Жамбыл облысында 125 келіге жуық есірткі және 76 тоннадан астам прекурсор анықталды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 қараша, 2024
- 120
Жамбыл облысы аумағында «Дәрмек» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараның негізгі мақсаты – есірткінің заңды айналымы саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтау және дәріханалық нашақорлықтың таралуына жол бермеу.
Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 18 есірткіге байланысты құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде есірткі заттарын аса ірі көлемде заңсыз дайындау, сақтау және тасымалдау бойынша 3 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді.
Сонымен қатар, дәрі-дәрмектерді рецептісіз босатудың 2 дерегі, нысандар мен үй-жайлардың техникалық нығайтылуы талаптарын бұзудың 9 дерегі, лицензиялау нормаларын бұзудың 4 дерегі анықталды.
Іс-шара барысында полицейлер 97 дәріхананы, 6 қойманы, 3 емдеу мекемесін және 4 өнеркәсіптік кәсіпорынды тексерді.
Заңсыз айналымнан 124 келі 750 грамм түрлі есірткі заттары алынды.
Сондай-ақ, сақтау талаптарының бұзылуына байланысты 76 тонна 843 келі прекурсорлар және 3 442 ампула айналымнан шектелді.