Жамбылда Отан қорғаушылар күні аталып өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 6 мамыр, 2025
- 473

Бүгін Тараз қаласындағы Кенен Әзірбаев атындағы «Баласағұн» орталық концерт залында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Биыл Отанға адал қызмет етудің, ерліктің, батырлықтың символына айналған – Отан қорғаушы күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа тұс келіп отыр. Бұл күн еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтып жүрген әскери қызметкерлерге, ардагерлерге және барша ер азаматтарға құрмет көрсететін күн. Айтулы мерекеге орай кеше «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын өтті.
Мерекелік жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзбен ашты.
– Отан қорғаушылар күні мемлекетіміздің қуаты мен сенімділігін айғақтайтын, өмірін әскери қызметке арнаған жандарды дәріптейтін мереке. Президентіміз «Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, қастерлі құндылықтарды орнықтыра түсу үшін бұл мерекенің маңызы зор» деп атап өткен болатын.
Ел тәуелсіздігін, ұлан-байтақ жер мен халықтың тыныштығын сақтауда Отан қорғаушылардың орны ерекше. Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Қазақстан әскері заманға сай жаңғырып келеді. Бүгінде еліміздің Қарулы Күштері қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың мәртебелі міндетіне, аға буынның ерлік және жауынгерлік жігерінен бастау алған патриоттық үлгісіне айналды.
Бірер күннен соң ауқымды көлемде аталып өтілетін Жеңістің 80 жылдығы – әлемдік маңызы бар тарихи оқиғалардың бірі. Жеңіс мейрамы батыр бабаларымыздың жанқиярлық ерлігін, болашақ үшін төккен қанын мәңгі есте сақтауымыздың белгісі. Ұлы Жеңістің нәтижесі – бүгінгі бейбіт өмір, – деген Ербол Шырақпайұлы биыл қазақ халқының біртуар тұлғасы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туылғанына 115 жыл толатынына тоқталып өтті.
Аймақ басшысы Жеңістің 80 жылдығымен түспа түс келген батырдың мерейлі датасы облыс аумағында кең көлемде аталып, батырдың кіндік қаны тамған Жуалы ауданында және облыстық прокуратура ғимаратында арнайы тақтайшалар қойылғанын жеткізді. Сондай-ақ, 9 мамырда Жеңіс саябағының «Даңқ» залында Бауыржан Момышұлының музейі ашылып, ел игіліне табысталғанын тілге тиек етті.
– Біздің міндетіміз – жаңа геосаяси ахуалға сай еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсу. Бүгінде әскеріміз – мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығының сенімді тірегі. Қарулы Күштеріміз ел шекарасын күзетіп қана қоймай, халықаралық деңгейде де бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіне белсенді атсалысуда. Осылайша, ұлттық әскеріміз – ұлыстың берік қорғаны, ел тыныштығы мен тұтастығының кепілі, Тәуелсіздіктің мығым тірегі болды.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қаһарман Бауыржан Момышұлының рухты сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған сарбаздар қашан да ел мақтанышы болып қала береді, – деген өңір басшысы 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай және көпжылдық жемісті еңбегі мен қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін бірқатар азаматтарды марапаттады.
Атап айтқанда, прокуратура саласының ардагері, аға әділет кеңесшісі Нүркен Аймамбетов, облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полковник Мақсат Юсупов, сондай-ақ осы департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полковник Қанат Нұрмағамбет «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіне ие болды. Сол секілді облыс прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Нұрбек Ұласбекұлы, төтенше жағдайлар департаментінің анықтау бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұриддин Ахметов, Жамбыл ауданы шекара басқармасының ахуалдық ақпараттандыру және жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру бөлімінің аға офицері, майор Шалқар Райымбаев және Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Мұрат Анашов та «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» марапатына ие болды.
Сонымен қатар полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Ақылбек Шукаманов, №01731 әскери бөлімінің жөндеу-қалпына келтіру батальонының сержанты, 2-ші сыныпты сержант Ермұхан Ұзақбаев, «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығы Тараз гарнизоны бойынша әскери бөлімінің взвод сержанты, радиостанция бастығы Анатолий Назаровқа «Құрмет грамотасы» табыс етілді. Дәл осы марапатқа ие болғандардың қатарында № 28349 әскери бөлімінің инженерлік-сапёрлік ротасының, инженерлік-сапёрлік взводының маманы – сапёрі Ғани Нарекеев, төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Шоқан Кенжеғұлов, №5513 әскери бөлімінің 1-ші жедел мақсаттағы батальонының 1-ші жедел мақсаттағы ротасының старшинасы Шадияр Имашов, Полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, майор Мереке Абдықалиева және Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы «Қордай» шекара бөлімшесінің аға технигі, старшина Мұхит Тұрмахамбет та бар.
Мемлекеттік қызметке адалдық танытып, ел қорғаны болу жолында еңбектеніп жүрген азаматтар облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл құрметке ие болғандар арасында №81067 әскери бөлімінің офицері, лейтенант Әлі Жамбылбеков, №99205 әскери бөлімінің құпия бөлімшесінің бастығы, Торғын Омаралиева, №5513 әскери бөлімінің бақылаушылар взводының командирі Рустамбек Исаев, осы бөлімнің аға механигі, аға сержант Нұрлыбек Тазабеков, №28349 әскери бөлімінің сапёрлік взводының сержанты, аға сержант Нұрғиса Ысқақовты атап айтуға болады.
Бұл марапаттар – азаматтардың мемлекеттік қызметке, ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне қосқан зор үлесінің дәлелі. Батырлық пен жанқиярлықты ту еткен әрбір қызметкердің еңбегі лайықты бағалануда.
– Отан қорғаушылар күні – әрбір ер азамат үшін, әсіресе құқық қорғау мен қауіпсіздік саласында еңбек ететін жандар үшін аса маңызды, рух беретін мереке. Төл мерекеміз қарсаңында жоғары марапатқа ие болу – мен үшін зор құрмет. Бұл марапат – менің ғана емес, ұзақ жылдар бойы бірге қызмет атқарған әріптестерімнің де еңбегінің жемісі. Ел тыныштығы мен әділет саласындағы тұрақтылық басты парызымыз. Облыс басшылығына көрсеткен сенімі мен бағалауы үшін алғысымды білдіремін. Бұл күн барша қазақстандықтар үшін елдік пен ерлікті ұлықтайтын мереке болып қала бермек, – дейді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері Нүркен Аймамбетов.
Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Шоқан Кенжеғұлов:
– Қашанда қызметіме адал болуға тырыстым, себебі елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі – ең басты құндылық. Мұндай құрметті марапатқа лайық деп танылғанымды қуана да қобалжи да қабылдадым. Көрсетілген құрмет халқымның сенімін ақтауға деген талпынысымның дәлел деп білемін. Ел қорғаны болу жолында әрдайым қызмет етуге дайынмын, – деп қуанышымен бөлісті.
Мерекелік кеш Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы және «Оңтүстік» өңірлік әскерлері өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.