Жуалы ауданына қарасты Ақсай ауылдық округінде ұлттық спортты дәріптейтін маңызды нысан – көкпар алаңы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Көкпар алаңының пайдалануға берілуі ауыл жастарының дәстүрлі спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға аудан әкімдігінің өкілдері, ауыл ақсақалдары, спортшылар мен жастар қатысты.
Ашылу рәсімінде аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтау сөз сөйлеп, бұл нысанның жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде және ұлттық рухты нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті.
— Ақсай ауылдық округінде осындай игі істің жүзеге асуы – ел бірлігінің, ауыл азаматтарының ұйымшылдығының айқын көрінісі. Демеушілердің қолдауымен, жергілікті тұрғындардың ұйытқы болуымен салынған бұл көкпар алаңы ұлттық спорттың одан әрі дамуына жол ашады. Көкпар – жылқы мінезді қазақтың төл өнері. Бұл спорт түрі елімізде жыл санап дамып келеді, — деді аудан әкімі.
Іс-шара барысында ұлттық спортқа арналған көрсетілімдер ұйымдастырылып, көкпаршылар өнер көрсетті. Жиналған жұрт жаңа алаңның ашылуын зор қуанышпен қабылдап, алдағы уақытта мұнда түрлі деңгейдегі жарыстар өтетініне сенім білдірді.





