Депутат: Аграрлық субъектілердің шамамен 98 %-ы мемлекеттік қолдау құралдарын нақты пайдалана алмай отыр
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 13:21
- 56
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарына ауылдық аумақтардағы шағын және орта бизнестің дамуына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Депутат келтірген статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда 2,38 миллион шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың шамамен 80 пайызы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына тиесілі. Ал нақты жұмыс істеп тұрған субъектілердің үлесі 91,6 пайызды немесе 2,18 миллионды құрайды. Бұл кәсіпкерлік әлеуеттің жоғары екенін көрсеткенімен, ауылдық бизнестің құрылымдық әлсіз тұстары әлі де сақталып отырғанын аңғартады.
«Соңғы бес жылда шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 32 пайызға өсіп, 2025 жылғы 1 шілдеде 4,4 миллион адамды құрады.
Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2005 жылғы 10,5 пайыздан 2024 жылы 38,9 пайызға дейін артты. Алайда бұл өсім ауылдық жерлерде негізінен сандық сипатқа ие болып қалуда, себебі еңбек өнімділігі мен табыстылықтың тиісті деңгейде өсуімен қатар жүрмейді. Ауыл шаруашылығы өнімінің шамамен 80 пайызы ұсақ тауарлы шаруашылықтар – шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар есебінен өндірілуде.
Бұл өндірістің бытыраңқы құрылымына, төмен тиімділікке және нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктің әлсіреуіне алып келуде», - деді депутат.
Сонымен қатар депутат ауылдық жерлерде орналасқан шағын және орта бизнестің дамуын тежейтін бірқатар жүйелі мәселелерді жіпке тізіп шықты.
«Біріншіден, ауыл кәсіпкерлерінің табысы төмен, субсидиялар бойынша берешек мәселесі шешілмеген, ал қолданыстағы қаржылай қолдау тетіктері күрделі әрі қолжетімсіз. Нәтижесінде, аграрлық субъектілердің шамамен 98 %-ы мемлекеттік қолдау құралдарын нақты пайдалана алмай отыр.
Екіншіден, ауылдық инфрақұрылым жеткілікті деңгейде дамымаған.
Өнімді сақтау және өткізу жүйелері әлсіз, жанар-жағармай, тыңайтқыштар, техника мен қосалқы бөлшектердің бағасы жоғары және қолжетімділігі төмен. Ветеринария, агрохимия, мелиорация сияқты сервистік қызметтер нашар дамыған, ал ауыл кәсіпкерлерін ақпараттандыру деңгейі төмен күйінде қалып отыр.
Үшіншіден, жер қатынастары саласында тұрақсыздық сақталуда. Жерді бонитерлеу жаңартылмаған, топырақ құнарлылығын арттыруға экономикалық ынталандырулар жеткіліксіз.
Төртіншіден, су шаруашылығы инфрақұрылымының тозуы, су жоғалтудың жоғары деңгейі және трансшекаралық өзендерге тәуелділік ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына елеулі қауіп төндіруде», - деп атап өтті Ерболат Саурықов.
Депутат халықаралық тәжірибеге де тоқталып өтті.
«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректеріне сәйкес, ауылдағы кәсіпкерліктің тұрақты дамуы кооперацияны дамыту, агрологистикалық инфрақұрылымды құру және маусымдық ерекшеліктерді ескеретін қаржыландыру құралдарын енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы шағын шаруашылықтардың өнімділігін арттыруда ирригацияға, агросервистерге және фермерлерге арналған консультациялық жүйелерге инвестиция салудың тиімділігін атап өтеді.
Ал Дүниежүзілік банк мемлекеттік қолдаудың тиімділігі тікелей субсидиялардан кепілдендіру, сақтандыру және ұзақ мерзімді қаржыландыру құралдарына көшу арқылы артатынын көрсетеді», - деді ол.
Осыған байланысты депутат Үкіметтен ауылдық аумақтардағы шағын және орта бизнесті дамыту саясатын кешенді түрде қайта қарауды, қаржылай қолдау құралдарын жеңілдетуді, агроинфрақұрылым мен агросервистік қызметтерді жүйелі дамытуды, жер және су ресурстарын басқару тетіктерін жетілдіруді, сондай-ақ ұсақ тауарлы шаруашылықтарды кооперациялау шараларын кеңейтуді сұрады.
Сауал соңында аталған мәселелерді шешу ауыл халқының табысын арттыруға, ауыл экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ел экономикасының теңгерімді дамуына серпін беретініне сенім білдірілді.
Ұқсас жаңалықтар
Ұлттық банк «Qazaq kúresi» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады
- авторСадуақас Айсұлу
- 15 желтоқсан, 2025




