Жамбылдық жас айтыскерлер республикалық айтыста топ жарды
- авторМағжан Орынбасар
- 23 қазан, 2024
- 288
Жамбылдық жас айтыскерлер республикалық айтыста топ жарды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазақтың атамұра өнері айтыс жас таланттармен ғұмырлы. Елдің көзайымына айналып, сахнаны дүбірлеткен дара тұлғалардың ізін бүгінгі жасөспірімдердің жалғап жатқаны қандай жақсы. Өшпес өнердің заңдылығы да осы болса керек. Балғындардың талаптарына нұр жаудыру үшін Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш топырағында өткізілетін «Жыр алыбы – Жамбылым!» атты республикалық оқушылар айтысы биыл да ұйымдастырылып, бірнеше жаңа есімдерді анықтады.
Айта кетерлігі бұл айтысқа Астана қаласынан арнайы келіп, Еркебұлан Қайназаров , Алматыдан ат басын бұрып Талант Арғынғали, Қазірет Бердіхан секілді белгілі айтыскерлер қазылар құрамында отырды. Айтысқа еліміздің көптеген аймағынан 36 ақын қатысты. Сол кіл жүйріктің арасынан жамбылдықтар да оза шапты. Атап айтқанда, Қаратау қаласындағы Ахмет Байтұрсынов мектеп гимназиясының 11 сынып оқушысы Әсемай Сейдакбарова тақырыптық айтыс бойынша Есенқұл Жақыпбеков атындағы арнайы жүлдені иеленді. Ол алғашқы кезеңде Алматы облысының ақынымен сәтті айтыс жасаса, финалда ақтөбелік Арай Нұраддинге тегеурінді қарсылас бола білді. Ал, тараздық 3 - мектеп - лицейдің 10 сынып оқушысы Інжу Жаңабай қайым айтыс аталымы бойынша жүлделі екінші орынды олжалады. Ол алғашқы кезеңде Алматы қаласының ақыны Сырымбет Сезімханды ұтса, финалда атыраулық Марсель Ерсайыновпен терезесі тең айтыс жасады. Інжудың ұтымды шумақтарына қазыдағы айтыс майталмандары қол соғып, қолдау білдіріп отырды. Осы екі оқушының да айтыстағы жетекші ұстазы – әріптесіміз Есет Досалы. Ол Ұзынағашқа арнайы барып, шәкірттеріне дем беріп, республикалық айтыстың тынысымен тыныстап қайтты.
– Жылдан жылға оқушылардың айтыс деңгейі өсіп барады. Екі күн дайындалып ешкімді қалпақпен ұрып ала алмайсың. Тыңғылықты дайындық қажет. Шәкірттерімнің дайындығы жақсы болды. Сәт сайын қадағалап, талаптарын шыңдап апардық. Оқушылардың тиянақты дайындығына түсіністікпен қараған қолдаушылар болды. Ол үшін мектептегі ұстаздары Үміт Орманова мен Гүлжазира Мәкеноваға да алғыс айтамын. Әсемай Сейдакбарованы қолдап атасы мен апасы Ұзынағашқа арнайы барды. Ол да – жас ұрпақ тәрбиесіне жоғары көңіл бөлу. Бұл екі жүйріктен бөлек Талас ауданында Нұрайым Боранбай, Меркі ауданында Назгүл Ерланқызы деген талапкерлер өсіп келеді, –деді жамбылдық жас айтыскерлерді баптаған Есет Жаңабайұлы.
Өзге аудандарда тағы да талапты жас айтыскер оқушылар шыңдалып жатыр. Бұл да – айтыс өнерінің өміршеңдігінің дәлелі. Ал, республикалық деңгейде олжа салған Інжу мен Әсемайға әрқашан табыс тілеп, талаптарына нұр жаусын дейміз!
Ұқсас жаңалықтар
Таразда сотталған азаматтар оқу-ағарту курстарынан өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 23 желтоқсан, 2024