жұма, 5 желтоқсан, 2025 12:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызметтердің сапасы артып келеді

Жамбылда мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызметтердің сапасы артып келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жамбыл облысында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және олардың өмір сапасын жақсарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Оның айтуынша, басқарманың негізгі міндеттерінің бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау және олардың өмір сапасын жақсарту. Бүгінде облыста 45 697 мүгедектігі бар адам тіркелген: олардың 4 871-і – бірінші топта, 16 339-ы – екінші топта, 17 675-і – үшінші топта, ал 18 жасқа дейінгі 6 812 бала бар. 2025 жылы мүгедектігі бар адамдарды жеке оңалту бағдарламасына сәйкес түрлі әлеуметтік құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету үшін 8 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат сурдо-тифлотехникалық құралдар, протездік-ортопедиялық бұйымдар, міндетті гигиеналық құралдар, санаторлық емделу, кресло-арбалар, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтері, инватакси және жаңа бастамаларға бағытталмақ.

Осы жылдың 10 айында «Е-Собес» ақпараттық жүйесі арқылы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жоспарының 91,1 пайызы орындалған, бұл республикадағы орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жоспарланған. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде жыл соңына дейін 262 нысанды бейімдеу қарастырылса, қазіргі таңда 128,3 млн теңге игеріліп, 194 нысан толық бейімделген, 62 нысанға ішінара бейімдеу жұмыстары жүргізілген, 6 нысан әлі бейімделу үстінде.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында инватакси қызметіне 228,7 млн теңге бөлінген. Тараз қаласы мен аудандарда 14 инватакси қызметі жұмыс істейді. 1 қарашаға дейін бұл қызметті 813 адам пайдаланып, оларды тасымалдауға 31 автокөлік жұмылдырылған. Сонымен қатар, инватакси қызметін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы іске асыру тәртібі енгізіліп, оның толық жұмысы 2026 жылдың 1 шілдесінен басталатыны хабарланды. Бұл бағыттағы нақты ережелерді алу үшін басқарма министрлікке ресми хат жолдаған.

Биыл атаулы мерекелер мен мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмекке 1,7 млрд теңге қарастырылған. 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 6 ҰОС ардагері мен мүгедегіне 5 млн теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілген. Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға арналған шығындарды өтеу үшін биыл 1 147 балаға 47,9 млн теңге төленген. Осы жылдың 1 қарашасына дейін мүмкіндігі шектеулі 2 392 азамат жүгініп, олардың 1 922-сі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Оның ішінде 568 адам тұрақты жұмысқа, 507 адам уақытша жұмысқа орналасқан.

Қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары бойынша 35 адам білім алып, 25-і жұмысқа орналастырылды. «Skills enbek» порталы арқылы 124 адам онлайн оқуға жолданып, 108-і сертификат алған. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 495 азамат оқытылып, 108-і сертификатқа ие болды. 193 мүгедектігі бар адам 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грант алып, өз ісін ашты.

Арнайы жұмыс орындарын субсидиялау арқылы 11 мүгедектігі бар адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, жоспар толық орындалды. Сондай-ақ облыстағы 67 мекемеге бекітілген 101 квотаға 89 адам жұмысқа қабылданған. Жаңа қабылданған 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы бойынша жұмыспен қамту көрсеткіштері белгіленген, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды еңбекке тарту көрсеткіші жоспардан жоғары деңгейде орындалып отыр.

Басқармаға қарасты 18 әлеуметтік мекемеде 1 350 адамға қызмет көрсетілсе, оның 909-ы – мүгедектігі бар тұлғалар. Сонымен қатар, мүгедектігі бар ересектер мен балаларға арналған 10 орталықта 1 869 адам арнаулы қызметтермен қамтылған. Үй жағдайындағы күтімге 1 336,9 млн теңге бөлініп, 2 287 адам әлеуметтік қызмет алып отыр. Үкіметтік емес ұйымдар тарапынан 1 083 адамға қызмет көрсетіліп, бұл бағытқа 383,6 млн теңге жұмсалған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 8 жоба шеңберінде 993 азаматқа көмек көрсетілуде.

Биылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер жан басына қаржыландыру жүйесіне көшіріліп, Жамбыл облысында 39 ұйым бұл жүйеге өтуге дайындалуда. 34 ұйым әлеуметтік қызметтер порталында шарт жасасып қойған. Қазіргі уақытта тарифтерді бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қорытындылай айтқанда, өңірде мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары кешенді түрде жүзеге асырылып, межеленген көрсеткіштер тұрақты бақылауда тұр.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар