық табысы туралы баяндады.
– «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген. Қалың оқырманға жол тартқалы тұрған жаңа журналдың «Tekturmas» атын алуы да тегін емес. Ағыны да, арыны да қатты Талас өзенінің сағасында, Ұлы Жібек жолының бойында менмұндалап тұрған тарихи жәдігер – өткеннен өнеге іздеген өскелең ұрпаққа таптырмас темірқазық. Дәл сол секілді кешегісіне қайырылып, бүгінгісін бағамдап, сол арқылы болашағын барлай білген қоғам үшін – бұл журналдың маңызы орасан зор деп білеміз. Оқырман аудиториясы кең, барлық бағытты қамтыған төл басылымның жарыққа шығуын аса зор ықыласпен қабылдап, қоғамдық-саяси маңызын терең түсініп, еліміздің түпкір-түпкірінен ақжарма лебізін жолдап жатқан зиялы қауымның қатары қалың. Бұл – өз кезегінде біздің «Aulieata-media» серіктестігіне үлкен сенім жүгін жүктейді, – деді медиахолдинг басшысы.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Пернебай Дүйсенбин мен «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, драматург Елен Әлімжан жаңа басылымға қатысты ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
Рухани басқосудың негізі бөлімінде жаңа журналдың тұсауын салтанатты түрде Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы мен драматург Елен Әбдуатұлы және жазушы Пернебай Дүйсенбин кесті.
Өңірге жасаған жұмыс сапары барысында жақсы істің басынан табылған Мәлік Нұржанұлы жаңа басылымның редакция алқасына толайым шығармашылық табыс тіледі.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жамбыл облысының имамдарымен кездесті
Жиынға Тараз қаласындағы мешіттердің бас имамдары, «Һибатулла Тарази» медресе-колледжі шәкірттері мен мешіт жанынан құрылған әжелер алқасы қатысты.
Мәлік Отарбаев кездесуде Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы тапсырмаларды жүзеге асыру жөніндегі маңызды тақырыптар аясында сөз өрбітті.
Президент кеңесшісі Жолдауда еліміздің азаматтарының дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайтындығы айтылғанын жеткізді. Сонымен қатар бұл бағытта да құзырлы органдар тиісті жұмыстарын атқарып жатқандығын еске салды.
Бұдан бөлек, дін қызметкерлерімен жаңа қоғамға сай білім-біліктілігін арттыру мәселесін талқылады.
Өз кезегінде дін қызметкерлері көкейде жүрген сауалдарын жолдап, ұсыныс - пікірлерін де жеткізді.