Жуалылықтар газбен де, ауызсумен де 100 пайыз қамтылды
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 12:00
- 165
2025 жылы Жуалы ауданында тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылды. Жыл қорытындысы бойынша аудан аумағындағы барлық 49 елді мекен табиғи газ және ауыз сумен толық қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар бірнеше кезеңмен жүргізілді. 2022–2023 жылдары Қошқарата, Қаратас, Қызтоған, Ақтасты және Рысбек батыр ауылдарына табиғи газ құбыры тартылып, ел игілігіне берілді. Ал 2024 жылы Қарабастау мен Жылыбұлақ ауылдарында, 2025 жылы Дарбаза және Әбдіқадыр ауылдарында кварталішілік газбен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталды.
Аталған жобалар нәтижесінде округ аумағындағы 314 аула, яғни 1626 тұрғын табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Осылайша ауданның барлық елді мекені 100 пайыз табиғи газбен қамтылды.
Сонымен қатар ауыз сумен қамту мәселесі де толық шешімін тапты. Бүгінгі таңда Жуалы ауданындағы 49 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бұған дейін тозу деңгейі жоғары елді мекендерде су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылды.

Қазіргі таңда ауданда 8 267 абонент ауыз су жүйесіне тіркелген, оның ішінде 5 895 абонентке су есептегіш құрылғылар орнатылған. Бұрын 2 мыңнан астам тұрғыны бар Күреңбел ауылдық округінде ауыз су тапшылығы өзекті мәселе болып келген. 2025 жылы бұл түйткіл шешіліп, 43 шақырым су құбыры тартылып, 394 аула таза ауыз сумен қамтылды.
Бұдан бөлек, өткен жылы Түктібай, Ақтөбе, Қарасу, Көктас, Күркіреу және Амансай ауылдарында су станциялары қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде аудан тұрғындары сапалы әрі тұрақты ауыз суға қол жеткізді.
Жалпы алғанда, 2025 жыл Жуалы ауданы үшін инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан маңызды кезең болды. Табиғи газ бен таза ауыз суға толық қол жеткізу аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берді.






