жұма, 9 мамыр, 2025 6:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда «Aulieata Book» республикалық кітап фестивалі өтті

Таразда «Aulieata Book» республикалық кітап фестивалі өтті
Фото - ашық дереккөз
Шара екі күнге жоспарланды.

Тараз қаласында 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Aulieata Book» республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылды. Екі күнге созылған бұл ауқымды шарада жаңадан жарық көрген кітаптардың тұсауы кесіліп, әдебиет пен баспа саласындағы жаңалықтар кеңінен насихатталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Фестивальге Алматы қаласынан келген 12 ірі баспа мен кітап дүкендері қатысты. Олар өз өнімдерін көпшілікке кеңінен таныстырып, оқырмандармен еркін форматта жүздесті. Аталған шараға белгілі ақын-жазушылар, баспа өкілдері мен кітап сүйер қауым жиналды.

Фестиваль биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл – біз үшін өте маңызды шара. Кітап – ата-бабаларымыздан қалған үлкен мұра. Сондықтан осындай әдеби жиындардың дәстүрге айналуы – құптарлық іс, – деді Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова.

Іс-шара аясында Қордайлық ақындар Мағауия Амангелді мен Дәмегүл Бахытжанованың жаңа жыр жинақтарының тұсауы кесілді. Сонымен қатар, қалалық және аудандық кітапханалардың көрмелері ұйымдастырылып, түрлі жанрдағы әдебиеттер көпшілік назарына ұсынылды.

Фестивальдің аясында өткен әдеби кездесулер де көптің көңілінен шықты. Әдеби ортада өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерлер – Steppe&World баспасының редакторы Ырысбек Дәбей, жазушы Мақсат Мәлік және республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын Ерлан Жүніс арнайы қонақ ретінде шақырылып, әдебиет, шығармашылық және бүгінгі баспа ісіндегі жаңа үдерістер туралы кеңінен ой қозғады. Қонақтар оқырмандармен ашық диалог форматында кездесіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Фестивальге «Алқа Арман-ПВ», «Астана кітап», «Қасым Таймас», «Отбасы хрестоматиясы» сынды танымал баспалар мен букинистік кітап сауда үйлері қатысты.

 «Арман-ПВ» баспасының 23 жылдық тарихы бар. Осы уақыт ішінде біз 15 миллионнан астам кітап шығарып, білім беру саласына цифрлық кітаптар мен онлайн платформаларды енгіздік. Бұл – оқу процесін жеңілдетіп, қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Біздің баспа мектептерге арналған оқулықтар, әдістемелік құралдар, балалар әдебиеті, танымдық энциклопедиялар және талапкерлерге арналған оқу жинақтарын шығарады, – деді «Арман-ПВ» баспасының сату менеджері Баян Тәліпова.

Айта кетейік, республикалық кітап фестивалі елімізде 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Ал Таразда бұл үрдіс 2023 жылы бастау алған. 

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар