«Болашақ» бағдарламасымен бірде-бір орманшы шетелде білім алмаған – Еділ Жаңбыршин
- авторjambylinfo.kz
- 12 ақпан, 2024
- 609
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Болашақ» бағдарламасы аясында орман саласының мамандарын даярлауды ұсынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Депутаттың айтуынша, қазір орман мекемелерінде кадр жетіспейді. Мысалы Шығыс Қазақстан облысының 13 орман шаруашылығында 747 орманшы қызмет етеді. Бұл нормативтің 70%-ы.
«Бір орманшының қамтитын аумағы 3 мың гектардай. Жүктеме үлкен. Бұдан басқа жалақы мен әлеуметтік қолдау сұрақтары, орман мекемелерінің қызметкерлерін орман өртін сөндіру тактикасы мен тәсілдеріне оқыту, сондай-ақ қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша сапалы даярлау жүйесінің болмауы өзекті мәселелердің бірі болып отыр», - деді Жаңбыршин мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Оның пікірінше, жоғары оқу орындарында «орман ісі» мамандығы бойынша гранттар санын арттыру қажет. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі оқу орталықтарының базасында орман өртін сөндіру станцияларының қызметкерлерін оқыту мен үйрету жұмысын қолға алғаны жөн.
Бұған қоса, депутаттың айтуынша, орман өртін болғызбау және оған қарсы күрестің заманауи әрі тиімді шаралары қолданылатын елдермен ынтымақтастық орнатып, олардың тәжірибесін қолдану керек. Ондай елдердің қатарына Түркия, Оңтүстік Корея, Канада, Балтық елдері және басқалары кіреді.
«Болашақ» бағдарламасы аясында орман саласы мамандықтары бойынша жоғарыда аталған елдерге жастарымызды оқуға жіберу қажет. Біздегі ақпаратқа сәйкес, «Болашақ» бағдарламасы аясында бірде-бір орман шаруашылығы маманы даярланбаған», - дейді Жаңбыршин.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«1 млн. 107 600 теңге»: Жамбылдық ұстаздар ақшалай сыйақыға ие болды
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024