Тараздағы ірі сауда орындарында тексерілмеген ет сатылып келген
- авторМағжан Орынбасар
- 10 сәуір, 2024
- 790
Жамбылда прокуратура жүргізген тексеру кезінде ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу, қауіпті ауру ошақтарының алдын алу, оларды жою шаралары жүргізілмегені, сонымен қатар, басқа да заң бұзу фактілері анықталды.
Соңғы 3 жылда облыста эпизоотиялық жағдайды жақсартуға 6,8 млрд теңге бөлінгеніне қарамастан, сібір жарасына қатысты жағдай қанағаттанарлықсыз болып қалып отыр. Вакцинацияланған жануарлар мен нақты мал басы туралы мәліметтердің сәйкес келмеу фактілері барлық жерде бар екен.
"Одан бөлек Шу, Байзақ және Талас аудандарында 1400-ден астам ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі туралы мәліметтер болған кезде меншік иелері ветеринариялық инспекцияны хабардар етпегей, тиісінше жануарлардың өлімінің себептері анықталмаған",- деді прокуратураның баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, Жуалы ауданында бес жүз бас лейкозбен жаппай сырқаттану фактісі бойынша карантиндік шаралар енгізілмеген. Сонымен қатар, ет тасымалдауда, мал шаруашылығы өнімдерін сою және қайта өңдеу цехтарының қызметіне анықтама беру кезінде көптеген бұрыс әрекеттердің беті ашылды.
"Атап айтқанда, Тараз қаласының аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын стихиялық саудамен және союмен ұзақ уақыт айналысатын 2 цех анықталды, олар уәкілетті органдардың назарынан тыс қалған. Барлық заң бұзу фактілері бойынша кінәлі лауазымды адамдардың әкімшілік және тәртіптік жауапкершілігі шешілді, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қадағалау актісі енгізілді",- делінген хабарламада.