Таразда «Сарбаз болғым келеді» атты тағылымды кездесу өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 30 қаңтар, 2025
- 381

Осы орайда, жас ұрпақтың бойында патриоттық сана қалыптастыру, оларды әскери қызметке ынталандыру мақсатында 2025 жылдың 30 қаңтарында Тараз теміржол көлік және телекоммуникация колледжінде «Сарбаз болғым келеді» атты тағылымды кездесу өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Аталған шараны 5513 әскери бөлімі мен Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» бірлесіп ұйымдастырды. Кездесуге «Жастар ресурстық орталығының» қызметкері Байпақ Дархан Қуанышұлы, 5513 әскери бөлімінің офицері, майор Рахымбай Нұрсұлтан Қайратұлы, сондай-ақ, қатардағы жауынгерлер Асылбеков Нұртуған Орынбекұлы мен Қалдыбай Нұржеңіс Ғалымжанұлы арнайы қатысты.
Кездесу барысында студенттерге әскери қызметтің маңызы, ел қорғаны болудың жауапкершілігі мен сарбаздық өмірдің ерекшеліктері жайлы кеңінен баяндалды. Майор Рахымбай Нұрсұлтан Қайратұлы жастарды ерлікке, батылдыққа үндеп, әскери қызметтің тек қару ұстаумен шектелмейтінін, оның артында үлкен тәртіп пен асқан жауапкершілік тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ, сарбаздар Асылбеков Нұртуған Орынбекұлы мен Қалдыбай Нұржеңіс Ғалымжанұлы өздерінің әскери өмірдегі қызықты оқиғаларымен, Отан алдындағы борышын өтеу барысында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу жастар үшін ерекше әсерлі болды. Студенттер қонақтарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, әскери қызметтің қыр-сырына терең бойлады. Көпшілігі сарбаз болуға деген қызығушылықтарын білдіріп, әскери өмірге дайындықтың қандай болатыны жайлы білгісі келетінін айтты.
Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастырып қана қоймай, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Елін, жерін қорғауға дайын, жүрегінде намысы бар, қайсар да батыл жастар – тәуелсіз Қазақстанның тірегі. Сондықтан да мұндай кездесулердің маңызы зор, ал олардың берер тәрбиелік мәні өлшеусіз.