сенбі, 12 қазан, 2024 2:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Аймақ ғалымдарының әлеуеті жоғары

Аймақ ғалымдарының әлеуеті жоғары
ашық дереккөз
Өңірлік университеттер – аймақтың ғылыми әлеуетінің шоғырланған ордасы. Оларға тән ерекшелік – ғылымның қолданбалы қырларын дамыту. Ашық кеңістікте өмір сүріп жатқан кезеңде бұл не қылған шектеу деп бір сәт ойлануыңыз мүмкін. Себебін айтайын. Іргелі ғылыми ізденістермен шұғылданатын зерттеу институттары заңдылықтар мен теориялар аймағындағы байланыстар аясында қызмет атқарады.

Ал университет ғылымы маман даярлау үрдісіндегі оқу-әдістемелік әрекетпен қатар дамиды. Өңірлік университет өзі орналасқан аймақтың геосаяси, экономикалық және әлеуметтік әлеуеті шеңберінде өмір сүретіндіктен, оның зерттеу нысаны да жергілікті ерекшеліктермен астасып жатады. Мәселен, барлық ғылыми-педагогикалық эксперименттер Жамбыл облысы және Тараз қаласының әртүрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарының базаларында жүргізіледі. Әлеуметтік-психологиялық зерттеулердің басым көпшілігі жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты, тыныс-тіршілігі және тұлғалық-психикалық дамулары арасындағы байланыстар мен тәуелділіктердің арақатынасын анықтауға арналады.
Солай бола тұра, азуын айға білеген арыстан сынды аймақ оқымыстыларының амбициялы болжамдары мен ғылыми ізденістері, орталықты былай қойғанда, ғалам назар аударатындай жаңалықтар ұсынуға да қабілетті. Сөзімнің дәлелі ретінде бір ғана өзім қызмет етіп жүрген «Педагогикалық психология» кафедрасының мысалына тоқталайын. Жаһандану заманындағы ғылымның дамуы пәнаралық интеграциялар арқылы жүзеге асырылатыны туралы концепцияны негізге ала отырып, кафедра ғалымдары психологияны әлеуметтік-гуманитарлық сала шеңберінен асырып, нақты ғылыми сала ретінде саналатын жаратылыстану ғылымдары аясында қарастыра бастады. Зерттеудің аралық нәтижелері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен басылымдар тізіліміне енетін журналдарда жарияланып, авторлар ғылыми ізденістерін одан ары қарай жалғастыру үстінде. Профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуеті және бәсекеге қабілеттіліктің жоғары көрсеткіші ретінде халықаралық «Web of Science», оның ішінде «Social Science Citation Index» және «Scopus» базаларына енетін журналдардағы жарияланымдары атап өтуге тұрарлық. Осы мақаланы дайындау барысында, кафедра мүшелерінің соңғы 3 жылда әртүрлі деңгейдегі ғылыми басылымдарда 300-ден астам ғылыми мақала жариялағаны туралы дерек анықталды. Бұл оқу әдебиеттері мен әдістемелік өнімдерді есепке алмағанның өзіндегі мәлімет.
Кафедраның профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстары «Қоғамда қиындыққа кезіккен отбасыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету жолдары» атты ортақ тақырып аясына топтастырылған. Зерттеулердің дені заманауи инновацияларға негізделген. Мысалы, практикалық психологияның «диагностика-коррекция» схемасы шеңберіндегі классикалық жүйесінен шығып, арт-терапия, коучинг, нейрографика, геймификация, менторлық қолдау формалары жиі қолданылады. Респонденттер қандай қиын жағдайларға душар болса да, олардың салдарларына қатынасты оңтайландыру және тұлғаның ресурсты қалпын сақтау жолдарына терең мән беріледі. Әрине, қазіргі қазақ қоғамы үшін мұндай өзектілігі жоғары әрі ауқымды тақырыпты зерттеу жұмыстарының психологиялық қызметпен астаса жүзеге асырылатыны анық. Бұл ретте кафедра жанындағы оқу зертханалары мен әлеуметтік-психологиялық орталықтар әлеуеті тиімді қызмет етеді: Е.Қонақбаев атындағы университет оқытушылары мен студенттерін психологиялық-педагогикалық қолдау орталығы, профессор С.Смайылов атындағы «Таным» зертханасы, «Жан сыры» психологиялық қызмет көрсету орталығы, «Relax» оқу-өндірістік шеберханасы. Психологиялық қызмет аясында жиналған кейстер ішінара, этикалық қағидаттар сақтала отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының сынама материалдары ретінде қолданылады.
Ғылыми жаңалықтардың құндылығы – ғылыми ізденіс нәтижелерінің өндіріске ендірілу әлеуетімен анықталады. Осы ретте өңірлік университеттегі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың қолданбалы жетістіктерінің бір парасы ретінде «Педагогикалық психология» кафедрасының үлесін атап өтуге тұрарлық. Жамбыл облысы және Тараз қаласы білім беру ұйымдарының психологиялық қызмет үрдісін оңтайландыру мақсатында психодиагностиканы сандық форматқа ауыстыру туралы қанатқақты жобалардың жүзеге асырылып жатқанына екінші жыл. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясында «Білім беру мекемелерінде балаларды психологиялық-педагогикалық диагностикалау үшін «I-psychodiagnostics.kz» Smart қамтамасыз етуді әзірлеу» ғылыми жобасының зерттеу тобында кафедра меңгерушісі К.Б.Сматова және әлеуметтік ғылымдар магистрі Ж.Т.Сабралиева мен жас маман В.Д.Демьянова қызмет атқарса, әлеуметтік ғылымдардың кандидаты С.К.Алимбаева – жобаның жетекшісі.
Ғылымның әлеуетін арттыру үшін ғылыми кадрларды үздіксіз жаңғыртып отыру аса маңызды. Себебі серпіліс тудырар жаңа леп пен тың ойлар жастық жалын мен сергек танымға байланысты. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ғылыми кадрларды өсіру және қолдау үрдісі жақсы жолға қойылған. Мәселен, «Педагогикалық психология» кафедрасының жас ғалымы, PhD (Педагогика және психология) Э.А.Айтенова «Болашақ педагогтың кәсіби дайындығының жаңа бағыты ретіндегі коллаборативті орта» тақырыбындағы гранттық қаржыландырылатын жоба жүлдегері және «Жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия» конкурсының жеңімпазы болса, әлеуметтік ғылымдар магистрі Б.Т.Әлмұратов – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі конкурсының жеңімпазы, А.О.Кебеева – «Ойынқұмарлықтың (гэмблинг, лудомания) психопрофилактикасы» тақырыбы бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы. Жас мамандарды қолдап, үкілі үміттеріне серпін бере білген университет басшылығына реті келіп тұрғанда алғысымды білдіргім келеді.
Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Кафедра дайындайтын «Педагогика және психология», «Білім беруді басқару психологиясы» білім беру бағдарламалары бойынша оқып жатқан студенттер мен магистранттардың ғылыми жұмыстарына тиімді жетекшілік жасау нәтижесінде, әр оқу жылында олардың үштен бірі жүлдегерлер қатарынан табылады. «Дулати хабаршысы» журналында ғылыми мақалалары жарияланады. «Жас ғалым» ғылыми-практикалық конференциясына қатысады. «Зерттеуші-студент» атағын иеленіп, осы мәртебеге тиесілі көтермелеу мен жеңілдіктер алады; халықаралық, республикалық ғылыми байқаулар мен олимпиадаларға қатысады; «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша конкурстарда бақтарын сынайды. Айта кететін жайт, кафедрада тұрақты жұмыс істейтін «Педагог-психолог» ғылыми үйірмесі бар, жетекшісі – педагогика ғылымдарының кандидаты Г.Ш.Сейдалиева.
Зерделі студенттердің зерттеушілік дағдыларын дамытуға зор ықпал ете отырып, олардың бойында іздену, сараптау, бағалау құзыреттіліктерін қалыптастыру жолында сүбелі еңбек етіп жүрген профессор А.Болтаев, аға оқытушылар Г.Мақашқұлова, Ф.Мақашева, Г.Оралымбетова, Ш.Бүйембаева, А.Қарабекованың еңбектері ұшан-теңіз.
Ақылдың дәуірлеу ғасыры адамдардан ой-сананы кеңейтуді талап етеді. Планетарлық сананы өсіру өзгерістерді жатсынбай, өз эволюциясы арқылы ғаламның түрленуіне түрткі болуды терең сезіну негізінде жүзеге асырылады. Халықаралық қатынастар жаһандану үрдісінің алғышарты бола отырып, ғылыми коллаборация нәтижелігіне әкелетін маңызды үрдіс. «Педагогикалық психология» кафедрасы Шадринск мемлекеттік педагогикалық университеті, Барановичи мемлекеттік университеті және М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік университетінің профессорлары И.Ю.Блясова, Л.И. Пономарева, Н.В.Скоробогатая, В.В.Хитрюк сынды танымал ғалымдармен ынтымақтаса жұмыс жасап келеді.
Ғылым мен білім – егіз ұғым. Құстың қос қанатындай осы екі саланы тең ұстап келе жатқан әріптестерімізбен мақтанамыз. Соңғы 15 жыл көлемінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің жыл сайын ұйымдастыратын республикалық гранттық конкурсына қатысып, әр жылдары жүзден жүйрік шыққан кафедра мүшелері бар. «Педагогикалық психология» кафедрасының айтулы жетістіктерінің бірі ретінде профессор-оқытушылар құрамының ғылыми өнімдерінің Ұлттық зияткерлік меншік институтында тіркеліп, авторлық құқықпен қамтамасыз етілгендігі туралы ақпарат та атап өтуге тұрарлық.
Ғылымның нышаны – әр адамның табиғатына әуел бастан қаланған зор нығмет. Ал оны игілікке айналдыру үздіксіз ізденіс пен тынымсыз зерттеуді, аянбай еңбектену мен байыпты қатынасты қажет етеді. Сондықтан жамбылдық жастарға, хакім Абайдың тілімен айтқанда, «бір ғалымды көрсеңіз, ондай болмақ қайда?» деп өзіңізді шектемеңіз дегім келеді.
Адамзаттың даму жолында ғылым әлеуеті қаншалықты маңызды болса, аймақты мамандармен қамтамасыз ету үрдісінде өңірлік университет рөлі соншалықты басым.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар