сейсенбі, 9 желтоқсан, 2025 22:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Буллинг балалардың көңіл-күйін қалай өзгертеді?

Буллинг балалардың көңіл-күйін қалай өзгертеді?
istockphoto.com
Бүгінгі қоғамда қауіпсіздік мәселесі тек көшедегі тәртіппен шектелмейді. Баланың өз ортасында, әсіресе мектепте өзін қалай сезінетіні – ата-ана мен педагогты ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдататын жайт. Соңғы жылдары елімізде де, әлемде де буллинг мәселесі жиі айтылып жүр. Мамандардың айтуынша, буллинг – баланың көңіл-күйін, мінезін, тіпті болашаққа деген көзқарасын өзгерте алатын ең қауіпті құбылыстардың бірі.

Осы ретте біз өз ортасында буллингке соқтыққан, яки ұшырасқан баланың эмоциялық күйі қалай өзгеретінін Жамбыл облысы білім басқармасына қарасты Психологиялық қолдау орталығының әдістемелік бөлім басшысы Рахат Қоныс мырзадан сұрап көрдік.

– Психологтар буллингтің ең бірінші әсері – баланың көңіл-күйінің төмендеуі екенін айтады. Құрдастарының мазағынан, шеттетілуінен немесе кибербуллингтен зардап шеккен бала үнемі мазасыз күйде жүреді. Таңертең мектепке барғысы келмей, әр сабақ оның үшін ауыр сынаққа айналады. Екіншіден, буллинг баланың өзін-өзі бағалауына соққы береді. «Мен әлсізбін», «Менде бір кемшілік бар» деген ойлар оның санасына ерте сіңіп, тұлғалық дамуына кедергі жасайды. Бұрын ашық-жарқын болған бала біртіндеп тұйықталып, өз ойын айтуға қымсынады. Үшіншіден, көңіл-күйдің бұзылуы оқу үлгеріміне де әсер етеді. Психологтар мұндай балалардың зейіні шашырайтынын, есте сақтау қабілеті төмендейтінін, сабаққа ынтасы азаятынын айтады. Яғни буллинг тек эмоциялық емес, танымдық дамуға да кері ықпал етеді, – дейді сала маманы.

Сонымен қатар, Рахат Болтайұлының айтуынша, буллинг құрбандары арасында депрессиялық күй, сенімсіздік, өзін жалғыз сезіну сияқты мәселелер жиі кездеседі.

– Тағы бір маңызды жайт – буллингтің салдарынан балалар әлеуметтік ортадан алыстай бастайды. Қоғамға, достарына, тіпті өз ортасына деген сенім жоғалады. Бұл баланың жалғыздыққа бой алдыруына, тұйық мінездің қалыптасуына әкелуі мүмкін. Мамандар эмоционалдық қысымның денсаулыққа да зиян тигізетінін айтады. Әсіресе бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, ұйқысыздық, іштің ауыруы секілді жағымсыз белгілер жиі кездеседі. Бұл – жүйкеге түсетін ауыр салмақтың көрінісі, – дейді облыстық Психологиялық қолдау орталығының әдістемелік бөлім басшысы.

Айта кетейік, 2024 жылы облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының бастамасымен құрылған аталмыш орталықтың негізгі мақсаты – өңірдегі білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтардың, ата-аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін қалыптастыру.

Орталықтың 2024–2025 жылдар аралығындағы атқарған жұмысының есептік баяндамасына зер салсақ, ауқымы өте үлкен. Мәселен, жасөспірімдер мен ата-аналар арасындағы депрессия белгілерінің алдын алу шараларының белсенділігін арттыру мақсатында «Жаныңда жүр жақсы адам» тақырыбында психологиялық айлық ұйымдастырылып (2025 жылдың 20 қаңтар – 20 ақпан аралығында), түрлі іс-шаралармен 231 900 оқушы, 18 125 педагог қызметкер және 110 256 ата-ана қамтылған.

Сонымен қатар, Орталықтың ұйымдастыруымен 2025 жылдың 14 мамырында «Бала тәрбиесі: қоғам назары және отбасы құндылықтары» тақырыбында ата-аналарға арналған форум да өткізілген.

Қорытындылай келе, буллинг – жай еркелік немесе баланың уақытша реніші емес. Бұл – баланың психологиясын өзгертетін, көңіл-күйіне, дамуына және болашағына әсер ететін күрделі мәселе. Сол себепті әр ата-ана баласының мінезіндегі өзгерістерді назардан тыс қалдырмауы керек. Ал мектептердің басты міндеті – әрбір оқушы өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру. Баланың жан дүниесі – нәзік. Оны қорғау – бәріміздің ортақ борышымыз.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар