жұма, 15 қараша, 2024 14:01

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда ақын Шона Смаханұлының 100-жылдығына орай іс-шара өтті

Жамбылда ақын Шона Смаханұлының 100-жылдығына орай іс-шара өтті
Юрий Ким
Тағылымды шараға көптеген қонақтар қатысты

Жамбылда Шона Смаханұлының туғанына  100 жыл толуына арналып өңірімізде бірқатар іс- шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

 Таулар алыстаған сайын биіктейді. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген сөздің мазмұны терең. Тау тұлғалар тындырып кеткен сүбелі еңбектер ел жадынан ешқашан өшпейтіні анық. Сондай дара тұлғаның бірі,  белгілі тіл жанашыры, ақын - сатирик Шона Смаханұлының туғанына биыл 100  жыл толып отыр.

Ақынның туғанына  100 жыл толуына арналып өңірімізде бірқатар іс- шаралар өтіп жатыр. Осындай маңызды жиынның бірі Тараз қаласындағы Шона Смаханұлы атындағы орта мектепте өтті. Облыстық  ардагерлер кеңесінің мәдениет комиссиясының төрағасы Мұхаметілда Байшонов, Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова, ардагер ұстаз Баймұрат Жақсыбеков  бастаған қонақтар  әуелі аталған мектеп ауласындағы Шона Смаханұлы ескертішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.

  Мұнан соң қонақтар мектеп ғимаратындағы Шона Смаханұлына арналған музейді аралап  көрді.   Музей жұмысымен аталған орта  мектептің директоры Сандуғаш Иманбекова таныстырды. Мұнда ақынның Талас ауданы Ақкөл ауылында мұғалім болып жүрген кезінен,  бозбала, әскердегі шақтарынан суреттер қойылған. Сатирик ақынның әйгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевпен, Кеңес Одағының батыры Саду Шәкіровпен, әскери саланың майталманы Тұрымқұл Мақашевпен бірге түскен суретері де көпшілік көңілін еріксіз аударады. Сонымен қатар мұнда ақынның өзі пайдаланған қаламы, жазу дәптерлері, көзәйнектері, кітаптары, жұбайы Аманкүл апайдың қолтаңбасы қойылған. 

   Мұнан соң мектептің мәжіліс залында «Шона – ардың ақыны» атты әдеби –сазды кеш өтті.  Кеш барысында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қомжамжарова, Жамбыл облысының Құрметті ардагері Мұхаметілда Байшонов, білім саласының ардагері Баймұрат Жақсыбеков, Талас ауданы, Шона Смаханұлы атындағы негізгі мектеп директорының орынбасары Жәнібек Тұраров  ойларын ортаға салып, Шона ақын туралы естеліктерімен бөлісті. Жиынды аталған мектеп басшысы Сандуғаш Мұханқызы қорытындылап, қонақтарға алғысын  білдірді.

Шона Смаханұлы – қазақ сатирасының серкесі һәм сардары. Ол – қысқа да нұсқа жазудың хас шебері. Шығармаларын авторын айтпай-ақ жазбай тануға болады. Өйткені оның ешкімге ұқсамайтын стилі, өзіндік қолтаңбасы бар. Сөз саптасы да ерекше. Ұлттық бояуы қанық. Тіл байлығы мол.

 

Egemen Qazaqstan

Egemen Qazaqstan

Шоқ тілді Шона

Шона Смаханұлы – сатираның прозалық та, поэзиялық та жанрында қатар қалам тербеген жазушы. Сонымен бірге сатирада әдеби түр қалыптастырған қаламгер. Шымшыма мен шаншыма жазуда оның алдына түскен сатира саңлағы жоқ. Аз да саз жазуда, елге, қоғамға қызмет етуде Шона Смаханұлынан үйренер тұстарымыз көп.

 

Ол – ақын, ол – сатирик, ол – әнші, ол – жазушы, ол – ұстаз, ол – қоғам қайраткері. Сегіз қырлы, бір сырлы атпал азамат. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде оның жиырмадан аса кітап, жүзге жуық әнге мәтін жазғанын, Алматы қаласында 25-ке жуық балабақша мен мектеп ашқанын айтсақ та жеткілікті.

 

Шона Смаханұлы 1924 жылы 2 қарашада Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты Ойық аулында туған. Әкесі Смахан солақай саясаттың зардабынан жазықсыз жапа шегіп, зұлмат құрбаны болады. Ал анасы Мешін жылғы аштықта қаза табады. Шона жетім балаларға арналған мектеп-интернатта тәлім-тәрбие алады. Абай өлеңдерін бала кезінен жата-жастана оқып, жаттап өсті. Соның әсері болар, мектепте жүрген кезден бастап өлең жаза бастайды. Ел арасында «Ақын бала» атанады. Келе-келе қоғамдағы келеңсіз көріністі сынап-мінеп, шымшыма, шаншыма, сықақ өлеңдер жазып, кейіпкерлерін келеке етеді. Содан кейін оны ел-жұрт «Шатақ шақар» деп атап кетеді. Сол кезеңді ақынның өзі былайша сипаттайды:

 

«Тілімді түйреуіштей сүйір етіп,

 

Қойды мені сықаққа үйір етіп.

 

Жақсыға өзім деген залалым жоқ,

 

Кетемін жамандарды қиып өтіп».

 

Сатира сардары 1984 жылы 11 қазанда «Қазақстан пионері» газетінде жарық көрген «Күлкі көбейсін» атты мақаласында: «Әсте сатирик болсам деп армандамадым десем, өтірік айтқан болып шығар едім. 5-6 класта-ақ қабырға газетінде тәртібі нашар, сабаққа үлгермейтін балаларды сынаған өлеңдерім үзбей шығып тұратын. Бірде Талас ауданы «Тамды» орта мектебіне Асқар Тоқмағамбетов келді. Мен ол кісінің өлеңдерін түгелге жуық жатқа білетінмін. Кездесуде Асқар ағаның өлеңдерін оқып бергенімде, ол қайран қалды. Байқасам, шебер қиысқан өлеңдерді жаттауым жай әуесқойлық емес, өнерге шын қызығушылық екен. Кейін мұғалім болып жүріп те өлеңнен қолымды үзгенім жоқ», дейді.

 

Сайыпқыран сықақшының жастық шағы Екінші дүниежүзілік соғысқа тап келеді. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бозбала Отан қорғауға аттанады. Бірақ көп ұзамай ауыр жарақат алып, елге қайтады. Содан бастап ауыл мектебінде мұғалім болып он бес жылдай қызмет атқарады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар