«Абай - рухы ұлы тұлға» абайтану сағаты өтті
Бүгін кітапхананың ұйымдастыруымен 10 тамыз - ұлт руханиятының темірқазығы Абай күні қарсаңында кемеңгер, ойшылдың ескерткіші жанында «Абай - рухы ұлы тұлға» абайтану сағаты өтті.
Абай рухына тағзым ету, ұлы ақынның мұрасын жастардың санасына сіңіру, өлеңдері мен қарасөздері арқылы жас ұрпақты адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу, білімге деген құштарлығын арттыру, бойларына сұлулық, көркемдік қасиеттерін дарытып, мейірімді, адал болуға, адамгершілікке, отаншылдыққа, жаман әдептерден бойларын алыс ұстауға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан, әдебиеттанушы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев, Жамбыл облыстық мамандандырылған күзет басқармасының жас қызметкерлері қатысты.
Кітапхана қызметкерлерінің орындауында Абай Құнанбайұлының керемет табиғат көріністерін, махаббат сырларын кестелі тілмен айшықтаған әлем поэзиясындағы шоқтығы биік туындысы - «Желсіз түнде жарық-ай» әнімен бастау алған іс-шара қонақтары, Абайды тану - оның шығармаларын меңгеру арқылы өмірде өз қажетіне дұрыс қолдана білу - әр адамның парызы екенін, ал оны оқып үйрену жан-жақты талдай білу, Абай тереңіне үңілу - бүгінгі ел болашағының міндеті болып табылатынын дөп басып айтты. Әр адам іздегенін табатын, оны өміріне тірек ете алатын бағыт-бағдарын айқындап қуат күшінде Абай шығармаларынан алатынымыз сөзсіз екенін кітапханашылар жатқа өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін шырқау арқылы жеткізді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала