«Шашылған қоқыс, қаулаған шөп». Тараздың көшелерінде неге қоқыс шашылып жатады
- авторИндира Тәліпқызы
- 20 мамыр, 2024
- 458
Көне Тараз шаһары жасыл желегімен, тазалығымен ерекшеленетін қала. Алайда, соңғы уақытта қала ішін айтпағанда, орталық көшелерде қоқыс шашылып жатқанын жиі көруге болады. Сонымен қатар, қала көшелерінде қоқыс жәшіктері аз екенін де аңғаруға болады. Аталған мәселеге орай jambylinfo.kz тілшісі қала тазалығына жауапты «Жасыл ел –Тараз» мекемесіне хабарласты.
«Жасыл ел-Тараз» – әкімдікке қарасты қала тазалығына жауапты мекеме. Қазір бұл мекемеде 857 адам жұмыс істейді. Ал оның 350-еуі қаладағы 78 көшенің тазалығына қарайды.
«Жасыл ел –Тараз» мекемесінің өндірістік іс бойынша директордың орынбасары Айдын Бейсеков орталық көшелерде, соның ішінде Төле би даңғылы мен Әйтеке би, Желтоқсан көшелерінде қоқыс тастайтын жәшіктер аз болғандықтан, көшеде қоқыстың шашылып жатады дейді.
«Иә, қала орталығында кейбір көшелерге қоқыс жәшігі жетіспейді. Мысалы, Төле би, Желтоқсан, Әйтиев көшелерін айтуға болады. Былтыр қалаға 50 қоқыс жәшігі орнатылса, биыл тағы 50 жәшік орнату жоспарда бар»,-дейді Айдын Жарқынбекұлы.
Айдын Жарқынбекұлының айтуынша, қоқыс жәшігін орнату мәселесі бойынша Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс жасалған.