Жамбыл облысында бүйректі сақтап қалу үшін алғашқы күрделі ота жасалды
- авторБақытжан Бекболат
- 10 сәуір, 2025
- 202

Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының мамандары алғаш рет бүйрек қызметін сақтап қалуға бағытталған қадам - ісікті резекциялау отасын сәтті өткізді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Яғни, науқастың бүйрегін алып тастамай, тек қатерлі түзілісті жою арқылы органның толық жұмыс істеуіне мүмкіндік берілді.
64 жастағы азамат жағдайы ауырлап, дәрігерлер көмегіне жүгінген. Жоспарлы ультрадыбыстық зерттеу барысында оның оң жақ бүйрегінің төменгі бөлігінде күмәнді түзіліс байқалған. Кейінгі компьютерлік томография нәтижелері дертті нақтылап, бүйрек ісігінің бар екенін растады.
Науқастың жағдайы жан-жақты талқыланған дәрігерлік консилиум нәтижесінде ең оңтайлы шешім ретінде органды сақтай отырып, ісікті резекциялау әдісі таңдалды. Ісіктің көлемі салыстырмалы түрде кіші (2,2 x 2,0 см) болғандықтан, бүйректі түгел алып тастамай, оны сақтап қалу мүмкіндігі жоғары болды.
Жоғары білікті мамандар — дәрігер Ф.А. Халматов пен уролог-дәрігер К.К. Баймұхаметов жасаған ота сәтті өтті.
Бұл медициналық жетістік – Жамбыл облысында хирургия саласының дамуындағы тың серпін. Енді мұндай күрделі оталар облыс аумағында да жасалып, тұрғындарға сапалы көмек көрсету үшін басқа өңірлерге барудың қажеті болмайды. Бұл – жергілікті мамандардың біліктілігі мен медициналық мүмкіндіктердің артып келе жатқанының айқын дәлелі.