Жанар Нұрмұратқызы: ауылмен бірге өсіп келемін
- авторБақытжан Бекболат
- 14 сәуір, 2025
- 1.2k

Бірі – өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер болса, енді бірі – ауыл шаруашылығында шаруа жүргізіп жүрген іскер әйел. Ал енді бірі тұтас бір ауылды басқарып, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып жүр.
Осындай жауапты қызметтің тізгінін ұстап, халықпен етене жұмыс істеп жүрген басшының бірі – Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы. Ол 2021 жылдан бері округке жетекшілік етіп келеді. Қарапайым ауыл тіршілігінен бастап, күрделі инфрақұрылымдық мәселелерге дейін шынайы жанашырлықпен қарап, ел сеніміне ие болған әкімнің жұмысы бүгінде көпшілікке үлгі боларлықтай.
Жақында біз Қарасаз ауылына арнайы барып, ондағы атқарылған істер мен алда тұрған жоспарлар туралы білдік.
– Жанар Нұрмұратқызы, ауыл халқының жағдайы қалай? Қандай істер атқарылып жатыр? Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтсаңыз?
– Ауылға әкім болып келгеніме 4 жыл толды. Әкімдік қызметте білмеген тұстарым да болды. Оны жасырмаймын. Білмегеніңді мойындап, сұрау қажет. Әлгі білместікті бәлки мінездегі қасиетім басып түскен болар. Әкім болған кезде қалада да, ауылда да, ерлермен де, әйелдермен де, балалармен де тілдесе алу маңызды. Сондықтан мен халыққа ашық болуға тырысамын. Қандай да бір мәселе туындаса, оны бірге шешу үшін ақылдасып, пікір алмасуға әрқашан дайынмын. Тіпті ауыл тұрғындарының ватсап чатына да қосылғанмын. Ауыл халқының жағдайына келсек, бүгінде Қарасаз ауылдық округінде 795 отбасы, 3587 тұрғын тұрады. Экономикалық белсенді халық саны – 1727 адам. Оның ішінде 845 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған, ал 419 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған.
Қарасаз ауылдық округі – аграрлық әлеуеті зор аймақ. Мұнда 238 шаруақожалық тіркелген. Өткен жылы шаруалар 12 178 гектар егістік жерді игеріп, күздік бидай – 1150 гектар, арпа – 3795 гектар, мақсары – 3047 гектар, көпжылдық шөп – 3662 гектар, көкөніс – 10 гектар жерге егілді.
2024 жылы 18 шаруа қожалығы жалпы сомасы 70,3 млн теңгеге жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, техникалық парк 70 пайызға жаңартылды. Қазіргі таңда 158 трактор тіркемелері мен 14 комбайн көктемгі дала жұмыстарына толықтай дайын.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында Береке, Көктас және Жүрімбай каналдары тазартылып, нәтижесінде 28,65 гектар жерге су жеткізілді. Қосымша 170 гектар алқап суармалы жерге айналды. «Мерей» шаруа қожалығы 11 млн теңгеге тамшылатып суару жүйесін енгізіп, 30 гектар алқапта инновациялық тәсілдің тиімділігін көрсетуде.
Округтегі мал шаруашылығы да ілгерілеп келеді. Қазіргі таңда мүйізді ірі қара – 4182, қой-ешкі – 9460, жылқы – 989, құс – 5563 басқа жеткен. Жайылым жер көлемі – 7625 гектар. Соңғы екі жылда 1229 гектар жайылым ауыл аумағында қайта айналымға енгізіліп, мал өсірушілерге қолайлы жағдай жасалды.
Округ инфрақұрылыммен толық қамтылған. Табиғи газ, таза ауызсу, көше жарығы мен асфальт жолдар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруда.
Кәсіпкерлік саласы да айтарлықтай дамуда. Қазіргі таңда округте 283 жеке кәсіпкерлік субъектісі және 3 заңды тұлға тіркелген. Бұл нысандарда 347 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2024 жылы 286 тұрғын еңбекке тартылып, 53 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Екі ауыл тұрғыны мемлекеттік грант иегері атанды.
– Әйел затының қоғамдағы орны жайлы не айтасыз?
– Бұл сұрақтың жауабы бір ғана сөйлеммен шектелмейді. Өйткені қоғам – әр адамнан құралған үлкен жүйе. Сол жүйеде әркім – өз орнын өзі қалыптастырады. Әйел де, ер адам да қоғамға пайдасын тигізе алуы керек. Әйелдің рөлі – тек бір бағытпен шектелмейді, ол – отбасында да, қызметте де, ортада да өз миссиясын орындай алатын тұлға. Ең бастысы – адам ретінде өз әлеуетіңді танытып, елге, ортаңа үлес қоса білу.
– Ауылдағы кәсіпкерлік саласының жұмысы қандай деңгейде?
– Ауылда 283 жеке кәсіпкерлік субъектісі және 3 заңды тұлға тіркелген. Бұл нысандарда 347 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлік саласы жылдан-жылға дамып келеді. 2024 жылы 286 тұрғын еңбекке тартылып, 53 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Бұған қоса, екі ауыл тұрғыны мемлекеттік гранттар жеңіп алды. Бұл ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікке қолдау көрсететін түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асып, жаңа мүмкіндіктер туындап жатыр.
– Мемлекеттік қызмет әйелдер үшін қиындықтар туғыза ма?
– Мемлекеттік қызметтің әйел адам үшін ауыртпалығы бар деп есептемеймін. Әрбір қызметтің өзіне тән қиыншылықтары мен міндеттері болады. Мұнда ең бастысы – қызметке деген адалдық, жауапкершілік және сүйіспеншілік. Әкім болу – тек бір жұмыс емес, елге қызмет ету. Сол себепті, бұл қызметте ең жоғары құндылық ретінде адалдықты сақтап, ар алдында жауапты болу маңызды.
– Ауыл кәсіпкерлігін дамыту үшін қандай шаралар қолға алынуда?
- Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға арналған бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Ауыл – Аманаты» жобасы аясында құрылған «Қарасаз-2023» кооперативі 166 мүшесімен табысты жұмыс жүргізіп, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке бет бұруына үлкен ықпал жасап отыр.
Сонымен қатар, ауыл кәсіпкерлерін мемлекеттік гранттар мен субсидиялармен қамтамасыз ету жұмыстары да белсенді түрде жүргізілуде. Қазірдің өзінде бірқатар ауыл тұрғыны кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, өз істерін ашуға мүмкіндік алды. Осылайша, ауыл кәсіпкерлігі мен бизнес орта толығымен жаңартылып, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдың экономикасы өркендеуде.
– Ауыл жастарын қолдауда мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?
- Ауыл жастарын қолдау мақсатында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі – заманауи спорт кешенінің құрылысы. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл кешен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік береді. Спорт кешенін биылғы жылдың күзіне дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, жастарға арналған түрлі үйірмелер мен секциялар ашу, волонтерлік жобаларды дамыту және кәсіпкерлікке баулу бағытында да нақты қадамдар жасалып жатыр.
– Алдыға қойған жоспарларыңыз қандай?
- Алдағы уақытта Қарасаз ауылын көркейту мен тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар жоспарлар қолға алынуда. Атап айтқанда, ауылға кіре беріс тұсқа Қарасаз атауы жазылған сәнді арка орнатылып, айналасы абаттандырылады. Бұл – ауыл келбетінің айшықты белгісі болмақ. Сонымен қатар, ауыл орталығында орналасқан саябаққа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Жөндеу аясында жаяу жүргінші жолдары, жарықтандыру жүйесі, демалыс орындықтары мен жасыл желектер жаңартылатын болады. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының әлеуметтік көңіл-күйіне оң әсер етіп, ауылдың ажарын арттыра түседі.
– Қызметте әкімсіз, ал үйде анасыз. Отбасы, ошақ қасында қандайсыз? Бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Ұрпақ тәрбиелеуде қандай қағиданы басшылыққа аласыз?
– Тұрмыстамын, үш баланың анасымын. Иә, анамын, әйелмін. Кейде нәзікпін, кейде ер жүрек батыр болуға тура келеді (өзімді мақтап жатыр деп ойламаңыз). Балаларым үшін – ең алдымен мейірімді, жанашыр анамын. Уақытым аз болса да, бар көңілім мен мейірімімді оларға арнауға тырысамын.
Екі қызым мен бір ұлым бар. Балалардың тәрбиесі – мен үшін басты құндылық. Қыз балаға – қырық үйден тыйым, ұл балаға – жеті өнер қажет деген халық даналығын ұстана отырып, ұлттық тәрбиені алдыңғы орынға қоямын.
Әрине, қызметте жүрген әйел үшін отбасы – бірінші орында. Бірақ лауазымдық міндеттер де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кейде кешірім болмайтын, шалыс басуға болмайтын сәттер де болады. Осындайда ерік-жігер мен табандылық қажет. Қызметке де, отбасыға да үлгеру – жоспар мен тәртіптің, сондай-ақ, сүйіспеншілікпен атқаратын істің нәтижесі деп білемін.
- Сұхбатыңыз үшін рахмет, жұмысыңызға табыс тілейміз!