Алаяқтардың арбауына түспеу үшін нені білу керек
- авторБақытжан Бекболат
- 18 сәуір, 2025
- 2.0k

Бұл жөнінде HeadHunter сарапшылары алаяқтардың ең көп қолданатын екі тәсілін атап өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Біріншісі – жалған электронды хат.
Алаяқтар жұмыс іздеу платформасының атынан хат жолдап, сіздің атыңыздан жүйеге кіру әрекеті тіркелгенін хабарлайды. Олар парольді дереу ауыстыруды сұрап, сілтеме ұсынады. Алайда бұл сілтеме арқылы өтсеңіз, жеке деректеріңіз үшін қауіп туындайды.
"Пайдаланушы сол сілтеме арқылы өтсе, жалған сайтқа тап болады. Бұл сайт түпнұсқа парақшаға қатты ұқсас болады. Құпиясөзді енгізгенде адам өзінің аккаунтын, яғни жеке немесе төлем деректерін өзі-ақ алаяқтардың қолына береді", – деп түсіндірді HeadHunter мамандары.
Екіншісі – жалған жұмыс ұсыныстары.
Мессенджер немесе телефон арқылы өздерін кадрлық агенттік не жұмысқа орналастыру платформасының өкілі ретінде таныстырып, қызықты жұмыс ұсынады. Бірақ соңында белгілі бір соманы алдын ала төлеу немесе күмәнді сілтемеге өту секілді күдікті талаптар қойылады.
Мысалы:
жұмысқа бірден қабылдауға дайын жұмыс беруші бар, бірақ ол үшін жеке құжаттардың көшірмесін, жеке деректеріңізді немесе банк картасының мәліметін жіберу керек;
ақылы курсқа қатысуды ұсынып, одан кейін "армандаған жұмысыңыз міндетті түрде табылады" деп сендіреді;
тек сізге арналған бірегей жұмыс ұсынысы бар екенін айтып, оны көру үшін арнайы сілтемеге өтуді сұрайды;
құпия бос жұмыс орындары бар тізімге қол жеткізу үшін белгілі бір сома сұрайды немесе сілтемені басуды талап етеді.
HeadHunter өкілдері өздерінің тек өз компанияларына қызметкер қажет болғанда ғана үміткерлермен байланысқа шығатынын және барлық бос жұмыс орындарының тек ресми сайтта – hh.kz бетінде жарияланатынын ескертеді.
Алаяқтарға алданбау үшін мына кеңестерді есте сақтаңыз:
Хатты қай мекенжайдан алғаныңызға назар аударыңыз. Алаяқтар ресми стильде безендірілген, логотипі бар жалған хаттар жібереді. Мысалы, мекенжайдың соңындағы ".kz" орнына ".com" болуы мүмкін – мұндай ұсақ-түйекке мән беріңіз.
Күтпеген жерден келген хаттарға, хабарламаларға немесе қоңырауларға сенбеңіз. Егер өзіңіз резюме қалдырмаған болсаңыз, бірақ біреу сізге ұсыныс жасап жатса – бұл күдік тудыруы тиіс.
Ешқашан бейтаныс адамдарға жеке мәліметтеріңізді – ЖСН, банк картасының деректері, ПИН-код, құпиясөздеріңізді бермеңіз.