Қазақстанда «Яндекс Такси» тарифтеріне мереке мен қолайсыз ауа райында бағаны өсіруге шектеу қойылады
- авторАрайлы Жақсылық
- 1 мамыр, 2025
- 184

Мұндай жағдайлар әр қалада тоқсан сайынғы барлық сапарлардың 5%-ынан аспауы тиіс. Бұл туралы Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
БҚДА, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және тәуелсіз сарапшылар бірлесе отырып, «Яндекс Такси» қызметінің алгоритмдік баға құрау тиімділігіне аудит жүргізген. Бұл тексеріс антимонополиялық комплаенс аясында міндеттелген. Нәтижесінде, «Яндекс» өз комплаенс ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізіп, төмендегідей міндеттемелерді қабылдады:
Негізгі шаралар:
- Такси қызметіне сұраныс шегіне жеткен жағдайларда (мысалы, мереке немесе ауа райының күрт нашарлауы кезінде) бағаны үш еседен артық көтеруге болмайды.
- Мұндай жоғары тарифпен орындалатын сапарлар әр тоқсанда әр қала бойынша 5%-дан аспауы тиіс.
- Тариф немесе базалық құн өзгерерден үш күн бұрын БҚДА-ны алдын ала хабардар ету міндеттелді.
- Әуежай маңындағы кейбір тұрғын аймақтарды жасанды түрде әуежай тарифтік аймағына енгізуді бір апта ішінде тоқтату қажет.
- Жүргізушілер табысын арттыру мақсатында, сапар құнының базалық сомасынан екі есе асатын бөлігіне комиссия алынбайды.
- Ең танымал «Эконом» тарифі бойынша комиссияны әр қалада екі жылда бір реттен жиі өзгертуге болмайды.
- Сұранысы төмен, алыс аудандарға баратын сапарлардағы тариф компонентін қолданушыға нақтырақ көрсету міндеттелді.
- 2025 жылдың 30 маусымына дейін қосымшада сапар құнын егжей-тегжейлі көрсету функциясы енгізілуі тиіс.
- Техникалық қолдау жұмысы жақсартылып, пайдаланушылардың шағымдарын өңдейтін алгоритмдер оңтайландырылады.
Қосымша бастамалар:
Сервис сонымен қатар таксиге сұраныс туралы пайдаланушыларға дер кезінде хабар беру жүйесін жетілдіреді. Мысалы, «Эконом» тарифі бойынша сұраныс күрт өскен жағдайда, виртуалды кезекке тұру жүйесі сынақ ретінде енгізіледі. Бұл мүмкіндік арқылы клиенттер такси күтіп тұрған адамдардың санын көріп, әрі қарай не істеу керектігін – күту, басқа тарифті таңдау немесе қоғамдық көлікпен жүру – өздері шешеді.
БҚДА атап өткендей, «Яндекс Такси» қабылдаған міндеттемелерді орындау арнайы мониторингтік топтың бақылауында болады. Оның құрамында бастамашыл топтар, көлік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, әділет, цифрлық даму министрліктерінің және таксопарктер қауымдастығының өкілдері бар сарапшылар кіреді.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер ретінде арнайы салық режимінде жұмыс істейтін жүргізушілер үшін салық есебін жеңілдету туралы ұсыныстар үкіметке жолданды. Сарапшылардың айтуынша, бұл шара жүргізушілердің табысын арттыруға оң әсер етуі тиіс.