жұма, 27 желтоқсан, 2024 11:14

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Студенттер қашықтан оқуға қаншалықты дайын?

Студенттер қашықтан оқуға қаншалықты дайын?
ашық дереккөзі
Студенттер қашықтан оқуға қаншалықты дайын?

Елімізде төтенше жағдай жарияланған 16 наурыздан бастап колледждер мен жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға көшкені белгілі. Жаңа форматтағы оқыту технологиясы алғаш рет енгізіліп отырғандықтан білім беру саласында бірқатар қиындықтар туындады. Салада орын алған олқылықтар студенттердің сапалы білім алуына азды-көпті кедергісін тигізгені рас. Ал жаңа оқу жылына дайындық қалай? Көзді ашып-жұмғанша жазғы демалыс та аяқталып, жаңа оқу жылы басталатын күн де жақындады. Кемшіліктер жойылып, олқылықтардың орны толды ма? Осы орайда өңірдегі оқу орындарының 2020-2021 оқу жылына дайындығын саралап көрген едік.

Осы аптада облысымыздағы жоғары оқу орындарының басшылығы әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, жаңа оқу жылына дайындық барысын жан-жақты баяндады. Мәселен дүйсенбі күні М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Махметғали Сарыбеков әлеуметтік желі арқылы тікелей байланысқа шығып, профессор-оқытушылар құрамы және студенттермен онлайн форматта кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Махметғали Нұрғалиұлының айтуынша, өңірлік университетте қашықтан оқытуға байланысты өткен оқу жылында туындаған мәселелерді ескере отырып дайындық жұмыстары жүргізілуде екен. – Қандай жағдай болмасын жастар білімнен қағылмауы керек. Білім қуып келген студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру біздің басты мақсатымыз. Сол мақсатта елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті жоспарға сай тиісті жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда талапкерлердің құжаттарын қабылдау жүріп жатыр. Бұрын жоғары оқу орнына қабылдау 25 тамызда аяқталатын болса, ағымдағы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімі бойынша үш күнге созылды. Яғни 28 тамыз күні Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдау аяқталады. Жалпы бүгінгі күнге дейін өңірлік университетке мемлекеттік тапсырыс бойынша 811 талапкер қабылданды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатын студенттердің саны бұрнағы жылдармен салыстырғанда біршама көп. Одан бөлек биыл жергілікті бюджеттен де 30 грант бөлінді. Ал төлемақы негізінде қабылданған талапкерлер саны 1157-ге жетіп отыр. Сондай-ақ қашықтан оқыту технологиясы бойынша жоғары білім алуға 932 талапкер өтініш білдірді. Қазірге дейін 2914 талапкер қабылданды. Қабылдау әлі де жалғасып жатқанын ескеретін болсақ, биылғы оқу жылында 3000 аса талапкер оқуға қабылданады деп жоспарлануда. Жылда университетте алғашқы 1-2 апта бірінші курсқа қабылданған студенттерді университеттің білім беру жүйесіне бейімдеуге арналатын. Оқу жылын дәстүрлі ректордың дәрісінен бастайтынбыз. Биыл өкінішке қарай дәріс оқуға мүмкіншілік жоқ. Дегенмен оқу орнының табалдырығын аттаған студенттер 1-5 қыркүйек аралығында ректордың онлайн форматтағы лекцияларын тыңдайтын болады. Одан бөлек алғашқы оқу аптасында онлайн форматта түрлі кездесулер ұйымдастырады. Себебі бірінші курс студенттері университетінің тыныс-тіршілігімен, тарихымен, оқу процесімен жан-жақты танысуы керек. Ал ресми түрде сабақтар екінші аптадан, яғни 7 қыркүйектен басталады. Екінші, үшінші, төртінші, бесінші курс студенттері үшін сабақ кестесі дайындалды. Кестеге біршама өзгерістер енгізілді. Бұрын «Ustaz» университетінде сабақ 50 минут болатын. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 75 минутқа жалғасатын. Ақылдаса келе сабақты 75 минуттан қойып отырмыз. Негізі ҚР Білім және ғылым министрлігінің нұсқауы бойынша сабақ 40 минуттан аспауы керек. Осы орайда сабақтың ұзақтығына байланысты түрлі сұрақ туындауы мүмкін. 40 минутта сабақ жүргізілсе, қалған 35 минут пікір-алмасуға арналатын болады, – деген Махметғали Нұрғалиұлы профессор-оқытушылардың қашықтан оқытуға дайындығына да ерекше мән беріліп отырғанын айтып өтті. Университетте оқытушылардың біліктілігін арттыру, қайта даярлау мақсатында түрлі курстар ұйымдастырлыпты. Маусым және шілде айларында 72 сағат көлемінде 40 ұстаз курстан өтіп, шеберлігін шыңдаған екен. Ал сейсенбі күні тікелей байланысқа шыққан Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің бірінші проректоры Асқар Абдуалы 2020-2021 оқу жылы «Университеттің 2020-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы» негізінде оқу орнының жаңа миссиясымен басталғалы отырғанын айтады. Пандемияға байланысты 2020-2021 оқу жылына қашықтан білім беру технологиясы аясында қосымша бірқатар шаралар қабылданған екен. – Бүгінгі таңда қашықтан оқыту технологиялық жүйесін дамытудың жол картасы әзірленіп, бекітілді. Білім беру порталында 2020-2021 оқу жылына арналған оқыту бағыттары бойынша қашықтықтықтан оқыту жүйесін ұйымдастыру және дұрыс қызмет етуі үшін профессор-оқытушылар мен студенттер үшін білім беру бағдарламасы (ОП), эллективтік пәндердің катологы, (КЭД) оқу жұмыс жоспары (РУП) қамтамасыз етілген. Сонымен қатар оқытушылар мен студенттерге арналған қашықтан оқыту технологиясы бойынша нұсқаулар, туындайтын сұрақтар бойынша сall-орталық ұйымдастырылған. Сілтемелерін «Қашықтан оқыту» порталынан көруге болады. Қашықтан оқытудың негізі ретінде оқытуды басқарудың автоматтандырылған Moodle жүйесі таңдалды. Университетте жаңа оқу жылы қарсаңында Moodle жүйесінің серверлік қуаттылығы былтырғы жылға қарғанда жоғарылатылды. Пән оқытушылары оқу сабақтарын қашықтан оқыту жүйесі Moodle білім беру платформалары базасында өткізеді. Дәріс сабақтарын оқытушы онлайн түрде өткізіп, ҚОЖ Moodle жүйесінде тиісті сілтемелерді орналастыру арқылы немесе осы жүйелерде алдын ала жазылған дәріске сілтеме орналастыру арқылы жүргізеді. Семинар және практикалық сабақтар тиісті бағдарламалық құралдарды пайдалана отырып, бейнеконференция форматында онлайн-режимде өткізіледі. Оқытушылар апта сайын бекітілген кестеге сәйкес бейнеконференциялар мен вебинарларды өткізу үшін, жазбаша жұмыстарды тексеру, орындалған тапсырмалар үшін балл қою және білім алушыларға кері байланыс беру үшін қашықтан оқыту жүйесіне кіреді. Сабақтар бұрын бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі. Қашықтан оқыту технологиясы көмегімен өткізілетін сабақтарға білім алушылардың қатысуын бақылауды пән оқытушысы, шығарушы кафедра және қашықтан оқыту орталығы арқылы жүзеге асырады. Жалпы айтқанда қашықтан оқыту технологиясы негізінде жаңа оқу жылын бастауға дайынбыз, – дейді А.Абдуалы. Ал 2020-2021 оқу жылын 46 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі (23 мемлекеттік, 20 мемлекеттік емес) 20 мыңнан аса (20 088) студентпен жұмысын бастайды. Биыл техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 61 мамандық бойынша 30 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына 4168 орын бөлінген. Мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылмен салыстырылғанда 1086 орынға артқан. Белгілі санатты азаматтарға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 770 орын бөлініпті. Қашықтан оқыту zhambyltipo.kz, dhmc.zhambyl.kz, сайты арқылы жүзеге асырылады. Сайт қолжетімсіз болған жағдайда сайттың балама түрі ретінде «whatsapp», «telegram», «Zoom» қосымшалары пайдаланылады. Колледж оқытушыларына қашықтан оқыту бойынша алгоритм таратылып, бейнеконференция бойынша түсіндіріліп, презентация жасалған. Жалпы өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждер кезінде кеткен қате-кемшіліктен сабақ алып, жаңа оқу жылына тастүйін дайын отыр. Оқу орындарының басшылығы оқу процесі барысында түрлі қиындықтарға тап болмас үшін алдын алу жұмыстарын жүргізіП, тиісті шешімдер қабылдаған. Сондықтан да қашықтан оқыту қиындық туындатпайды деген ойдамыз.

Талғат НҰРХАНОВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар