дүйсенбі, 28 сәуір, 2025 16:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Біздің жұмыс қатаң тәртіп пен жоғары жауапкершілікті қажет етеді

Біздің жұмыс қатаң тәртіп пен жоғары жауапкершілікті қажет етеді
Фото: Jambylinfo.kz
Биыл елімізде жұмысшы мамандықтарының абыройын арттыруға ерекше көңіл бөлініп, 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл шешім – еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі. Мақсат – кәсіби шеберлігімен ел дамуына үлес қосып жүрген жұмысшы мамандардың еңбегін насихаттап, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеру.

Әсіресе, теміржол саласында еңбек етіп жүрген білікті мамандардың орны ерекше. Себебі теміржол – тек жолаушылар мен жүк тасымалының негізгі жүйесі ғана емес, тұтас ел экономикасының күретамыры. Бұл салада қызмет ететін әрбір жұмысшы, әсіресе тепловоз бен электровоз машинистері – қозғалыстың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды тұлғалар.

Солардың бірі – өз ісіне адал, тәжірибелі тепловоз машинисі Ғани Серікбаев. Оның кәсіби жолы – еңбекке деген құрмет пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі.

Біздің тілшіміз арнайы барып, Ғани мырзамен сұхбаттасып қайтқан еді. Өз саласына адал жан теміржолдағы алғашқы қадамы, машинист болудың жауапкершілігі және жас мамандарға айтар кеңесі туралы ой бөлісті.

Ғани Мәлікұлы 1986 жылы 6 қарашада дүниеге келген. 2010 жылы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Көлік, көлік техникасы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда оның теміржол саласындағы еңбек жолы бұдан бұрын, 2004 жылы басталған.

Алғашқы еңбек жолын «Камкор Локомотив» ЖШС-де слесарь және аға шебер болып бастаған ол теміржол саласында мол тәжірибе жинақтаған. Кейін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі» Жамбыл пайдалану локомотив депосында тепловоз машинисінің көмекшісі қызметін атқарды. Өз ісіне ұқыпты әрі жауапты қарауының арқасында 2019 жылы Тараз оқу орталығында машинист курсын сәтті аяқтап, 2020 жылдың сәуір айында тепловоз машинисі болып жұмысқа кірісті.

Бүгінде ол осы қызметте еңбек етіп, жоғары кәсібилігімен көзге түсіп келеді. Сонымен қатар электровоз машинисінің 2-санаты бар. Осы салада жиырма жылдан бері абыроймен еңбек етіп келе жатқан Ғани Мәлікұлы бұл мамандықты таңдауының басты себебі – әкесінің жолын қуғаны екенін айтады.

– Әкем осы салада қызмет атқарды. Бала күнімде оның жұмысын көріп, теміржолшы болуды армандадым. Пойыздарға қарап, локомотивтерге қызығатынмын. Ақыры осы салаға келіп, машинист мамандығын игердім. Қазір ойласам, бұл менің ең дұрыс таңдауым болған екен. Біздің жұмыс темірдей тәртіпті талап етеді. Кестеден кешікпеу, қауіпсіздікті сақтау – басты міндетіміз. Кез келген ауа райында, күн демей, түн демей пойызды жүргізуге дайын болуымыз керек. Осы жағынан біздің жұмыс әскери қызметке ұқсайды. Себебі бізге де жоғары деңгейдегі тәртіп пен қырағылық қажет, – дейді Ғани Серікбаев.

Теміржол көлігі – ең қауіпсіз әрі сенімді көлік түрі саналады. Дегенмен, бұл салада жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Машинистер тек пойызды жүргізіп қана қоймай, оның техникалық жағдайын жіті қадағалап, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс. Олар әр сапар алдында локомотивтің техникалық жай күйін тексеріп, қозғалыс барысында белгіленген жылдамдық пен кестені сақтауға міндетті. Әрбір шешімнің жолаушылар мен жүктің қауіпсіздігіне әсер ететінін ескерсек, машинистердің рөлі ерекше маңызға ие.

Ғани Мәлікұлы өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап, әр сапарға мұқият дайындалады. Ол пойыз қозғалысының қауіпсіздігін сақтау, белгіленген кесте бойынша жүру және техникалық ақаулардың алдын алу сияқты маңызды міндеттерді мінсіз атқарып келеді. Оның кәсіби шеберлігі мен тәжірибесі әріптестері арасында жоғары бағаланады. атқарып қана қоймай, депоның қоғамдық өміріне белсене араласады. Ол әріптестерімен тәжірибе алмасып, жастарға тәлімгерлік етеді. Теміржол саласындағы жаңа технологиялар мен қауіпсіздік стандарттарын меңгеруге ерекше көңіл бөледі.

Техникалық білімін үнемі жетілдіріп, жаңа әдістерді үйрену арқылы өз біліктілігін арттыруда. Бұл тек жеке дамуға ғана емес, жалпы теміржол қозғалысының сапасын жақсартуға да ықпал етеді. Ғани Серікбаев Тараз – Қаратау – Жаңатас бағытында жүк пойызын жүргізеді. Ол зауыттардан шыққан жүктерді, азық-түлікті және басқа да тауарларды тасымалдаумен айналысады.

– Біз көбіне жүк тасымалымен айналысамыз. Зауыттардан шыққан өнімдерді, азық-түліктерді қажетті мекенге жеткіземіз. Күнделікті сапарымыз он екі сағатқа дейін созылады. Бұл – оңай жұмыс емес, бірақ мен өз мамандығымды мақтан тұтамын, – дейді машинист.

Ғани Мәлікұлы тек өз қызметін мінсіз Әріптестері оның еңбекқорлығы мен кәсібилігін жоғары бағалайды. Локомотив депосының машинисі Ернар Қыстаубай.

– Ғани – өз ісінің нағыз шебері. Ол тәжірибелі, білікті маман ғана емес, сондай-ақ әріптестеріне әрдайым көмектесуге дайын жан. Біз үшін сенімді әріптес болу – өте маңызды, өйткені теміржолда ең бастысы – қауіпсіздік. Ғани өзінің кәсібилігімен және адамгершілігімен бізге үлгі бола алады, – дейді.

Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны мыңдаған еңбеккерге серпіліс беріп отыр. Бұл бастама еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, олардың еңбегін насихаттауға бағытталған. Ғани Мәлікұлы сияқты өз ісіне берілген мамандар – осы саланың басты тірегі. Олардың қажырлы еңбегі ел экономикасының дамуына, теміржол саласының ілгерілеуіне зор үлес қосуда.

Ғани Мәлікұлы сынды өз ісіне адал машинистердің арқасында еліміздің теміржол көлігі сенімді, қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істейді. Бұл тек жеке еңбек жетістігі ғана емес, бүкіл теміржол саласының дамуына қосылған үлес.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар