жексенбі, 22 желтоқсан, 2024 21:54

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Адал еңбек – адам көркі

Адал еңбек – адам көркі
ашық дереккөз
Аграрлық өндірісті әртараптандырып, ақ егіспен қатар мал шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ, басқа да басым дақылдар өсіруге ден қойған шаруашылықтар қатарында Қызыларық ауылдық округіндегі «Дархан» шаруа қожалығы да бар.

– Шаруа қожалықты 2001 жылы құрдық. Ісімізді бастапқыда 300-400 гектар алқапқа ақ егіс пен картоп орналастырудан бастадық. Мемлекеттің қаржылай қолдауына сүйене отырып, ісімізді дер кезінде дұрыс бағытқа бұрып, ұйымдастыра білдік. Соның нәтижесінде шаруамыз оңалып, даму жолына түсе бастады, – дейді қожалық жетекшісі Дәулет Үсенбаев.

Алма бақтың аумағын кеңейту арқылы өнімді екі есеге дейін арттыруға болатынына көз жеткізген Дәулет Өмірбайұлы мемлекеттің қолдауымен ағын суы мол тұстан жаңа алма бағының орнын белгілеп, 60 гектарға алма көшеттерін отырғызды.

– Негізінен, алма бақ толық табысына төртінші жылы кіреді. Одан әрі жылдан-жылға климатқа орай көбейе береді. Қазір алманың бес түрін өсірудеміз. Барлығы бәсекеге қабілетті сұрыптар, – дейді шаруашылық жетекшісі.

Алма бақтағы ағаштардың бойы аласа. Ерте пісіп-жетілетін, жергілікті климатқа бейімделген, 3-4 жылда өнім беретін «Золотой превосход», «Заря», «Бес жұлдыз», «Айдоред» сұрыптары таңдалған. Арасында апорт алмалары да бар. Жиналған өнімнің біраз бөлігі бақ басынан сатылады, қалғаны 600 тонналық жертөледе сақталады.

Қожалық 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен сүт бағытында – 70, ет бағытында 28 бас мүйізді ірі қара алыпты. Мал шаруашылығын қолға алуымен шабындық және жайылымдық жерге деген қажеттілік туындаған. Содан бері малдың қоңдылығын, өсімділігін арттыру үшін суармалы шабындықтарда жоңышқа, экспарцет, дәндік жүгері өсіру жүйелі жолға қойылған.

Бүгінде қожалықта мүйізді ірі қараның басы едәуір көбейген. Оның басым бөлігін ет бағытындағы табын құрайды. Бордақыланған мал аудан орталығындағы және Тараз қаласындағы мал базарларда өткеріледі. Сүт бағытындағы 30-40 бас сиырдан сауылған сүт жергілікті өндіріс ошақтарына өткізілуде.

Сапалы тұқым мол өнімнің кепілі екенін жақсы түсінетін қожалық басшысы бұрнағы жылдары Алматыдағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтынан бидайдың супер элиталық «Стекловидный-24» тұқымын әкеліп сепкен. Сапалы бидай тұқымы гектарынан 35-46 центнерден өнім алуға мүмкіндік беріп, қожалық аймақтағы шаруашылықтарды элиталық тұқыммен қамтамасыз етуде.

Мезгіл өте, ескі техниканы жаңарту қажеттігі де туындайтыны рас. Бұл ретте астық жинауға және шөп оруға қажетті техникалар да алынып, шаруашылықта пайдаланылып келеді.

Шаруа қожалығының өз жайылымы, шөп шабындығы мен егістігі бар. Соның арқасында малды өз жем-шөбімен қамтиды. Биыл да мал қыстатуға дайындықты бастаған шаруашылық тиісті мал азығының берік қорын әзірлеп қойған.

Мал күтімімен малшылар Заңғар Өтешов пен Досым Елекбаевтар айналысады. Сонымен қатар, механизаторлар Рәтбек Балатаев, Ерғали Маханов, Шілден Рахмановтар ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан, шаруашылықтың ыстық-суығына төселген белді мамандар.

Шаруашылықта көңілге қонымды жағдайдың бірі – еңбек адамын әлеуметтік, тұрмыстық жағынан көтермелей білу жақсы үрдіске айналған. Бұл тұрғыда науқандық жұмысқа тартылғандар күнделікті табысын нақты ақшалай әрі өнім түрінде алып тұрса, тұрақты жұмыстағы еңбек адамдарының айлық жалақысы да тиісті беріліп келеді. Ынталандыру мақсатында жұмысшыларға қысқы соғымға мал беру жағы да қарастырылған. Кейбір жылдары қыс ұзап кетіп, мал азықтан тарыққан жағдайда, қарамағындағы жұмысшыларға жем-шөппен көмек берілген.

 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар