Таразда 59 көп қабатты үйге қашан ыстық су берілетіні белгілі болды
- авторИндира Тәліпқызы
- 14 мамыр, 2024
- 816
Ертең қаладағы 890 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су берілсе, қалған 59 үйге ыстық су қыркүйек айына дейін кезең-кезеңімен беріледі. Бұл туралы Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил jambylinfo.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.
Қайрат Исмаилдың айтуынша, М1 магистральді жөндеу жұмыстары толық аяқталмауына байланысты қала тұрғындарын ыстық сумен 100 пайыз қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр.
«Өздеріңіз білесіздер, сәуір айының 15-і күні қалада ыстық су уақытша тоқтаған болатын. 1 айға жуық М1 магистаралының жылу желісі жөнделеді. Бүгін арнайы мамандар көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелеріне кіріп, ыстық суды қосады. Ертең, яғни 15 мамыр күні қаладағы 890 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су беріледі. Оның өзі үш күнге созылады. 15,16,17 мамырды қамтиды. Ал қалған 59 үйге әзірге ыстық су берілмейді. Себебі, М1 жылу жүйесіне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары толық аяқталған жоқ. Атап айтқанда, Сыпатай батыр, Аққозыиев, Әйтиев, Желтоқстан көшелері мен Жамбыл мен Абай даңғылы бойындағы бас-аяғы 59 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су қосылмайды», - деді ол.
Қала әкімінің сөзінше, аталған 59 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су кезең-кезеңімен берілмек.
«Бұл үйлерге ыстық суды кезең-кезеңімен қосамыз.. Айталық Жамбыл, Төле би даңғылы мен Қойгелді көшесінің аралығындағы 9 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су шілде айында берілсе, 19 үйге тамыз айында беріледі. Алған 31 үйге ыстық су қыркүйек айында қосылады деп жоспарлап отырмыз», - деді Қайрат Исмаил.
jambylinfo.kz тілшісі қала әкімінің орынбасарынан шаһар тұрғындарының 15 пайызы жаз бойына ыстық сусыз отыруы қолайсыздық тудыратынын алға тартып, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылатынын сұрады.
«Жоғарыда атап өткенімдей, М1 магистраліндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталмай, бұл 59 көпқабатты тұрғын үйді жоспарлаған мерзімнен бұрын ыстық сумен қамтамасыз ете аламаймыз. Ыстық су қай үйлерге нақты қашан берілетіні туралы Тараз қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында толық ақпарат жарияланады», - деп жауап берді.
Сондай-ақ, сұхбат барысында jambylinfo.kz тілшісі Қайрат Исмаилдан қаладағы «М1 жылу жүйесі неге жыл сайын жөнделе береді, оны біржола жөндеп қоюға болмай ма?» деген сауалдарын қойды
«Біздің М1 магистаралды жылу жүйесі әбден тозған. Міне, 33 жыл бойы қызмет етіп келеді. Негізінде 25 жыл сайын толық ауыстырып, жаңалауды талап етеді. Соңғы 3 жылдың ішінде құбырлар 14 рет жарылған. Сол себепті, жөндеу жұмыстарын көктем-жаз мезілінде жасауға мәжбүрміз», - деп жауап берді ол.