сенбі, 16 қараша, 2024 3:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұялы байланыс болғанда Семей орманшылары тірі қалар еді – депутат

Ұялы байланыс болғанда Семей орманшылары тірі қалар еді – депутат
Сурет: ҚР ТЖМ
Былтыр Абай облысында өрт кезінде 14 орманшы қаза тапқан болатын

 

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров былтыр «Семей орманында» болған алапат өрттен орманшылардың қаза табуына ұялы байланыстың жоқтығы себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат цифрлық даму министрлігінің өкілінен орман шаруашылықтарында ұялы байланыс пен интернет қашан пайда болатынын сұрады.

«Абай облысында өрт шыққанда орманшылар ұялы байланыстың істемейтініне және орман ішінде интертенттің жоқтығына тап болған. Сондағы орманшылардың айтуынша, азаматтардың қайтыс болуына қолдарында ұялы телефонның болмауы себеп болыпты. Қазір министрлік орман ішінде және орман шаруашылықтарында ұялы байланыс пен интернет тарту үшін қандай нақты жұмыстар атқарып жатыр?», - деп сұрады Сайыров.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек мобильді байланыс қарапайым азаматтарға, ал құтқарушыларға арнайы радио байланыс қажет екенін айтты. Ведомство орман аумағындағы елді мекендерді мобильді байланыспен 2027 жылға қарай «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында қамтуды жоспарлап отыр.

«Елді мекендерден алыс орналасқан орман шаруашылықтары бар. Мұнда байланысты тек спутниктік технология арқылы орнатуға болады. Біз қазір пилоттық режимде 2 мың мектепке негеостационарлы спутниктік технология арқылы интернет береміз. Болашақта осы технологияны елді мекендерден шалғайдағы орман шаруашылықтарының пунктеріне таратуға дайынбыз», - деді Оразбек.

Вице-министрдің айтуынша, орман мен орман шаруашылығының өзін спутниктік те, қарапайым интернетпен де қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ ұялы байланыс операторларын төтенше жағдай кезінде жылжымалы мобильді станциялар ұсынуға міндеттейтін норма қабылдау жоспарланып отыр. Байланыс операторлары жылжымалы станцияны әрбір өңірде сатып алып, қажет болған жағдайда ТЖ құрылымына беруге тиіс болады. Алайда депутат Сайыров вице-министрдің жауабына қанағаттанбады.

«Мен нақты сұрақ қойдым, өкінішке қарай, жауап ала алмадым. Бұған дейін ТЖМ өкілі сұрақты цифрлық даму министрлігіне бағыттады. Енді вице-министрдің өзі нақты қандай жұмыс атқарылып жатыр деген сұраққа жауап бере алмай отыр. Сіздер неге бір-біріңізге сілтей бересіздер? Мен ертең орманның ішінен тағы өрт шықса, интернет пен ұялы байланыс бола ма, жоқ па деген нақты сұрақ қойдым. Өйткені біз орманда істейтін жұмысшылармен кездескенде олар айтты: ана жігіттердің қайтыс болып кеткен себебі –  телефон істемеді, сондықтан олар «біз осы жердеміз» деп хабар бере алмады. Міне, осы сұраққа кім жауап береді?», - деп ашуланды Сайыров.

Мәжілісменнің сұрағына экология министрі Ерлан Нысанбаев жауап беруге тырысты. Орманда ұялы байланыс жоқ екеніне шенеуніктің өзі де куә болған.

«Биыл күзде барғанда «Лесхоз» деген ауылда ұялы байланыс жоқ екенін көрдім. Байланысты халық пен үй санына қарай тартады екен ғой. Біз алдағы уақытта сіздің сөзіңізден кейін бірлесіп, нәтиже шығарамыз. Бірақ, шыны керек, адам саны жетпейтіндіктен орнатылмайды деген соң, біз мұны қоя қойғанбыз. Өзім барып жиналыс өткізгенде телефондарымыздың істемей тұрғаны шындық», деді Нысанбаев.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Абай облысында «Семей орманында» алапат өрт болды. Өрт Семей қаласынан 25 шақырым жердегі Батпаев орман шаруашылығында басталған. Апат салдарынан тілсіз жаумен күрескен 14 орманшы қаза тапты.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар