сейсенбі, 29 сәуір, 2025 16:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстандық ғалымдар донорлық жүректі сақтайтын бірегей құрылғыны таныстырды

Қазақстандық ғалымдар донорлық жүректі сақтайтын бірегей құрылғыны таныстырды
Фото: Б.Сатыбалдиев
Қазір құрылғыны клиникалық сынақтарға дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Жапонияның Осака қаласында өтіп жатқан Expo-2025 халықаралық көрмесінде Қазақстандық мамандар әзірлеген донорлық ағзаларды сақтауға арналған ALEM атты бірегей құрылғы көпшілік назарына ұсынылды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

UMC Жүрек орталығының жетекшісі Юрий Пя бастаған мамандар тобы жасаған ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) – донорлық жүректі 24 сағаттан аса уақыт бойы өміршең күйде сақтап, қажет болса емдеуге мүмкіндік беретін жүйе. Бұл технологияның маңыздылығы – дәстүрлі әдіспен орган 4-6 сағат қана сақталатын болса, ALEM оны бірнеше есе ұзақ уақыт бойы тиімді жағдайда ұстай алады. Құрылғы қан айналымын, температураны және оттегімен қанығуды нақты уақыт режимінде бақылайды.

Жоба Қазақстанның кең байтақ аумағында донорлық органдарды уақтылы жеткізудегі қиындықтарға жауап ретінде дүниеге келген. ALEM құрылғысының қауіпсіздігі мен тиімділігі клиникаға дейінгі зерттеулерде дәлелденген.

Технологияны жасауға кардиохирургтер, инженерлер, анестезиологтар, зертханашылар мен басқа да мамандар бірнеше жыл бойы еңбек етті. Жоба «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асты. Қазіргі таңда құрылғыны клиникалық зерттеулерге дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстан павильонында ALEM жобасы «Connecting Lives» аймағында ұсынылған. Биылғы көрменің басты тақырыбы – «Өміріміз үшін болашақ қоғамды қалыптастыру». Жоба жетекшілері бұл құрылғыны таныстыру арқылы Қазақстанның ғылыми және медициналық әлеуетін халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік алғанын айтады.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар