Батыс Қазақстанды сумен қамту: "Көкжиде" кен орны зерттелуде
- авторБақытжан Бекболат
- 23 сәуір, 2025
- 173

Бұл бағытта Испания Үкіметі арнайы грант бөледі, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ақтөбе облысында орналасқан "Көкжиде" кен орнында тәулігіне 173,4 мың текше метр таза су қоры бар. Қазіргі таңда осы кен орынына зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл мақсатта Су ресурстары және ирригация министрлігі испаниялық Xcalibur Smart Mapping компаниясымен келісімге келіп, Испания Корольдігінің гранты есебінен аэромагниттік түсірілім жүргізуді бастаған. Түсірілім нәтижесінде су қорлары мен кен орнының нақты шекаралары анықталады.
Сонымен қатар, мұнай өндірудің су сапасына әсерін бағалау үшін Қазақстанның мұнай-газ және энергетика саласындағы ұйымдар қауымдастығы 250 миллион теңге қаржы бөлген. Бұл зерттеуді Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті жүргізуде. Жұмыстар 2025 жылдың желтоқсанында аяқталмақ.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, Батыс өңірді ауыз сумен қамту – министрлік үшін басым бағыт. Алайда бұл жобаны сапалы жүзеге асыру үшін "Көкжиде" кен орнын жан-жақты зерттеп, судың ластану қаупін жою және жергілікті экожүйеге кері әсерін болдырмау қажет. Бұл мәселе қазір басты назарда тұр.