Жамбылда трансшекаралық табиғи өрттерге қарсы оқу-жаттығу өткізілді
- авторБақытжан Бекболат
- 23 мамыр, 2025
- 194

Жамбыл облысында «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында табиғи және трансшекаралық өрттерді жоюға бағытталған тактикалық-арнайы оқу-жаттығу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі, жергілікті атқарушы органдар, ерікті өртке қарсы құрылымдар, орман шаруашылығы мамандары, медицина қызметкерлері, полиция қызметкерлері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қатысты.
Жалпы оқу-жаттығуға 300-ден астам маман мен 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, негізгі мақсат — өрт кезінде барлық күштік құрылымдар мен техникалардың, сондай-ақ жалпы құрамның дайындығын арттыру және олардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету.
- Бүгін «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында жұмыстар ұйымдастырылуда. Бұл оқу-жаттығу республика бойынша өткізіліп жатыр. Ал біздің оқу-жаттығуымыз көрші мемлекет – Қырғыз Республикасындағы әріптестерімізбен бірлесіп өткізілуде. Мұндай шаралар жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Өңірде әр ауданда осындай іс-шаралар өткізіледі. Негізгі мақсатымыз – өрт кезінде күштік құрылымдар мен техникалардың, сондай-ақ жалпы құрамның дайындығын және олардың бірлескен жұмысының тиімділігін тиісті деңгейге көтеру, - деді Қанатбек Мәдібек.
Оқу-жаттығу барысында өрт туралы жедел хабарлау мен ерікті құрылымдарды оқиға орнына шұғыл жеткізуге баса назар аударылды. Қызметтердің үйлесімді іс-қимылы мен әрбір құрылымға жүктелген міндеттердің нақты орындалуы пысықталды. Арнайы техникалардың және жеке құрамның жедел әрекет ету мүмкіндіктері тексерілді. Шекара маңындағы аумақтарда қазақстандық және қырғызстандық қызметтердің бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастыру бойынша жаттығулар жүргізілді.
Жаттығу шынайы жағдайға барынша жақын сценарий бойынша өткізілді және барлық қатысушылар төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет етуге дайын екенін көрсетті. Қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен техникалық құралдардың мүмкіндіктері бағаланып, оқу-жаттығудың тиімділігі жоғары екені атап өтілді.
Мұндай жаттығулар Жамбыл облысының барлық аудандарында жүйелі түрде өткізіліп келеді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт қаупі жоғары маусымда алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізіп отыр. Орман және егістік алқаптарында профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өрттің таралу қаупін азайту үшін арнайы минералды жолақтар жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, табиғи өрттердің алдын алу тек құтқару қызметтерінің ғана емес, барша азаматтардың ортақ жауапкершілігі болып саналады. Осыған байланысты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға және табиғат аясында сақтық танытуға шақырады.