Егемендік декларациясы – Азаттыққа жетудің алғашқы қадамы
- авторjambylinfo.kz
- 21 қазан, 2024
- 359
1990 жылдың дәл осы ұлы күнінде Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл – тәуелсіздікке бастар алып қадамдардың алғашқысы болды. Мұндай пікірді тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты Тарих және география кафедрасының аға оқытушысы Сейілхан Тоқболат айтты деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Тарихшының айтуынша, диклорация қабылданғаннан бастап, қазақ халқының тағдыры, мәдениеті, ұлттық құндылықтары ресми түрде мойындалып, жаңа ұлы дәуірге қадам басты.
«Еліміз өзінің егемендігін жариялап, мемлекеттілік пен ұлттық сананың қайта жаңғыруына жол ашатын қасиетті қағидаттарды айқындады. Осы тарихи құжат қабылданғаннан бастап, қазақ халқының тағдыры, мәдениеті, ұлттық құндылықтары ресми түрде мойындалып, жаңа ұлы дәуірге қадам басты.Бүгінгі таңда Республика күні – әр қазақстандықтың жүрегінде тәуелсіздікке деген шексіз мақтаныш сезімін ұялататын жарқын мерекеге айналды. Еліміздің еркіндікке ұмтылысы ғасырлар бойы сүрінбеген рухпен қанаттанып, сан қилы сынақтар мен қиындықтарға төтеп беріп, бүгінгі жеңіске жетеледі. Бұл мереке – халқымыздың рухының мәңгілік жаршысы іспетті»,-деді Сейілхан Тоқболат.
Сейілхан Тоқболат қазақ елі азаттық деген асыл қазынаға оңай жетпегенін, егемендік жолында жарқын кезеңдер мен қасіретті дәуірлерді де бастан өткеріп, өзінің ұлы тағдырын өзі жазған қаһарман ұлт екенін алға тартқан.
«Жалпы, әр халықтың өзінің мемлекет құру жолында шешуші тарихи кезеңдерімен ерекшеленеді. Бірі өзінің көсемдік жолын мақтанышпен насихаттаса, басқалары қиындықтарға толы қайғылы дәуірлерін жарқыратып көрсетеді. Ал біздің қазақ елі – жарқын кезеңдер мен қасіретті дәуірлерді де бастан өткеріп, өзінің ұлы тағдырын өзі жазған қаһарман ұлт. Көшпенділер дәуіріндегі айбатымыз төрткіл дүниеге белгілі болып, мызғымас түркі рухы қалыптасты. Дәлірек айтсақ, Ұлы Түркі қағанаты кезінде қазақ даласы өркениет пен рухани байлықтың алтын бесігіне айналды. Түркілердің бірлігі, әскери қуаты, әлемді мойындатқан мәдениеті, сол кезеңде қазақ даласының ұлылығын дәлелдеген кезеңдер еді. Сол кезеңде қалыптасқан түркі өркениеті қазақ топырағында мәңгілік із қалдырды Кейінгі Алтын Орда мен Қазақ хандығының ұлы дәуірлері біздің тарихи жетістіктеріміздің ең жарқын беттері деп айта аламыз. Ұлы далада мәңгілік мемлекет құруға тырысқан Ұлы ұлыстың ұлы хандары дәуірі Жәнібек пен Керей хандардың басқаруымен құрылған Қазақ хандығының алтын дәуірімен жалғасты. Бұл дәуірлерде халық саны артып, жеріміз кеңейіп, өркениетіміз әлемге одан әрі танылды»,-деді ол.
Тарихшы қазақтың арғы тарихына тоқталып, халқымыздың Ресей империясының боданына айналуын, Кеңес одағының сынақтарын бастан кешкеніне тоқталған.
«Тәуке ханның "Жеті жарғысы" – ұлттың заңдары мен дәстүрлерінің ұлы үлгісі, мемлекеттің негізін қалаған ұлы мұра еді. Алайда, уақыт өте келе біздің тарихымыздағы осы өрлеу кезеңін ұлы қиындықтар алмастырды. Ресей империясының боданына айналу, Кеңес одағының сынақтары сияқты бұл кезеңдерде халқымыздың тағдыры үлкен сынға түсті. 1930 жылдардағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіндер халқымыздың басына қара бұлт үйіріп, мемлекет түгіл, халқымыз жоғалып кету алдында тұрды. Бірақ осындай аса ауыр қиындықтарға қарамастан халқымыз рухын жоғалтқан ешқашан жоғалтқан емес. Осылайша 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанындағы қазақ жастарының ұлы күресі азаттыққа жетудің жолын көрсетіп берді»,-деді тарихшы өткен күндерді еске алып.
Сондай-ақ, Сейілхан Тоқболат 1990 жылы Егемендік Декларациясын жариялағанын, бұл – еліміздің жаңа дәуірге қадам басқан кезең болғанын айтады.
«Осылайша көп ұзамай, қазақ халқы өзінің аңсаған арманына жетіп, 1990 жылы Егемендік Декларациясын жариялады. Бұл – еліміздің жаңа дәуірге қадам басқан кезеңі болды. Егемендік Декларациясы Қазақстанның жері, табиғи байлықтары мен ресурстары тек қана қазақ халқының меншігінде екенін жариялап, мемлекетіміздің күш-қуатын анықтап берді. Халқымыздың рухани құндылықтары қайта жаңғырып, тәуелсіз Қазақстанның іргетасы қаланды.Қазақстанның Тәуелсіздікке қол жеткізуі – бүкіл әлемге халқымыздың ерлігі мен қайсарлығының мәңгілік ескерткіші. Бүгінгі Қазақстан – бейбітшілік пен тұрақтылықтың символы, әлемдік қауымдастықтың құрметіне ие елдердің бірі. Біз – ядролық қарудан бас тартқан алғашқы елміз, бейбітшілік пен ынтымақтастықты ту еткен ұлтпыз. Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан, тарихтың толқындарында небір қиындықтарды еңсеріп, өзін бүкіл әлемге танытқан қуатты мемлекетке айналды. Бүгінгі Қазақстан – бұл бейбітшіліктің, тұрақтылықтың және гүлденудің үлгісі. Халқымыздың бірлігі мен жасампаздық рухы бізді жаңа биіктерге жетелеп, болашаққа нық сеніммен қарауға күш беріп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанындай, «Республика күні – мықты мемлекет пен көзі ашық, көкірегі ояу ұлт қалыптастыруға бағытталған ұлы өзгерістердің символы». Бұл мереке – әрбір қазақстандықтың жүрегінде ерліктің, мақтаныштың, және тәуелсіздіктің мәңгілік жаршысы. Бүгінгі Қазақстан – дамудың шыңына жеткен егемен ел, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісі».Қазақстанның Егемендік Декларациясы – бұл еліміздің ұлы тағдырының бетбұрыс сәті, тарихтың мәңгілік алтын бетіне жазылған ұлы оқиға. Бұл құжат біздің халқымыздың ғасырлар бойғы азаттық үшін күресінің заңды нәтижесі, мемлекеттіліктің мызғымас іргетасы деп білуіміз керек. Егемендік Декларациясы қазақ халқының рухын, еркіндікке деген мәңгілік ұмтылысын паш еткен құдіретті үндеу іспетті. Ойымызды түйіндесек, Республика күні – бұл әр қазақстандық үшін ұлы күн. Ол біздің өткенімізді құрметтеп, болашаққа жол ашатын мәңгілік жарқыраған шамшырағымыз. Бұл күннің ұлылығы біздің тарихымыздағы ең биік шыңдарымызды бейнелеп, халқымыздың рухын асқақтатады. Егемендік біз үшін тек тарихтың бір беті ғана емес, ол біздің ел ретінде, ұлт ретінде, мәңгілік ел болып қалуымыздың мызғымас негізі. Тәуелсіздігімізді ұлықтап, ұрпақтан ұрпаққа аманат етер ең асыл мұрамызды сақтай білейік», -дейді тарихшы.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз