жексенбі, 9 ақпан, 2025 10:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында дөңгелек үстел отырысы өтті

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында дөңгелек үстел отырысы өтті
Фото: Jambylinfo.kz
Жыл басынан бері қалада 100-ге жуық эковолонтер тіркелген

Бүгін Таразда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында  «Таза өлке» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Дөңгелек үстелге экология саласының мамандары, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері қатысты.

«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Абзал Есіркеповтың сөзінше, жыл басынан бері қалада 100-ге жуық жас эковолонтер болып тіркелген. Бұл бойынша түсіндіру жұмыстары наурыз айына дейін жалғасады.

•⁠  ⁠Іс-шараның басты мақсаты – жастарды эковолонтерлікке тарту. Бұл кездесуіміз жыл бойы атқаратын іс-шарамыздың басы. Биыл жыл бойына каналдарды тазалау сынды табиғатты аялауға бағытталған жұмыс жоспарымыз бекітілген. Бұл үшін біз қатарымызға эковолонтерлерді көбірек тартуымыз керек. Қазіргі уақытта наурыз айына дейін түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз,- деді Абзал Есіркепов.

Жиында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Әлеуметтік – гуманитарлық пәндер» ПЦК оқытушысы, тарих-география пәндерінің мұғалімі Гүлжанат Оразымбет «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығын айта келе, жастарды қоршаған ортаға жанашыр болуға үндеді.

•⁠  ⁠«Таза Қазақстан» акциясы – бұл жай ғана ұран емес, табиғаттың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Жалпы кез келген адам тазалықты өз отбасынан бастауы керек. Өзіміз күнделікті байқамайтын зиянды әдеттердің өзі ортаға үлкен зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, сусынның босаған ыдысын, пакет, тіпті сағыз тастағанның өзі уақыт өте келе табиғаттың ластануына әкеледі. Бұл жергілікті мәселе болғанымен, кейінірек ауқымы ұлғайып, ғаламдық мәселеге айналады. Сол үшін біз «Таза Қазақстан» акциясына атүсті қарамай, барынша атсалысуымыз керек,- деді Гүлжанат Оразымбет.

Айта кетейік, бүгінгі күні Таразда 500-ге жуық жас табиғат жанашыры бар. Олар «Жасыл-ел» еңбек жасақтарымен бірлесіп жұмыс атқарады. Жалпы, былтыр 5 мыңға жуық жас «Таза Қазақстан» акциясы аясында қаланы тазалау шараларына қатысты.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар