жұма, 27 желтоқсан, 2024 5:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысының ардагеріне құрмет көрсетілді

Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысының ардагеріне құрмет көрсетілді
Сурет:jambylinfo.kz
Ғасыр жасаған Шалданбай Шанбаевқа президенттің алғыс хаты табысталды

Бүгін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шанбаевты Жеңіс мерекесіне орай арнайы құттықтады, деп хабарлайды  jambylinfo.kz. 

Жеңіс мерекесінде ардагер қарияны облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов құттықтап барды. Жасы жүзден асқан Шалданбай Шанбаев ақсақал бейбіт күннің ауыр бейнетпен, жауынгерлердің жанқиярлығымен келгенін айтып өтіп, батасын берді. 

“Бастысы бірлік болса, жеңбейтін қамал жоқ. Еліміздің ынтымағы мәңгі болсын! Жұрт аман болсын. Жаратқан  халқымызға қуаныш, бақыт берсін!”, - деп батасын берді майдангер.

Ел президентінің, облыс әкімінің құттықтауын жеткізе келген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қарияға ұзақ ғұмыр тілеп, даңқты ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. 

“Мереке барша халқымызға құтты болсын! Бүгінгі ұрпақтың бақыты үшін жан аямай ерлік көрсетіп, еңбек еткен ата, апаларымыздың еңбегі өлшеусіз. Олар қандай құрметке де лайық. Елдің амандығы үшін бораған оқтың астында от кешкен жандардың алдында бәріміз де қарыздармыз”,- деді облыс әкімінің орынбасары.

Шалданбай Шанбаев Меркі аудандық әскери комисариатынан 1942 жылы 15 тамызда әскерге алынған. Соғыстың соңына дейін ішкі істер әскерлерінің 227 полкі құрамында майданда болып, соғыс біткен соң да әскер қатарында қалып, елге 1949 жылы оралған.

Бұдан соң ол трактор бригадасының бригадирі, санақшы болып жұмыс істеді. 1959 жылдан 1984 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін "Жаңатұрмыс" колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болған. 

II дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Маршал Жуков", және мерекелік медальдармен марапатталған.

Ғасыр жасаған қария әйелі Мәкен Шанбаевамен бірге 9 баланы өсірген. Қазір ұл-қыздарынан 32 немере, 40-тан аса шөбере сүйіп отыр.

Айта кетейік, бүгінгі күні облыста Ұлы Отан соғысына қатысқан 10 ардагер бар. Оның 8-і облыс орталығында,  қалған 2 майдангер Байзақ, Меркі аудандарында тұрады. Жыл сайынғы бір реттік көмек ретінде биыл оларға 1,5 млн теңгеден қаржы берілді.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар